Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Декларация – Тәуелсіз елдің тұғырнамасы

19.10.2022, 16:55 326

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жиынында «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізу туралы» айтқан болатын. Мемлекет басшысы 29 қыркүйек күні 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды.

2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланып келген Республика күні 2009 жылы атаулы күндер қатарынан алынып тасталды. 1990 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 26 қазандағы нөмірінде «Қазақ ССР Жоғары советінің екінші сессиясы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны туралы жарияланды. Онда «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының жоғары Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достастығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары Декларациясының және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына, ізгілікті демократиялық праволық құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды» делінген.

Маңызды кұжат 17 бөлімнен тұрады. Онда мемлекетті сақтау, нығайту, шекара мәселесі, көші-қон, құқықтық кұжаттар, валюта айналымы, ядролық қарудан бас тарту, жер мәселесі, егемендіктің символдары сияқты ең негізгі жұмыстар тәптіштеп жазылған. Азаттық жолында ел басынан өткен небір дүрбелең кезеңдердің жеңісі мен жемісі 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған декларациядан бастау алады. Себебі қарсылық танытқандардың қарасы көп болғанымен, «Елім» деген ержүрек азаматтар Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасын қалап берді, сондықтан да маңызды датаның ел тарихында салмағы зор. Мерекені атап өту бір бөлек, оны қастерлеп, азаматтығымыз бен еркіндігімізді бағалап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына күш жұмсау маңызды болды. Декларация Қазақ халқының төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамытуды Жаңа Қазақстанның аса маңызды міндеті деп бекітіліп, Қазақстанның жері мен территориясының тұтастығын, бөлінбейтінін және оған қол сұғылмайтынын жариялады.

Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім болды. Рухани құндылығымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты Алашты әлемге таныту арқылы тарихи атап өту қазіргі заманғы қажеттілік болып саналады. Еліміздің егемендігі, Тәуелсіздігі мәңгілік болғай, ұлттық һәм ұлық мереке Республика күні құтты болсын!

Қанат  Қыпшақбаев,

«Болашақ университетінің жоғарғы колледжінің» оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: