Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алименттен жалтару – қылмыстық құқықбұзушылық

15.05.2025, 9:00 71

Қоғамда бала туралы айтылғанда бәріміздің жүзіміз жұмсарып сала береді. Оның күлімсіреуі, қорғансыздығы, сенгіш көңілі жанымызды елжіретеді. Бірақ бұл мейірім тек сөзбен шектеліп қалмауы тиіс. Себебі өмірдің қатыгез шындығында қаншама бала өз тағдырын өзі арқалап келе жатыр. Ата-анасының арасы ажырап, бір жақ өз өмірін жалғастырып кеткенімен, баланың жүрегінде сол адамның бейнесі қалып қояды. Ал сол бейне уақыт өте келе әлсіздікке, өкпеге, тіпті сыртқы әлемге сенімсіздікке ұласуы мүмкін. Себебі оның ең жақын адамы – әкесі немесе шешесі оның өмірінен ғана емес, жауапкершіліктен де  кетіп  қалған.

Ажырасу – өмір. Екі адамның бірге бола алмайтынын түсініп, екі түрлі бағытқа кеткені заңды да шығар. Бірақ сол заңдылықтың ішінде ең жиі ұмытылатын нәрсе бар. Ол – бала. Ата-ананың арасындағы қатынас үзіліп, үйдегі үнсіздік пен бөлінген тұрмыс басталғанда, бала да бір жаққа қарай «тарап кетеді». Әдетте ол анасының жанында қалады. Содан бастап балаға қамқор болу тек сол бір адамның иығына жүктеледі. Екінші жақта жүрген адам көбіне өзінің ата-ана екенін қағаз жүзінде ғана мойындап, өмірінде баласына орын қалдырмай жатады. Бірақ бұл жағдай «жеке өмір» деп жылы жабы­латын мәселе емес. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да араласуын қажет ететін өткір әлеуметтік және құқықтық  түйткіл.

Алимент жайлы сөз қозғағанда, көпшілігі оны қарапайым қаржылық көмек деп түсінеді. Рас, ол ақшамен өлшенеді. Бірақ сол ақшаның ішінде баланың киімі, тағамы, білім алуы ғана емес, қауіпсіздігі мен психологиялық тұрақтылығы да тұнып тұр. Кейде тіпті алименттің өзі емес, оның төленбеуі баланың жанын көбірек жаралайды. Себебі ол «саған қажет емес екенмін» деген сезіммен күн кешеді. Бала үшін ақша – махаббаттың, қамқорлықтың өлшемі емес. Бірақ күнделікті өмірде бұл сезім көбіне сол ақша арқылы дәлелденіп жатады. Ал жауапсыз ата-аналар дәл осы аражікті сезінбей, «қажет емес» деген сөзді ісімен дәлелдеп жүргенін байқамайды.

Мемлекет бұл жағдайға бейжай қарап отырған жоқ. Қолданыстағы заңнамада алимент төлеуден жалтару қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Алайда заңның қаттылығы көбіне адамның жүрегіндегі жұмсақтықты алмастыра алмай жатады. Заң орындалуы үшін адамның ішкі түйсігі де ояу болуы қажет. Кейбір ата-ана үшін  алимент төлемеу – бұрынғы жұбайына деген реніштің көрінісі ғана. Бірақ бұл реніш баланың тағдырына нұқсан келтіріп жатқанын олар көбіне мойын­дағысы келмейді. Шын мәнінде, мұндай әрекет – ата-ананың екінші жартысына емес, баланың  өзіне  бағытталған  қатыгездік.

Алимент өндіріп алуда басты рөлді жеке сот орындаушылары атқарады. Олар борышкердің табысын анықтап, мүлкіне тыйым салып, түрлі заңдық шаралар қолдану арқылы бала құқығының қорғалуына тікелей ықпал етеді. Бірақ кейде борышкер жалақысын жасырады, мүлкін басқа біреудің атына рәсімдеп үлгереді, не болмаса тіркеусіз жұмыс істеп жүре береді. Мұндайда сот орындаушысының қолы байланады. Бұл заң бар, бірақ оны орындаудың тетіктері әлсіз екенін білдіреді. Сондықтан алиментті өндіру ісі тек заңдық механизм­дермен шектелмеуі қажет. Қоғамдық қысым, ұжымдық сана, отбасылық тәрбие де осы жүйеге араласуы  тиіс.

Ата-аналық борыш – бірге тұрумен өлшенбейді. Ол тұрақты қатысумен, қамқорлықпен және әрекетпен дәлелденеді. Бірге тұрмаса да, балаға деген сүйіспеншілікті көрсетуге мың жол бар. Соның бірі – алимент. Ол арқылы ата-ана баласының өміріне алыстан болса да қатысып отырады. Бұл баланың жүрегіндегі сенімді сақтап қалуға себеп болады. Керісінше жағдайда бала ересек өмірге салмақты психологиялық  жүкпен  қадам  басады.

Ең өкініштісі, қоғамда мұндай жағдай қалыпты көрініске айналып кеткен. Әлеуметтік желіде бақытты өмір сүріп, табысын көрсетіп жүрген адамның артында алимент төлемей жүрген борышкер екенін білу – жиі кездесетін мысал. Мұндай адамдар үшін заңдық шектеу жеткіліксіз. Оларға қоғамдық көзқарас, азаматтық ұят, ішкі ұстаным маңыздырақ әсер ете алады. Бала тәрбиесі – ата-­ананың ғана емес, ұлттың да болашағы. Оған салғырт қарау тек бір  отбасының  емес, бүтін қоғамның  әлсіздігін  білдіреді.

Алимент сот шешімімен белгіленетін материалдық міндеттеме болуы мүмкін. Бірақ оның шын мәніндегі маңызы әлдеқайда терең. Ол – жауап­кершілік, қамқорлық, адамгершілік, ар алдындағы адалдық. Одан жалтару – тек заң бұзу емес. Ол – ата-аналық парыздан бас тарту. Ал бұл – ешқандай заңмен ақтала  алмайтын  әрекет.

Ернияз  МҰХАМБЕТҰЛЫ,

жеке  сот  орындаушы

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: