Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасқырға қой бақтырып келіппіз

27.04.2023, 12:40 172

Қалтқысыз қызмет қылып жүр деген Мәсімов міз бақпастан Отанына опасыздық танытты. Кешегі «қанды қаңтардың» негізгі ұшы Мәсімовтың тікелей бақылауында болған.  Ұлтымыздың ұлылығы ғой, «жау жоқ деме, жар астында» деген сөзі бар. Дәл осының керін келтірген Кәрім Мәсімовке жүргізілген сот ісінің нәтижесі бойынша оған мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылды. Сөйтті де 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Қанша жыл қасқырға қой бақтырып келіппіз.

Астана қаласының қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ауданаралық соты  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осындай шешім шығарды. Айтпақшы онымен бірге «экс-КНБ»-ның «сенімді сыбайластары» А.Садық­ұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке де үкім шықты. Нәтижесінде А.Садықұлов – 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптар­ға сәйкес – 15 жылға, ал М.Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы­мен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді олар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шенінен және мемлекет­тік наградасынан айырылады. Мұнан бөлек, сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мәсімов ісі аса құпия түрде тергеліп, зерделенді. «Қаңтар оқиғасы» кезінде Кәрім Мәсімовтің бұйрығымен ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тас­тай сала табанын жалтыратқан. Бас прокурор Берік Асылов оның «қаңтар оқиғасын» ұйымдастырушылардың ең басында тұрған адам деп айтуға әбден болатынын жеткізді.

Мәсімовтің тәркіленген мүлкінде есеп жоқ. Қанды қырғын ұйымдастырудан бөлек, пара алу фактілерінен де ада қалмаған сыңайлы. ҰҚК мәліметінше қазақстандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталған. Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімов Ұлттық қауіп­сіздік комитетін басқарған тұста 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алған. Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болған кезінде бизнес-құрылымның бірінен Астанада құны 2,5 млрд теңгеге бағаналатын элиталық тұрғын  үй мен жер телімін алды деген ақпарат бар. Былтыр ұсталғаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – аса қымбат сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқа да құнды заттар алынды. Бұдан басқа, бизнес санат­тағы 11 қымбат автомашина тәркіленген. Астана қаласындағы екі элиталық пәтеріне, Алматы қаласындағы 2 пәтер мен жеке сарайына, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы  аймағы  көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды. Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ  долларының  шеті  шыққан.

Иен байлықтың иесіне айналып, ол аз болғандай түгел бір елді төңкеріп жібергісі келген жоспары іске аспай қалды. Нәті жуас, ниеті таза қазақ елінің киесі оның осындай опасыздығынан сақтаған шығар. Жер астынан шыққан жіктей бір мезетте ынтымағы ұйысқан елдің ойранын шығарғанның түбі – түрме. Өмірдің  әділдігі – осы.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: