Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата заң – еліміздің тұрақтылығының негізі

23.08.2022, 8:50 708

HALYQLINE.KZ

Кез келген мемлекеттің ұстанған жолын, ұлтының құндылығын айқындайтын басты құжат – Конституция. Конституцияда мемлекеттік биліктің барлық құрылымдарынан бастап, елдің әрбір азаматының, ондағы ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Сондай-ақ, мемлекет өміріндегі бетке алған үдерістер де осы Конституция арқылы реттеледі.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдуммен еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын басты құжат Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Елдің елдігін, халықтың теңдігін айқындайтын Ата заңымызға биыл 27 жыл толады. Осы жылдары тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда болып жатқан барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Конституцияда ешкімді жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.

Конституциямыздың басты артықшылығының бірі – ең алдымен, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы, байлығы деп тануында. Ата Заңымыздың 2 бөлімінде аталған басымдықтардың көрініс табуы соның дәлелі.

Барлық қазақстандықтардың мүддесін көздің қарашығындай сақтауға бағытталған Ата Заңымыз еліміздің сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, судьялардың мәртебесін көтеруге үлкен серпін туғызды. Атап айтар болсақ, сот кадрларын іріктеу Жоғары Сот Кеңесіне берілді. Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді. Экономикалық, әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып, жұмыс істеулерінің арқасында сот беделі көтеріліп, халықтың сотқа деген сенімі нығая түсті.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарды дамытып, жаңа Қазақстанды құруға қадам бастық.

Осыған орай, соңғы кезде болған үлкен жаңалықтың бірі, ол – Ата Заңымызға өзгертулер мен түзетулердің енгізілуі. Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Біздің ендігі парызымыз – ата-бабаларымыз армандап кеткен Тәуелсіздік туын берік ұстап, осы тәуелсіздіктің нышаны іспетті Конституциямызға құнттылықпен қарап, оны өз Отанымызды, тарихымызды құрметтегендей, құрметтеу.

С.БЕРТАЙ,

Арал аудандық сотының судьясы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: