Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Педофилдердің көбі дінді қалқан еткісі келеді

18.01.2024, 10:20 335

Миржан   МЕҢДІҒАЛИЕВ,  әділет  майоры:

Орал  өңіріндегі  қауіпсіздігі  жоғары  №28  мекемеде  730  сотталған  бар.  Соның 103-і кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық қатынасқа тартқаны үшін сотталған. Бұл дегеніңіз бір жабық мекемедегі жазасын өтеушілердің 14%-ы моральдық азғындыққа ұшырағанынан хабар береді. Осы №28 мекеменің аға инспектор-психологы, әділет майоры Миржан Меңдіғалиев қауіпсіздігі жоғары орындағы сотталғандарға сауалнама жүргізіп, жеке істерді зерттеу барысында «Педофилдердің негізгі бөлігі – ауылдық жерлерден» деген ұйғарымға келген. Алайда аға инспектор бұл тұжырымды біржақты растайтын дәлелдер мен зерттеулер  жоқ  екеніне  тоқталды.

– Миржан Қайыржанұлы, педофилдердің азғындық жолға баруына не себеп?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себе­бі педофилия – психологиялық, биоло­гиялық және әлеуметтік аспектілерге ие күрделі құбылыс. Оған көптеген фактор әсер етеді. Мәселен, педофилдерде психологиялық және психиатриялық аспектілер болуы мүмкін. Кейбір педофилде әдеттен тыс немесе зиянды жыныстық артықшылықтарды қалыптастыратын парафилдік бұзылыстар кездеседі. Сонымен қатар олардың балалық шақта зорлық-зомбылық құрбаны болуы да оның бойында педофилдікке бейімдікті арттырады. Нейрофизиологиялық зерттеулер бойынша ми мен жүйке жүйесіндегі өзгерістер жыныс­тық құмарлықтың дамуында да рөл атқаруы мүмкін. Сондай-ақ кейбір әлеуметтік-мәдени факторлар, соның ішінде порнографияны шамадан тыс көру немесе жыныстық қатынас­тағы жағымсыз тәжірибелер педофилияның қалыптасуына  әсер  етуі  мүмкін.

Педофилияның дамуы көп қырлы болғандықтан, бірнеше аспектіні қамтиды. Бұл мәселені зерделеу ғылымның әртүрлі саласында байыпты  зерттеуді  қажет  етеді.

– Педофилдердің ең ауыр және ең аз жаза арқалағандары  қанша  жылға  сотталады?

– Біздің мекемеде педофилия бойынша сот үкімімен жиырма бес жылға бас бостандығынан айырылған азамат жазасын өтеуде. Ол бірнеше жыл бойы бірге тұратын 12 жастағы өгей ұлына кісі өлтіру қаупімен жыныстық зорлық-зомбылық жасаған. Одан кейін жылдар бойы бірге тұратын әйелінің сегіз жастағы өгей қызын да зорлаған. Ең сорақысы, қылмыс­кер барлық жыныстық зорлық-зомбылық пен зорлау әрекеттерін телефонға түсірген. Ағайын­ды болып келетін ағалы-қарындасты бауырларға мәжбүрлі түрде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін бес жылдан аса уақыт жасатқан. Ал бұл оқиға өгей баласының өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін ғана анықталды.

Ал мекемедегі ең аз мөлшердегі жазасын өтеуші екі жыл алты айға сотталған. Ол 2019 жылы 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен. Бұл оқиға қыздың келісімімен болғанымен, қылмыскер жасөспірімнің кәмелеттік жасқа толмағанын біле тұра, жыныстық қатынасқа  тартқан.

– Педофилдердің психологиялық портретіне тоқталсаңыз. Оларға не жетіспейді?

– Көбінесе жыныстық сипаттағы зорлық-­зомбылық әрекеттері жыныстық қажеттілікті қанағаттандыруға деген ұмтылыстан туады. Порнографиялық сайттар, журналдар және басқа да ақпарат көздері сияқты көптеген ақпараттың қолжетімділігі қылмыскерлердің кейде өз қажеттіліктерін қанағаттандырудың бұрмаланған тәсілдерін қолдануына итермелейді. Соның негізінде олар кәмелетке толмағандарға заңсыз әрекеттер жасайды. Мұндай жағдайлар жыныстық қатынастар мен қажеттіліктер туралы бұрмаланған түсініктердің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл – менің жеке пікірім.

Сонымен қатар қылмыскердің жеке басының психологиялық ерекшеліктеріне де мән беру керек. Олардың кейбіреулері үшін жыныстық зорлық-зомбылық тәжірибесі қажеттіліктің артуына әкеліп соғып, тіпті сол қажеттіліктерді қанағаттандырудың жалғыз әдісіне айналған.

– Қоғамда  педофилдер  санының артуын немен байланыстырасыз? Химиялық кастрация қылмыстың қайталанбауының  басты  шешімі  ме?

– Педофилдердің көбеюі бірнеше факторға байланысты. Атап айтсақ, әлеуметтік ортадағы өзгерістер, ақпарат пен интернеттің қолжетімділігі, психологиялық аспектілер немесе балалық шақтағы зорлық-зомбылық тәжірибесінің әсері. Осындай қауіптердің алдын алу және балаларды қорғау бойынша тиісті зерт­теулер мен жұмыстар жүргізу маңызды.

Химиялық кастрацияның тиімділігі туралы мәселе даулы болып қала береді. Кастрацияны қолдайтындар бұл жыныстық құмарлықты және жыныстық иммунитетке қарсы қылмыстардың қайталануын төмендетуі мүмкін екенін алға тартады. Алайда екінші тарап бұл әдіс қылмыстың түпкі себептерін шешпейтінін айтады. Себебі педофилдер үшін негізгі болуы мүмкін психологиялық немесе әлеуметтік құбылыс­тар  сол  күйінде  қалады.

Менің ойымша, химиялық кастрация – қылмыстың қайталануының алдын алудағы кешенді әдіс. Бірақ бұл толық шешім емес. Тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін оны психологиялық көмекпен, оңалтумен және әлеуметтік  қолдаумен  біріктіру  маңызды.

– Педофилдермен күрес бағытында немесе осы қылмыс түрін азайту мақсатында қандай жаңа  ұсыныс  бар?

– Еліміздегі педофилиямен күрес өзге елдердегідей, ең алдымен, заңнамалық деңгейде кешенді тәсілді талап етеді. Нақтырақ айтсақ, балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан және қатыгездіктен қорғау туралы заңдарды барынша күшейтіп, соның ішінде педофилдер үшін  қатаң жазаларды тиімді қолдануымыз керек.

Екіншіден, қылмыстың алдын алу мақсатында балаларды қауіпті жағдайларды анық­тауға, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлыққа үйрену­ге және зорлық-зомбылықтан қорғануға  бейімдеп, мектептер мен оқу орындарына осы мазмұндағы білім беру бағдарламаларын  енгізуіміз  керек.

Үшіншіден, педофилдердің құрбаны болған балаларға психологиялық қолдауды күшейтіп, қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге педофилия үшін айыпталған адамдарға арнайы оңалту бағдарламаларын құру  қажет.

Сондай-ақ әлеуметтік құралдар арқылы күдікті  әрекеттерді ерте анықтау, құрбандарды қолдау және оларды қоғамдағы ықтимал қауіп белгілеріне жауап беруге үйрету де қаперге алынғаны жөн. Педофилиямен тиімді күресу үшін мемлекеттің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың және халықаралық  құрылымдардың  бірлескен  күші  өзекті.

– Педофилдерге қатысты басқа не айтасыз?

– Балалардың жыныстық қол сұғылмау­шылығына қарсы қылмыстары үшін соттал­ғандардың көпшілігі тергеу изоляторында болған кезде намаз оқып, діни рәсімдерді ұстанады. Олар бұл өздерінің діндарлығын көрсетіп, басқа тұтқындардың немесе мекеме қызметкерлерінің теріс көзқарасынан қорғауға көмектеседі деп үміттенеді. Алайда түрмедегі терроризм мен экстремизм үшін сотталғандардың көпшілігі дәстүрлі дінді ұстанбайды. Керісінше, бұл жағдай радикалды көзқарастарға, соның ішінде радикалды сенімдері бар педофилдердің көбеюіне ықпал етеді. Нәтижесінде дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатын, сонымен бірге педофил болып табыла­тын сотталған адам­дардың  қалыптасуы  мүмкін.

Жеке жұмыс тәжірибемде көптеген қыз өзінің бастан өткен оқиғаларын айтады. Ағалары, әкелері, туыстары тарапынан бала кезінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері болғанымен, оның зардабын көбіне ересек шаққа өткенде түсінеді. Соны­мен  қатар еліміздегі менталитетке сәйкес балалардың басына мұндай қауіп туған күн­нің өзінде үй-іші мұны көпшіліктен жасыру­ға тырысады. Әлеуметтік-мәдени нормалардың аясында «көршілерден, туыстардан ұят бола­дыға» салып, қасаң қағидалармен жүреді. «Ауруын жасыр­ған өледі» демекші, балаға қатысты мәселелерді ауыздықтамай, қоғамның жарасын  ашық  айтқан  дұрыс. Бұл өз кезегінде басқа да балалардың қауіпсіздігіне, сақтанып  жүруіне  мүмкіндік  туғызады.

Сұхбаттасқан

Гауһарай  ЕСІМОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: