Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚМДБ «Zam-Zam Qazaqstan» компания басшысын сотқа берді

29.06.2023, 11:37 356

HALYQLINE.KZ

Құрбан айт қарсаңында әлеуметтік желіде қажылыққа барғандарың қажып отырған видеосы желдей есіп кеткені белгілі. Видеода «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы 120 адамға жалған виза жасатып, қажылығын өтеуге апарғандарды Сауд Арабиясының полициясы Меккенің қасында қамауда (автобуста – авт.) ұстап отырғаны айтылады.

Бұл іске куәгерлердің бірі қажылықты өтеу үшін 3 млн теңге жуық қаражат төлеген. Компания директоры Данияр Илиевтің айтуынша, қажылықты өтеушілерге визаны мүфтияттың адамы жасатқан.

– Ұсталған екі автобустағы қазақстандықтардың қолындағы жалған визаны мүфтияттағы қандай адам жасатқаны белгісіз. Бізді жығып салып отыр. Ұзақ зерттелуі керек мәселе, – дейді Данияр Илеев.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының басшысын сотқа беретіндігін жариялады. Оған «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жабуы себеп болған.

– Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуда. «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан «Zam-Zam Qazaqstan» (Zam Zam store)  компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады., – дейді ҚМДБ баспасөз қызметі.

Қажылық парызын өтеушілер

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленуші адамдардан шағым түсірушілер көбейген. Оларда компания өкілдерінің жауапкершіліктен құтылып кетеді деген күдік басым.

– Діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа  апарған «Zam-Zam Qazaqstan» директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсуде. Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз, – деді баспасөз қызметі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: