Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі – басты назарда

17.05.2022, 18:25

HALYQLINE.KZ

ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау жөнінде нұсқаулық бекітті. Осыған сәйкес, облыстағы білім ордаларын тексеру жұмыстары 13 мамырдан басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Мәмбетов мәлімдеді.

– ҚР Білім және ғылым министрлігімен білім беру ұйымдарында террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау бойынша арнайы қаулы қабылданды. Осының негізінде техногендік сипаттағы қауіпті жою бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар, төтенше жағдай болғанда қызметкерлер мен білім алушылардың іс-қимыл алгоритмі жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, 300 адамға дейінгі білім беру ұйымдары жіті бақыланады, – деді Берік Мәмбетов.

Білім ордалары тиісті талаптарды қатаң түрде сақтауға міндетті. Кемінде 700 адамнан асатын террористік тұрғыдан осал нысандар күзет мекемесімен үш жылға дейін келісімшарт жүргізуі тиіс.

– Өткізу режимінің тәртібін объектінің әкімшілігі әзірлеп, кіріп-шығу тәртібіне сай қатаң бақылануы тиіс. Сондай-ақ, жылдық іс-шара жоспары бекітілуі маңызды. Бейнебақылау жүйелері үздіксіз жұмыс істеп, дабыл қағу құралдары орталықтандырылған бақылау пультіне қосылуы керек, – деді облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының маманы Ілияс Тұрмаханов.

– Аталған нұсқаулық бекітілгеннен бастап сәуір және мамыр айларында облыстық білім басқармасы және полиция департаментімен барлық білім беру ұйымдарының басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нұсқаулық негізінде қойылатын талаптар тексеріліп, террористік тұрғыда осал нысандар күшейтілген режимде бақыланады, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы Ардақ Әбішева.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: