Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қылмыстық ахуал тұрақты

29.02.2024, 17:10 69

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ілияс Жұмағұлов облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді.

Ілияс Байжұманұлы атқарылған жұмыстың нәтижесі сараланған есептік кездесу барысында тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Халық алдында есеп беру кездесуін Ілияс Байжұманұлы ашып, жылдың басында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне тоқталды.

«Алқа мәжілісінде Президент «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін және заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс, – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. 

Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керектігін, құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиістігін, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет екендігін айтып, бұл мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді.

Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты деп, құқық қорғау органдарына құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді.

Сонымен қатар, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білетін полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Осы ретте, біздің тарапымыздан Мемлекет басшысымен алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуына, елімізде заң үстемділігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге бағытталған шаралар қабылдануда», – деді Ілияс Байжұманұлы.

Сонымен қатар, ол қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып өтті. Өткен жылы облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін сөз етті.

Қазіргі уақытта отбасыдағы зорлық-зомбылық тақырыбы – ең өзекті мәселелердің бірі. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасалуда. Өткен жылы облыс тұрғындарынан отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы 5156 арыз қаралып, 651 азаматқа ерекше талаптар белгіленіп, 2249 қорғау нұсқамасы шығарылды.

Қылмыстарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Қадағалау», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Профилактика апталығы», «Квадрат», «Алкоголь» профилактикалық шаралары ұйымдастырылды.

Тікелей эфир барысында өткен есеп беру кездесуі барысында Ілияс Байжұманұлы бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жасөспірімдер арасындағы қылмыстылыққа жіті тоқталып өтті.

Өткен жылы олармен жасалған 68 қылмыс тіркеліп, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 24-і – мектеп оқушысы, 52-сі – колледж студенті, 8-і – жұмыссыз немесе еш жерде оқымайтындар.

Түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, полиция есебіне 143 жасөспірім алынды. Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 10 сатушы анықталды. 

Бүгінгі тікелей эфир барысында Ілияс Байжұманұлы тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты. Сондай-ақ, тұрғындардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият зерделеп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатынын  жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: