Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелін өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген

13.03.2024, 9:35 95

HALYQLINE.KZ

Сырдария аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігі (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотталушы Ә.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Қылмыстық іс бойынша сотта анықталғаны:

Сотталушы Ә.-нің жұбайы, жәбірленуші Ә. өзіне қатыгездікпен қарап, қорқытып, адами қадір-қасиетiн үнемі қорлағанына шыдай алмай, тұрғын үй ауласында орналасқан мал қорада мойнына жіпті байлап, өзін-өзі өлтірген.

Сот қорытындысы немен бекітіледі:

Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамалармен, жәбірленуші туыстары мен куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасулармен, жәбірленушінің ұялы телефонынан алынған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын жазбалармен және басқа да дәлелдемелермен бекітілді.

Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамады, оның жас балаларының болуы жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданбады, себебі оның қылмысы жас балаларының анасына қарсы бағытталған және анасынан айырылуына алып келген.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Жаза бойынша:

Сырдария аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә. ҚК-нің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушыға қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы» түріндегі бұлтартпау шарасы «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертіліп, сотталушы сот залынан қамауға алынды.

Азаматтық талап қоюшы Б. азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды.

Азаматтық жауапкер сотталушы Ә.-ден азаматтық талап қоюшы Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық зиян, 1 580 000 теңге өкілдің қызметіне және 189 437 теңге сотқа қатысуға байланысты шығындар өндірілді.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Сырдария аудандық соты

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: