Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көлеңкелі» қылмыс экономикамыздың «айнасын» шытынатып тұр

04.08.2022, 12:00 312

Өкінішке қарай, фильмнің мазмұны өмірден алынады. Сол себепті жоғарыдағы сөздер өмірдегі кей жағдайды айқындап тұрғандай. Ақшасы барға заң жоқ, ақшасы жоққа заң қатал емес пе? Десе де, қылмыстың аты – қылмыс. Қолыңды лас іске былғап, оны сүртіп, одан қашып құтылу мүмкін шығар. Алайда оның да жауап берер күні туар. Бүгінде қылмыстық істер елімізде жетерлік. Бір сала басын тік көтеріп, бізде бәрі таза деп айта алмайтын күнге жеттік. Мәселен, облысымызда биылғы 6 айда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде 41 қылмыстық іс болды.  24 істің өндірісі аяқталып,  15 қылмыстық іс сотқа жолданды. Келтірілген залал – 1 миллиард  862 миллион теңге. Оның 881 миллион теңгесі өндірілген. Әңгіменің әлқиссасын айттық. Енді департамент басшысы Бақыт Қайшыбеков сөзімізді сабақтасын. Ол өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бүй деді.

– Аймағымыздағы жедел жағдайға жалпы талдау жаса­сақ, құқықбұзушылықтардың тіркелуі алдыңғы жылдарға қарағанда төмендегені байқалады. Бірақ бұл – қылмыс азайды деген сөз емес. Қазір біздер саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстанымымен жұмыс істейміз. Яғни, залал мөлшері көлемді (50 млн-нан жоғары) және бұған дейін жедел-іздестіру іс-шаралары толық жүргізілген қылмыс­тық істерді анықтауға басымдық беріледі. Аса ірі емес құқықбұзушылықтар бойынша материалдар қаржы органдарына тексеруге ұсынылады, яғни салықтық әкімшілендіру шеңберінде  қарастырылады, – деді  департамент  басшысы.

Қылмыс әлемінің көлеңкелі кей тұстары күнгейге шықпай жүр. Сондықтан экономикамызға үлкен залал келтіруде. Әсіресе криминалды қаражатты қолма-қол ақшаға  айналдыру  белең  алып тұр. Олардың негізгі мақсаты – салық төлеуден жалтару. Департаменттің мәліметінше, өткен жылдармен салыстырғанда осы саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар өскен. Алты айда жалған шот-фактуралар жазу арқылы ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдыру фактісімен 7 қылмыстық іс тіркеліп, ондағы 5 істің тергеуі аяқталып, сотқа жолданды. Келтірілген  залал  мөлшері – 797  миллион  теңге.

Мұндай келтірілген залалдардан экономикамыздың «айнасы» шытынамай ма? Сосын сыртқы сауда қазанына ас пісіріп, отына аяқ жылытып жүрмеске амал нешік? Сыр өлкесі мұнайлы өңірлердің бірі ғой. «Көп болған соң, алғанымыз білінбейді» дейді ме екен? Әйтеуір мұнай өнімдері­нің заңсыз  айналымына қатысты қылмыстар азаймай тұр. Жыл басынан бері департаментте осы бағытта 3 іс тіркеліпті. 2 істе өндіріс аяқталып, сотқа жолданған. Экономикалық қылмыстардың тағы бір басым бағыты – бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне қатысты. Осы жылдың 6 айында 234 миллион теңге көлемінде залал келтіріл­ген  4  қылмыстық  іс  тіркелген.

– Экономикалық қылмыстарды ха­лық­тың әлеуметтік жағдайынан бөліп қарауға болмайды. Экономикалық өсу мен дамуға тосқауыл болатын әрбір қылмыстық іс-әрекеттің қоғамға және адамдарға залалы орасан. Сондай қылмыстардың бірі – заңсыз ойын бизнесімен  байланысты. Заңсыз ойын ұйым­дастыру бойынша жыл басынан бері  6 қылмыстық іс тергеліп, оның 5-еуі  аяқталып,  сотқа  жолданды. «Онлайн казино» ұйымдастырушылар сот  шешімімен  тиісті жазаларын алуда.  Аяқталған 5 іс бойынша 82 монитор, 77 процессор, 10 ойын терминалы, 6 телевизор, 4 касса аппараты, 4 бейне­регистр және 1 миллион теңге ақшалай қаражат айналымнан алынды, – деді Бақыт  Сапарғалиұлы.

«Мүйізді» мәселе күннен-күнге өршіп бара жатыр. Тіпті өзге мемлекеттен контрабандалық жолмен халық тұтынатын тауарлар әкелу фактісі анықталыпты. Барлығы 43 мил­лион 299 мың теңге тұратын тауарлар Өзбек­стан Республикасынан алынған. Жалған мәлімдеме жасау жолымен келтірілген залал 22 миллион 799 мың теңгені құрап отыр. Тергеу барысында ісі мен сөзі қабыспаған күдіктінің 19 миллион теңгенің тауарына арест қойылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде. Сол себепті заң бойынша мәселенің  жай-жапсарын біле де, айта да  алмайтынымыз  хақ.

Департамент басшысының айтуынша, әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде тарифтерге жұртшылықтың нараз­ылығы көп екен. Департаментпен «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның лауаз­ымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚК-нің  221-бабы 2-бөлігімен қылмыс­тық іс тіркелген болатын. Заңсыз моно­полистік қызметтен түскен 2,3 миллиард теңге қаражат заңдас­тырылып, кәсіпорынның заңды айналымына кірістелген. Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне белгіленген тарифтерге өзгеріс­тер енгізу туралы ұсыным жасалып, нәтижесінде табиғи газ бағасына тариф төмендетіліпті.

– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы жеке және заңды тұлғалардың газ тарату жүйелеріне табиғи газды тасымалдау қызметін табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 22.11.2019 жылғы №44-НҚ санды бұйрығымен белгіленген әрбір 1000 м³ көлемге 5 941,35 теңге көлеміндегі тарифте көрсету керек бола тұра, әрбір 1000 м³ көлемге 9 083,51 теңгеден қызмет көрсетіп отырған. Тергеу барысында, ҚПК-нің 200-бабының талаптарымен ұсыным беріліп, нәтижесінде әрбір 1000 м³ көлемге 3 320,45 теңге өтемдік тариф белгіленді. Ол 2022 жылдың 1 тамызынан қолданылатын болады, – деді  Бақыт  Қайшыбеков.

Сондай-ақ, қаржы пирамидасы мен интернет-алаяқтық қарқын алып келеді. Елімізде «кемпір беріп, қыз аласың» деген көзқарас қалыптасып қалған. Қаншама рет «жолама» десең де, алаяқтардың есігін қағып жүргендердің бары сөзсіз. Департамент қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыс­тарының нәтижесінде облысымыздан «ROGNEDA» және «Не работа» деген компанияларды құрықтапты. Бұлардың азаматтардан «Каспи голд» арқылы аударым қабылдау жолы­мен жиналған қаражат көлемі 89,6 мил­лион теңгеге жеткен. ҚР ҚК-нің 217-бабы­мен тіркелген екі іс материа­лы тергеу реттілігімен, облыстық поли­ция департаментіне және Түркістан облысы бойынша  ЭТД-не  жолданған.

Айта кету керек, жауапты маман­дар­дың көзіне көрінбейтін қаржы пира­мидалары жеткілікті. Студенттер­дің көбі «QNET-тің» қармағына түсіп, кредит алып, оны төлеп әлекке түседі. Алайда бұл компаниялардың қызметкерлерін ешкім де «алаяқ» деп танып жатқан жоқ. Әйтпесе Малайзиядан бастау алған компанияның өңірімізде бірнеше филиалы бар. «QNET-ті» «мемлекет»  деп алсаңыз, оның «MIR», «DIAMOND» тағысын тағы «облыс­тары» бар. Бәрінің «бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң». Дубайды аңсатып, артын­ша алақаныңды сипа­тып кете­ті­ні жасырын емес. Дей тұр­ғанымен, алғы сөзімізде айтқандай, қылмыстық іс анықталмайынша, бұлар да қыл­мыскер  емес.

Бұдан бөлек, департамент мамандары әлеуметтік желі арқылы оңай табыс жолын ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерге мониторинг жұмыс­тарын жүргізген. Нәтижесінде заңсыз ойын белгілерімен 847, қаржы пирамидасына қатысты 280 сайт пен сілтеме бұғатталыпты. Департамент басшысы алдағы  негізгі  міндеттерін  айтты.

– Қызылорданың географиялық, экологиялық ерекшеліктерін, экономикалық дамуындағы өсу немесе төмендеу қарқынын ескере отырып, «Аумақтың криминогендік картасы» жасалған, соның негізінде жүйелі мәселелердің 4 ба­ғытын нысанаға алдық. Олар – «ауызсу бағдарламасы» аясындағы әрекеттердің заңдылығы, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, қаржы пира­мидасы және интернет-алаяқ­тық бағытындағы заңсыздықтар, аймағымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған мақсатты қара­жаттың жымқырылуы. Яғни, осы бағыттағы қылмыстарды анықтауға, тергеуге және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдауға баса назар аударатын боламыз, – деді департамент басшысы  Бақыт  Сапарғалиұлы.

Жалпы, ауызсу қылмыстық іс бо­йынша сала арасында көш бастап тұр екен. Департамент басшысының айтуынша, әлі күнге дейін кейбір аудандарда су сағаттап беріледі дейді. Сол себепті төрт бағыттың біріне су тапшылығына назар аударатынын жасырмады. Қызметіне жақында ғана келген соң, барлық мәселенің түйінін тарқата қоймас. Десе де, осы жылдың ақпан айында қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара алу) аталмыш департаменттің қызметкері ұсталып, ҰҚК-ге қамалған болатын. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің лауазымды тұлғасы заңсыз ойын бизнесіне қамқорлық жасаған. Оның қамқорлығы 1 миллион теңге еді. Қылмыстық іс қозғалған департамент қызметкері жайында бүгінгі басшыдан сұрадық. «Алдағы уақытта қосымша мәлімет ретінде жолдаймыз» деп уәде етті. Күтейік. Айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша  соттың шешімі шыққан-ды.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: