Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституция – кемел келешегіміздің кепілі

29.08.2022, 12:00 519

HALYQLINE.KZ

30 тамыз – халқымыз үшін аса маңызды тарихи күн. Себебі, осы күні бүкілхалықтық референдумда тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді айғақтайтын басты құжат, тұғырлы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

Еліміздің тәуелсіздігін бекітіп, бүгінгі заманғы ұстанымына бастау болып, заңдарымыздың негізін салған Ата Заңымыздың қабылданғанына да 27 жыл болыпты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда болып жатқан барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтар құқығының сақталуы, демократиялық құндылықтардың барлығы осы заңның аясына топтасқан.

Ең қымбат қазынасы адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығып келе жатқан Қазақ елінің жетістіктеріне бүгінде әлем назар аударуда.

27 жыл ішінде Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заман талабына сай дамуға бет алған Қазақстан үшін уақыт ағымына қарай икемделіп отыру аса маңызды. Сондықтан да, Ата Заңымызға бұған дейін енгізілген түзетулер өзінің негізділігін, әрі уақытылы қабылданғанын дәлелдеп келді.

Дегенмен, қазір әлем күн санап өзгеріп жатыр. Халықтың талап-тілектері мен сұранысының да сипаты өзгеруде.

Осыған орай, биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 8 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені барлығымызға мәлім.

Дана халқымыз «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Парламенттің рөлін, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге бағытталған өзгертулер Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз. 

Барлық қазақстандықтардың мүддесін көздің қарашығындай сақтауға бағытталған Ата Заңымызға енген басты өзгерістердің бірі Конституциялық соттың пайда болуы.

Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Демек, енді кез келген азамат Конституцияда көзделген құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алатын болады.

Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертіп, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді деп сенемін.

Сондықтан, барша қазақстандықтарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрып, Ата Заңымыздың игілігі арта берсін демекпін!

Камшат Садуақасова,

Арал аудандық сотының төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: