Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас жарылса, бөрік ішінде қала беру керек пе?

16.02.2023, 11:20 235

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Бұлай дабыл қағуымызға негіз бар. Айтпақшы, 2020 жылы төтенше жағдай, карантин секілді шектеулер кезінде де мұның саны күрт артқан еді. Дәлірек айтсақ, отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан құзырлы орындарға хабарласып, көмегіне жүгінгісі келгендердің саны екі есеге, тіпті үш есеге жетеғабыл болған деседі. Бұның өзі – ресми статистика. «Отбасында болған оқиға сыртқа шықпауы керек» деп біздің көп жайтты жабулы қазан ететініміз бар. Сондықтан бұл статистиканың одан да жоғары (!) екенін аңғаруға болады. Иә, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Өз-өзімізді дәл осылай жұбатып жүрміз. Десе де, бір шаңырақ астындағы ұрыс-керістің соңы адам өлімін де тіркеп жатыр. Ал, «үй тирандарын» жазалау оңай болмай тұр. Өйткені, олардың көпшілігі жазадан оңай  құтылады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 60%-ы полицияға арыз беруден бас тартады» деп хабарлайды ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төр­ағасының орынбасары Ренат Зұлхайыр­ұлы.

– Соңғы бес жылда мұндай фактілер бойынша өтініштер саны үш есеге артты. Сонымен бірге, олардың 60%-ы бойынша полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қол­дана алмады. Арыз берілмесе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Салдарынан биыл 18 адам (тұрмыстық зорлық-зомбылықтан – ред.) көз жұмды, – деді  ол.

Қазақстанда жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі екен. Өте қорқынышты статистика. Мұның ішінде сіздің де ет жақындарыңыз болуы мүмкін. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы – еліміздің отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселесі. Зорлық-зомбылықтың өсуі қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер  етеді.

– Бұл салада проблемалар бар екенін мойын­дауымыз керек. Қазір қоғам өзгерді. Зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілерді ашық айтатын болды. Нәтижесінде соңғы бес жылда мұндай фактілер бойынша өтініштер саны 3 есеге өсті. Жазасыздық жүген­сіздікке әкеліп соғады. Қол жұмсау әдетке айналды десек те болады. Демек, одан да ауыр зардаптар туып, салдарынан отбасы-тұрмыстық салада ауыр қылмыстар болып жатыр, – деп хабарлады ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тап­сырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал  Серікбаева.

«Зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілерді ашық айтатын болды». Дәл осы сөйлемге «бұрынғыға қарағанда» деген сөз жетіспей тұрған секілді. Отырса опақ, тұрса сопақ қылатындарға жаза болса да, жағдай әлі дабыл қағарлық деңгейде тұр.

Жалпы, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңында зорлық-зомбылық түрлері нақты белгіленген. Олай дейтін себебіміз, кейбіреулердің «бас жарылса – бөрік ішінде,  қол сынса – жең ішінде» деп жүргені – адамның құқығын таптау. Сонымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз не?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (не­месе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде  болуы  да  мүмкін.

Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа  қасақана  зиян  келтіру.

Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін әрекет­тер жасау. Сондай-ақ, психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту де – психологиялық зорлық-зомбылық.

Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныс мүшесіне қол сұғу немесе жыныс­тық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет. Соны­мен  бірге, кәмелетке толмағандарға қатыс­ты  сексуалдық  сипаттағы  іс-әрекеттер.

Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды  заңмен көзделген құқығы бар тұр­ғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан  қасақана  айыру.

Отбасында зорлық-зомбылыққа тек әйел адамдар ұшырайды десек, қатты қателесеміз. Бірақ, ең көп зардап шегетін қыз-келіншектер екенін статистика растайды. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылық ерлі-зайыптылар арасында ғана емес, барлық туыстық қатынастар арасында да болуы мүмкін. Бір шаңырақ астындағы адамдардың бір-біріне кесірі тисе, бұл да тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылады.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: