Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас прокуратура: 27 адам Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған, арасында «Дикий Арман» да бар

21.06.2022, 9:00 321

HALYQLINE.KZ

Қазақстан бас прокуратурасы елдің әр аймағынан 27 адамды Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы деп санайды. Бұл туралы 20 маусымдағы брифингте бас прокуратураның қылмыстық тергеу қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді.

Бас прокуратура өкілі «ұйымдастырушылардың» атын атамады, бірақ жұрт арасында «Дикий Арман» деген лақап атпен белгілі «криминалитет» Арман Жұмагелдиевке кеңірек тоқталды.

Бас прокуратураның ақпаратынша, Жұмагелдиев пен оның жанындағылар 6 қаңтарда Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде «қылмыскерлерге» «Глок» және Макаров тапаншасын таратқан.

«Қолдарына қару тиген қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның жанындағылардан нақты тапсырма алған. Қылмыскерлер он-он топқа бөлінген. Топта «басшылар» тағайындалып, оларға бронжилет, басты қорғайтын каска, қару және 200 мың теңге берілген» деді прокуратура өкілі.

Шалабаевтың айтуынша, Жұмағалиевтің тобы адамдарға суық қарулар мен шоқпарлар берген. Сондай-ақ «өздерінің адамы» екенін білдіретін белгі ретінде қолдарына ақ мата байлап алуды тапсырған.

«Қаланың әр бұрышынан келген қарулы қылмыскерлер тобы 24 адамды ұрлап әкетіп, Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйінің паркингінде ұстап, ұрып-соққан. Кейін адамдарды қаланың шетіне апарып, металл контейнерге кіргізген де, қарулы күзет қойған. Соққыдан бір адам қаза болған» дейді спикер.

Бас прокуратура өкілі адам ұрлау фактісі бойынша 40 күдікті ұсталғанын, басқа адамдардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы бойынша қазір бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан соң жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, қаруды заңсыз сақтау және адамды заңсыз түрде бостандығынан айыру күдігімен қамауға алынған.

Бас прокуратура ақпанда «Дикий Арман» қасындағы серіктестерімен бірге көшеде жүрген 24 адамды ұрлап әкетіп, полицейлерге шабуыл жасады деп мәлімдеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: