Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордадағы қаңтар қасіреті

06.01.2023, 16:00 188

HALYQLINE.KZ

Елімізде 2022 жылдың басында болған дүрбелең Қызылорда облысын да айналып өткен жоқ.

Жаңаөзендегі бейбіт митингіні қолдау шараларымен басталып, одан әрі әлеуметтік әл-ахуалды арттыру керек деген ұрандармен өрбіді.

Қызылорда қаласында 2022 жылдың 4 қаңтарында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен халыққа аталмыш әрекеттерінің заңға қайшы екендігі түсіндірілді.

Әрекеттерінің заңсыз екендігін түсінген бірқатар тұрғын заңға бағынып, сол жерден тарқады.

Дегенмен, қылмыстық пиғылды көздеген арандатушылар тобы түсіндірме жұмыстарын тыңдаудан бас тартты.

Жаппай тәртіпсіздік 2022 жылдың 5 қаңтарында «ArayCityMall» сауда үйінің алдында басталды.

Жаппай тәртіпсіздік барысында 5 (әкімдік, жергілікті полиция қызметі, полиция басқармасы, сот және «Аманат» партиясы) мемлекеттік ғимаратқа шабуыл жасалды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелерге тиесілі 52 автокөлік (полиция-24, әкімдік–18, сот-5, Ұлттық Ұлан-5) өртеніп, 70 автокөлікке зақым келді.

Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан мемлекетке 1 млрд 800 млн теңге көлемінде шығын келтірілді.

Жеке азаматтарға тиесілі 11 автокөлік өртеніп, 7-еуі зақымдалған (жалпы шығын – 37 млн).

Тәртіпсіздік барысында 9 кәсіпкерге келтірілген 32 млн теңге шығын қайта өндірілді.

Осы тәртіпсіздіктердің алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрған 5547 әскери бөлімінің сарбазы, Қарағанды облысының тумасы М.Қайсаров шабуылшылардың бағыттаған жүк көлігінің астында қалып, қаза тапты.

Бұл азаматтың отбасына мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіліп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды (қайтыс болғаннан кейін).

Жасалған қылмыстардың себептері мен егжей-тегжейін анықтау үшін Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша қылмыстық істер Арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды.

Ведомствоаралық тергеу тобы құрылып, оған өзге органдарының 100 қызметкері жұмылдырылды.

Іс бойынша процесс прокурорлары тағайындалды, олар жеткізілген әрбір адамның конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалады.

Тергеудің жан-жақты жоспары жасалып, жазбаша нұсқаулар беріліп, 1500-нан аса тергеу әрекеттерін жүргізді.

Қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысы бар екендігі бұлтартпас айғақтармен (бейнежазбалармен, куәлердің жауаптарымен, дене жарақатының сипатымен және ұялы телефонды қолдану нүктелерімен) бекітілген 190 (25-і қайтыс болған) адам күдікті ретінде танылды.

Тергеудің нәтижелері бойынша бүгінгі күні:

Жалпы 170 адамға (13-і полициямен тергелген, 157-і прокуратурамен) қатысты 40 іс (4-полиция, 36-прокуратура) сотқа жолданды.

Сотқа жолданған 167 адамға (13-і полициямен тергелген, 154-і прокуратурамен) қатысты 38 іс (4-і полициямен тергелген, 34-і прокуратурамен) бойынша айыптау үкімі қабылданды (4-бас бостандығынан айыру,118-шартты түрде, 27-шектеу және 6-өзге).

3 адамға қатысты 2 іс сот қарауында.

Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Рақымшылық туралы» заңына сәйкес 147 адам рақымшылыққа ілініп, жазасы жеңілдетілді.

Мемлекет басшысының заңсыз акциялардың қатысушылары және төтенше жағдай режимін бұзған азаматтардың кінәлілігіне қарай жазасын жеңілдету туралы тапсырмасын орындау мақсатында қадағалау шаралары қолданылуда. 

2022 жылдың 10-14 қаңтар аралығында заңсыз акцияларға қатысқаны үшін 131 адам, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 252 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оның 256-ы әкімшілік қамаққа алынып, 59-на айыппұл, 68-не ескерту берілген.

Прокуратура органдарымен әкімшілік жауапқа тартылғандардың жазасын жеңілдету үшін сотқа 97 апелляциялық өтінішхат келтіріліп, оның барлығы қанағаттандырылды.

Бұл ретте, 24 азаматтың айыппұл түріндегі жазасы ескертуге ауыстырылса, 73 азаматтың әкімшілік қамақ түріндегі жазасын өтеу мерзімі 10 күннен 5 күнге қысқартылды.

Қызылорда  облысының  прокуратурасы

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: