Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бос жерлер – ел игілігіне

13.09.2022, 12:00 197

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 01.09.2022 жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында өнім өндіру үшін ең алдымен жердің қажет екенін, жері жоқ адамның бизнеспен айналыса алмайтынын, сол үшін әрбір аймақта бос жатқан және мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажеттігін атап өтті.

Жерді күтіп-баптау, игеру, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтып алу немесе нағыз жұмыс істейтін шаруаларға беруді Президентіміз бұған дейінгі жолдауларында да көтерген болатын.

Бұл бағытта облыстық прокуратура жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, пайдаға аспай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау мақсатында жұмысшы топтар құрды.

Аймағымыздағы 117 елді мекеннің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

2021 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген 724 мың гектар 2175 жер учаскесі анықталып, 40 мың гектар 203 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Бұл қадағалау жұмыстары 2022 жылы да жалғастырылып, осы мерзімде 492 721 гектарды құрайтын 1561 игерілмеген жайылымдық жер учаскесі анықталып, 8 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.

Олардың қаралу қорытындысымен көлемі 55 655 гектар 163 жер учаскесі (құны – 105 млн теңге) мемлекетке қайтарылса, 100 996 гектар болатын 167 жер (құны – 218 млн теңге) игерілді.

Қадағалау актісінің қаралуымен 24 тұлға тәртіптік, 13 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.

Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен 123,4 гектар құрайтын 82 игерілмеген кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері анықталды.

Нәтижесімен Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыну енгізіліп, заңмен көзделген шаралар қолданылуда.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы аумақтағы бос жерлер туралы ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс екенін, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін айқындауды жыл соңына дейін әзірлеу керектігін айтты. 

Қазіргі уақытта барлығына қолжетімді «aisgzk.kz» ақпараттық порталында табысталған жер учаскелері туралы мәліметтерді қарауға мүмкіндік бар. Жергілікті атқарушы органдарға жүгінбестен бұрын, «aisgzk.kz» ақпараттық порталын қарау арқылы бос жерлерді анықтауға болады.

Бұл ретте, Жер кодексінің 43-бабына сәйкес мемлекеттік меншіктегі жерден, сондай-ақ 48-бабында белгіленген сауда-саттыққа (аукциондарға) шығарылатын жерден жер учаскесіне құқық беру тәртібі белгіленген.

Нұрболат Дүйсенбаев,

Қызылорда  облысы  прокурорының  орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: