Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорқаулар түнде жортады (болған оқиға ізімен)

08.12.2022, 11:00 246

…Бұл кезде Асау да өзінің Тасбөгет кентінде жұмысын­да дым болмағандай жүріп жатқан бола­тын. Сыбайластары Еркен мен Жаңалық іннен шыққан  тышқандай болып үйлерінен шығып тың тыңдап көріп еді, ешнәрсе болмағандай бәрі де бейқам екен. Олар  дымдары  ішінде, Асаудан хабар күтті. Бұл кезде ыстық жаз, одан кейін күз өтіп, қыс­тың  ызғарлы  күндері  де  келіп  жетіп  еді.

Көптен күткен Асау да келіп жетті. Қанға құнық­қан  үшеу қыстың қысқа күнін батырып оңаша кездесті. Асау оларға өзі барда ешнәрсе болмайтынын айтып мақтанып қойды. Өзімен алып келген ащы суды өңештеріне құйғаннан кейін сыбайластарына құлақ түрді. Олардың айтуынша, осы көше бойында өздерімен көрші тұратын ағайын­ды екі отбасы ертеректе Қытай асып елге келген оралмандар екен. Екі отбасының да үлкендері қарт адамдар көрінеді, сонау алпысыншы жылдары елге оралған ғой, соның кішісі екі бойжеткен қызымен тұрады, әйелі әлдеқашан қайтыс болған, жақында көп мал өткізіп, жаңадан үй салмаққа ақшасын үйін­де сақтап отырған көрінеді. Өзі сауатсыз, ақша­ны банкіге өткізуді білмейді екен, үйдегілерді байлап  тастап  ақшаға  қол жеткізуге болатынын айтып Еркен  мен  Жаңалық топ басшысына қара­ды. Бұны естігенде Асаудың көзі жайнап кетті. Көрші Жұмабай шалды  ауылға келіп-кетіп жүргенде  көретін,  бірақ  онда көп ақша болады деп ойламапты. Асау өз жоспарын құра бастады. Қасын­дағы серіктерінің атқаратын міндеттерін белгілеп беріп, түн  болып  ел  жата  жорыққа  шығуды  жоспарлады.

Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдың аяқ кезі, қаңтар айының орта тұсы болатын, сәске кезінде Арал қаласының тұрғындары, шет жақтағы Терешкова көшесінде Иманбаевтар отбасында болған жантүршігерлік оқиғаны түгел естіп болды. Жұмабайдың үйіне есігін бұзып кірген жауыздар үй ішіндегі  үш  жанды – әкесі  мен  екі  бойжеткен  қызын  өлтіріп,  қанға  бөктіріп кеткен.

Неткен жауыздық, ешкімге зәбірі жоқ аурушаң қарт әке мен өмірлерінің қызық кезін енді бастаған он екіде бір гүлі ашылмаған, өрімдей екі қыз не жазды екен? Жұрт теңселіп кетті, көше бойында, мекеме-мектептерде жиын өтіп, ішкі істер органдары қызметкерлерінен қайткенде қанішерлерді ұзатпай тауып, жазаға тартуды талап етті. Бұл жолы қылмыскерлердің алыстан келмегені белгілі болды. Қылмысты ашуға тағайындалған топ осындай тұжырымға келді, бес-алты ай бұғып жатқан қандықол қарақшылардың тағы да бой көрсеткені деп бағамдады. Арал, Арал болғалы бұндай сұмдықты естіген емес. Жұмабай қарт біреуден ілгері, біреуден кейін қоңыр ғана тірлігі бар, көп жыл кеңшарда мал бағып, түтін түтетіп, бала сүйіп, бейнеттің зейнетін енді көремін бе деп, бір-жар жыл бұрын қайтыс болған зайыбын жерлеп, осы аудан орталығына көшіп келгеніне де көп болмаған еді. Ондағы ойы, бірге туған Тілеген ағасымен көрші болып, ендігі жерде көзінің ағы мен қарасындай екі қызын оқытып, солардың қуанышына жетем бе деген арманы болатын. Биыл ғана жоғары оқу орнына түсіп, қысқы каникулға әкесі мен бауырын сағынып жеткен Ұлболған ару сол күні өз үйінде ажал табарын білді ме екен? Ал он екіде бір гүлі ашылмаған, орта мектепте оқып жүрген өрімдей Күлшәйдің кімге жазығы бар еді? Осындай шерлі, өмірде жолы ауыр болған Жұмабай қартты өлтіруге не себеп? Жасы­рып отырған байлығы жоқ, өмір бойы қойдың соңында  жүрген  адамда  не  болушы  еді?

Қандықол қарақшылар қанға бөккен үш мәйіт­тен басқа ешқандай із қалдырмаған, қылмысты қолдарына қолғап киіп жасаған секілді, кримина­лист сарапшының ыждағаттап қолтаңбаларын іздеген ісі нәтижесіз болды. Үйдің астан-кестені шыққан, іске асатын бірнәрсе іздегенге ұқсайды. Заттарды  ортаға  үйіп  өртеп, қылмыстарын жасыр­мақшы болған, алайда көрпелердің шеті шала жанып, сөніп қалыпты. Егер үй түгел өртеніп кеткенде  қандықол  қарақшылардың ізі белгісіз болып  қалмақ.

Үш бірдей жанның қандықол қарақшылардың қолынан қаза табуына байланысты аса ауыр қылмысты ашуға облыстық ішкі істер бақармасының бастығы, милиция полковнигі Е.Демесіновтың бұйрығымен жедел топ құрылып, Шахмардан Қалыбаев бастаған ең тәжірибелі қызметкерлер Аралға жіберілді. Оларға аудандық милициядан көпті   көрген,  талай   қылмыстың  бетін  ашқан  Әйтеке  Жәрімбетов  пен  Орынбай  Өтениязов, Марат  Әлиев  қосылды. Оқиға болған үйдің ауласын  мұқият  қараған  Орынбайдың назарын  дуал­ды  бойлай жүрген қар үстіндегі  көмескілене түскен бір  із  аудара берді. Одан әрі ізіне түскенде қан аралас  түкірік  тастағаны   анықталды. Демек, өкпе ауруы­мен ауырады деген сөз, ал өкпе ауруымен көбіне түрмеде болып келгендер ауыратыны  белгілі. Ол серігіне қылмыскердің бірі ұзын бойлы, сол  жақ аяғын сылтып басады екен деп  болжам  айтып, қадым­дарының  арасының  алшақ  екенін  және сол жақ аяқкиімінің  жерге  болар-болмас түскен ізде­рін көрсетті. Оған Әйтеке күліп, «сен Шерлок Холмс сияқты болжам айттың ғой» деп әзілдеп алғанмен, ойына  бірнәрсе  түсіп, ойланып қалды. Оның ойы­на  өткен  жылдары  тергеуші болып  жүрген  кезінде мал ұрлығымен барым­ташылардың  ішінде біреуі­нің аяғын сылтып басатыны  есіне  түсті. Алайда оның  аты-жөнін  есіне түсіре  алмады. Мұрағатты  ақтаруға  тура  келді. Ия, ол сол жерге жақын тұратын Еркен Сермағамбетов ғой. Алайда  оны  шақырып  жауап  алуға  ешқандай  негіз жоқ. Не істемек керек? Еркен астыртын бақылауға алынды. Ол бұрын арақ ішіп әркімге тиісіп жүретін болса, қазіргі кезде ешкіммен араласпай, томаға-тұ­йық жүретін болған. Ал оның қасынан бір елі қалмайтын Жаңалық тіпті көрінбейді. Өкпе аурулар диспансерінен алынған қан үлгісін оқиға болған жерден алынған Еркеннің қан аралас түкірігімен салыстырғанда бір тектес  болып шықты. Бұның өзі тергеу тобын үміттендіріп  қойды. Еркенді жауап­қа алса, мына­дай аса ауыр қылмыс­ты мойындамасы анық, әрі оның сыбайластарын үркітіп алып, олардың да бой тасалап кетуі кәдік. Жоғарғы жақ та «қылмысты ашпадыңдар» деп күнде қысып бара жатыр. Бұл қылмысты аша алмаса, милицияның да халық алдындағы беде­лі – бір  тиын.

Жедел топ Еркеннің бірге жүретін тобын анықтап, оларға әзір тиіспеуге, ал Еркенді мал ұрлығына қатысы бар деген желеумен ішкі істер бөліміне әкелуге ұйғарды. Өйтпеске амал жоқ, уақыт зымырап өтуде. Еркен таныс емес прокура­тураның тергеушісі Б.Аралбаевқа ашылып ешнәрсе айта қоймады. Осы аралықта оның ізіне та­ғайындалған сараптаманың да қорытындысы келіп, оқиға болған жердегі Еркеннің ізі екенін бекітті. Осыдан кейін ішкі істер бөлімінің басшылығы күзетте тұрған милиция қызметкерлеріне қамауда жатқан Еркенге үйінен келген жылы-жұмсақтарын алдырып, оның бір-жар өтінішін орындауды тапсырып, сеніміне кіруді тапсырды. Осыдан кейін бір-жар белгіленген милицияның оперативтік жұмыстары атқарылғаннан кейін жедел топ мүшелері Әйтеке Жәрімбетов, Орынбай Өтениязов, Марат Әлиев басшылықтан Еркен Сермағамбетовпен ашық сөйлесуге рұқсат сұрады.

Еркен бұрыннан таныс милиция ағаларын көргеннен кейін ғана ағынан жарылып, Жұмабай шалдың үйіне Асау бастап, Жаңалық үшеуінің барғанын, ойлары шалдың мал сатқан ақшасын тонау болғанын, алайда Асаудың уәдеге тұрмай Жұмабай шал мен кіші қызы Күлшәйді ұрып өлтіргенін, ал үлкен қызы Ұлжанды Жаңалықтың өлтіргенін, өзі сыртта тұрғанын, адам өлтіруге қатыспағанын айтып, зар қақты. Одан әрі қылмысты ашуға көмектескені үшін өзіне жеңілдік жасауды сұрап, Асау мен Жаңалықтың көзге түспес үшін бой тасалап жасырынып жатқан үйін көрсетіп берді. Тергеу­шілер Сермағамбетовтың аса ауыр қылмысты тез мойындай қойғанына күдікпен қарады. (Кейіннен белгілі болғандай Е.Сермағамбетовтың басқа да аса ауыр қылмыс­тарға қатысы белгілі болды. Ол сондықтан қатерлі сыбайластарынан безініп, оларды соттатып құтылмақшы  болған екен).

Қарақшылардың жасырынған үйі күні-түні астыртын бақылауға алынды. Көшеде қаңтар айының сары аязы қысып тұр. Үйден ешқандай түтін шықпайды, іште тіршілік иесі жоқ секілді. Селт еткен дыбыс жоқ, терезелер тас қараңғы. Сыртқы есікте үйде адам жоқ дегендей дәу қара құлып салбырап тұр. Шынымен де үйде адам жоқ сияқты, мынадай суықта от жақпай отыру мүмкін емес еді. Жедел топқа Сермағамбетов бұларды алдап, сыбай­ластарының  бой  тасалап кетуіне  жағдай  жасап, уақыт созу үшін жасаған айласы ма деген де ойлар келе бастады. Ал шабуыл жасап үйге терезе арқылы түссе, бір-жарының мерт болары анық. Асау мен қасындағы адам өлтіріп жүрген серігінің өліспей  беріспесі белгілі. Оның үстіне қолдарында қарулары бар. Басшылық бақылауды жалғастыра беруді тапсырды. Бақылауға алынған екінші түні ел жатқан уақытта кенет ауланың шарбағы сықыр етіп ашылғандай болып, бір көлеңке сырғып үйге жақындай берді, аспан ала бұлт. Бақылауда тұрғандарға «дайындалыңдар» деген үнсіз дабыл беріліп, келген адамға бәрінің назары аударылды. Көлеңке иесі терезеге тақап үш рет тықылдатып белгі беріп, одан кейін сыбдырсыз есік ашылып, бірнәрселерді беріп жатты. Күбірлеп сөйлесіп, одан кейін ақырын есік жабылып, келген адам сыртқа шықты. Оның ізінен байқатпай ерген оперативтік қызметкер әлгінің Асаудың үйіне барып кіргенін айтып келді. Енді қылмыскерлердің осы үйге жасырынғанына ешкімнің күмәні қалмады. Жедел топ келесі түні қылмыскерлерді осындай тамақ әкелген кезде бас салуды жоспарлады. Ертеңіне түн ауа кешегі адамның әрекетін қайталап бір бейне терезені тықылдатты, іштегілер есікті аша бергенде ұстаушылар тобы қару кезеніп ішке лап қойып, қаннен-қаперсіз тұрған адам бейнесіндегі қанішерлерді ешқандай  ойлануға  мұрсат  бермей  қолға  түсірді.

Асау мен Жаңабай аса ауыр қылмысты мойындай қоймады. Еркенмен беттестіріп жауап алғанда екеуі де «сына» қоймады. Ал олардың қылмысын дәлелдейтін дәлелдемелер жоқтың қасы, қылмыс болған жерде ешқандай із қалдырмаған, қылмыс құралдары пышақ табылмады. Үйлеріне тінту жүргізгенде айғақ болатындай еш нәрсе қолға ілінбеді, тек Асау үйінен табылған мылтық оқтарынан басқа. Көршілер ешнәрсе естіп, білмеген. Басшылық қулық жасап, «Еркенді ешқайда кетпеу тура­лы қолхатпен босатайық, сол кезде өздерін ұстап беріп отырған Еркен екенін білгеннен кейін Асау мен Жаңабай ашуға беріліп, бір қадамдарға баруы мүмкін және қамауда бірге болса басты куәні ана екеуінің өлтіріп жіберуі мүмкін» деп шешті. Шынында да солай болды. Еркеннің босанып кеткенін білген Асау тордағы арыстандай тісін қайрап, не істерін білмей жанталасып бақты. Бірақ бостандықта жүрген Еркенді өлтіруге оның қолы жете қоймады. Талайды көрген қандықол қылмыс­кер Асау бұрын бір рет тордың ар жағында болып келген, енді өзін не күтіп тұрғанын жақсы білетін. Содан да болу керек, ол кезекті жауап алу кезінде тергеуші Б.Аралбаевқа өткен жылы тамыз айында Арал қаласының шет жағында «Жигули» көлігіндегі екі адамның бірін Еркеннің, екіншісін өзінің атып өлтіргенін айтады. Оған сене қоймаған тергеушіге қылмыс құралы мылтықты Еркен екеуінің бір жерге жасырғанын айтып жауап берді. Оның жауабын тексеру кезінде ол қылмыс болған жерді дәл көрсетті және жасырған жерінен мылтықты тауып берді. Енді Асаудың айтқанына сенбеске амал қалмады. Бостандықта жүрген Еркенді Асау­мен беттестіріп жауап алғанда Еркен бұлтақтап баққанмен сараптамадан мылтықтан қолының ізі табылғаннан кейін жасаған қылмысын мойын­дамасқа амалы қалмады. Оны өздерімен бірге алып кету үшін Асау мен Жаңабай жанталасып бақты. Табылған мылтыққа сот баллистикалық сараптама жүргізгенде, Святухоның денелерінен алынған оқ осы мылтықтан атылған деп қорытынды берді. Оның үстіне Асау үйінен алынған патрондар да айғақтай түсті. Оқтарды тығындаған қағаздар мен оқиға болған жерде атылған оқтан ұшқан тығындар бір тектес болып шықты. Еркен дереу қамауға алынды.

Сот залында Асау Есқараев тобының жасаған жауыздығын естіген жұрт жағасын ұстады. Әкесі мен апасының көзінше жантәсілім еткенін көрген қорғансыз Күлшәй көршісі болып келетін, қолынан қан ағып, көзі қанталап кеткен Асау «ағасының» аяғын құшып, «өлтіре көрмеші» деген жалынышын тыңдамай бейкүнә қыздың басына ауыр темірмен бір-ақ ұрып о дүниеге аттандырып жіберген.

Осылай бес адамның өмірін қиған жауыздарға сот әділ үкім шығарып, Асау Есқараев мен Еркен Сермағамбетовке өлім жазасы, ал Жаңабай Сатжановты 15 жылға бас бостандығынан айыруға жаза кесті. Жазықсыз жандардың бейкүнә төгілген қандары жібермей көп ұзамай асқынған өкпе ауруынан Еркен мен Жаңабай жаза өтеу орнында үкім орындалғанша бірінен соң бірі ажал құшты. Ал осы қылмыстарды ұйымдастырушы қанішер Асау Есқараевқа үкім Алматы қаласында орындалып, атылды.

Содан бері талай жыл өтті, «уақыт – емші» дейді ғой, алайда сол бір осы шектен тыс жауыздық оқиғасы Арал халқының есінен кетпейді. Осы қылмыстарды ашуда басшылық жасаған отставкадағы полковниктер Арыстан аға Аширов Қызылорда қаласында, И.Шегай Алматы қаласында тұрады, Шахмардан Қалыбаев ерте қайтыс болып кетті, ал қылмысты ашуда аянбай еңбек еткен отставкадағы подполковник Әйтеке Жәрімбетов, майор Марат Әлиев (марқұм) Арал қаласында, отставкадағы подполковник Орынбай Өтениязов Ақтөбе қаласында бейнеттің зейнетін көріп, құрметті дема­лыста  жүріп  жатыр.

Байтақ  СҮЛЕЙМЕНОВ,

отставкадағы  полиция  полковнигі

(Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: