Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақта ауыр қылмыс көбейген

16.06.2022, 12:00 450

Әупірімдеп жүріп референдум да аяқталды. Бірақ кімнің бас пайдасына шешілетінін уақыт көрсетеді. Дегенмен «Жаңа Қазақстанға» енді ғана аяқ бассақ та, талап-тілегін жаудырып, сүт пісірім уақыттай лезде өзгеріс болуын күтетіндер жоқ емес. Шынтуайтына келгенде, біршама уақыт шеңберінде өзгеретін процесс. Мәселен, референдумда «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады» делінген пункт бар. Алайда озбыр әрекетке барған қылмыскерге жазаның қай түрін қолданған дұрыс? Оның үстіне өңірімізде жыл басынан бері (5 айында) адам өлтіру қылмысының 14 (14) дерегі тіркеліп, бір деңгейде қалыптасса, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 18 (13) жағдайы болып, 38%-ға өсіп, криминогендік ахуал күрделеніп отыр. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық прокуратурасының алқа отырысында тереңірек  тарқатылды.

– Алқаның басты мақсаты – Конс­титуциямызда көрсетілген ең жоғары құндылық адамның өмірі мен денсаулығын сақтау үшін тиісті іс-шараларды қабылдап, профилактикалық жұмыс­тарды күшейту. Қазіргі таңда аймағымызда жалпы қылмысқа қарсы профилактикалық жұмыстар жоспарға сай жүргізілгенімен, өкінішке қарай ауыр қылмыстар азаймай отыр, – деді облыс­тық прокуратура Қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Батыр­бек  Нұрмағанбетов.

Расымен, жоғарыда пайыздық көрсеткішпен қанша пайыз өсім болып отырғанын айта кеттік. Өткен жылы да алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Дей тұрғанымен, қылмыстық іске тоқтам бола алмай тұр. Соған қара­ғанда полицияның, жергілікті атқарушы органдардың профилактикалық жұмыстары еш жиғызбай тұрғанын аңғартады.

Сондай-ақ облыстық прокуратурамен жүргізілген талдау, зерделеу жұмыс­тарының нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың болуының басты себептері анықталды. Жалпы, жыланның ұзыны мен қысқасы болмайды, қай-қайсы да шаққан болса оңдырмайтыны сөзсіз. Сол сияқты қылмыстың да жеңілі мен ауыры жоқ. Мамандардың айтуынша, өңірде қылмысқа үйір болған жандардың көбі отбасындағы қолайсыз себептердің (бітпес дау, кикілжің, түсінбеушілік, жұмыссыздық, ішімдікке салыну, бір-біріне ауыр сөздер айту, ар-намысын қорлау  және т.б.) әсерінен туындайды  екен.

Елдің есін екеу, түсін төртеу қыл­ғандар көп. Мәселен, биылғы 5 айда қасақана кісі қолынан 11 адам қайтыс болды. 11 адам, 11 шаңырақ туралы ойласаң, дененді мұздай тер басады. Осы іс бойынша 26 күдіктінің жартысы жұмыссыз немесе бұрын сотты болған екен. Тіпті «тірі өлік» болып, масаң күйде өз әрекетіне жауап бере алмайтындар да бар. Ең сорақысы, бұл қылмыстар қоғамдық орындарда жүзеге асқан болып шықты. Міне, мәселе қайда жатыр? Нысанаға алып қараған күннің өзінде қылмыстық жайт азаймай тұр. Мамандар өмірдегі мынадай  мысалдарды  мәлім  етті.

«Қ. есімді қала тұрғыны 10 күн бұрын спирттік ішімдікке салынып кеткен әкесін іздеп полицияға хабарлаған. Тергеп-тексеру барысында әкесінің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылған. Бұл оқиғаға қатысты әкесінің бөтелкелес таныстары ұсталды. Олар қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін мүрдені қала шетіне апарып көміп таста­ған».

Бұған қоса, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысы бойынша да күдіктелген 15 тұлғаның жартысынан астамы – жұмыссыз. Ермегі жоқтың санасы уланып қалатыны белгілі. Ал, бұрын істі болған адамның тар түсінігін тар қапас кеңейтпегені өкінішті.

«Ауыр қылмысы үшін сотты болып, мерзімінен бұрын босатылған Ж. есімді азамат бостандықтың қадірін білмей тағы да қоғамға қауіп төндіретін әрекетке барған. Ол қаладағы кафелердің бірінде сыра ішіп, қасындағы азаматтармен сөзге келіп, оларды соққыға жығып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыстық әрекеті үшін ол қазір қайта­дан  темір  торға  жабылды».

Жауапты мамандар «білім беру, жұмыспен қамту, психо-наркология­лық орталықтарында тиісті профилактикалық іс-шаралардың да өз деңгейінде жүргізілмеуі ауыр санаттағы қылмыстардың өсуіне себеп болуда» деген тұжырымға келді. Құқық қорғау органдарының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық психикалық денсаулық орталығының басшылары қатысқан жиында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қойылды. Бұрынғы олқылық пен бүгінгі болашақты талқылап, нәтижесінде тиісті органдарға тапсыр­ма  жүктелді.

Атап айтсақ, аудандар мен Қызыл­орда қаласындағы 15 аймақта тіркелген құқықбұзушылықтарға күнделікті мониторинг жүргізіп, патрульдік күштерді  тиімді  пайдалану;

әрбір учаскелік инспекторлармен өзіне бекітілген аймақта есептегі тұлғалардың, қылмыс жасауы ықтимал адамдардың, жанжал жиі болатын отбасылардың тізімін жасақтап, үнемі профилактикалық жұмыстарды жүр­гізу;

жергілікті әкімдердің алдында бейне­камера орнату мәселесін көте­ріп, оның құқықбұзушылық профилактикасы үшін маңызын ескеріп, бірінші кезекте көпқабатты тұрғын үйлерді толық қамту жұмыстарын аяқтау;

тиісті лицензиясыз немесе белгіленген уақыттан тыс мезгілде алкоголь өнімдерін сату фактілерін анықтап, шара көру, қажет болса лицензиясын кері қайтару мәселесін қарас­тыру  тапсырылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық прокуратураның басты назарында және үйлестіруші орган ретінде де қатаң бақылауда ұстайтын болады. Егер бір адам өзге бір  адамды  қасақана  өлтірсе, ол – адам емес! Хош. Осындайда «өлім жазасы керек пе?» деп ойлай­сың? Алайда темір тордың қандай қияпат екенін бір күнде-ақ сезінгенін шалыс басқандар айтып жатады. Түптеп келгенде, қылмыстық іске барарда одан тартар жазаның ауыр екенін ұғынған жөн. Әйтпесе, бәрі кеш…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: