Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Z» ұрпақ деген кім, «А» буынның ерекшелігі неде?

05.01.2024, 10:20 980

Шыны керек, қазір баласын түсіне алмайтын, түсінгісі келмейтін ата-аналар арамызда жүр. Неге? Себебі әке мен баланың таным-түсінігі, өмірге деген көзқарасы екі түрлі. Рас, бүгінгі әкелерді X немесе Ү буынға жатқызсақ, олардың ұл-қызына жататын зет (Z) немесе альфа (А) буын нені қалайды, соған мән бере бермейді. Мәселе  осында.

Тарихта болған оқиғаларға байланысты әр буынды бөлек-бөлек ерекшелеуге болады. Әлеуметтанушылар бұл құбылыс 15-30 жыл сайын қайталанып отыратынын айтады. Яғни әрбір буынға жаңа көзқарас пен құндылық жиынтығы сай келеді. 1901-1924 жылы туғандарды «жеңімпаз ұрпақ» деп атайды.

1925-1945 жылдар аралығындағыны «үнсіз ұрпаққа» жатқызады. Бұл буынның құндылығы пайда болуына ХХ ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс және тағы басқа оқиға әсер еткені анық. Олар ережені сақтау, заңға бағыну, лауазым иесіне деген құрмет, ар-намыс, шыдамдылық пен төзімділік қасиеті­мен  ерекшеленеді.

1946-1964 жылы туғандарды «бэби бумер» буынына қосады. Бұл кезең адамның ғарышқа ұшуы, медицинаның жақсаруы, ғылымның дамуы, білім беру жүйесінің сапаға ие болуы­мен ерекшеленеді. Тарихи оқиғаның әсерінен болар, «бэби бумерлер» оптимистік көз­қараста болып, карьераға құштарлық таны­татынын  көруге  болады.

1964-1980 жылғы «Х ұрпаққа» қырғиқабақ соғыс, қоғамдағы қайта құру мен жариялылық жағдайы әсер етіп, өзгерістерге дайын болуға, білім алу құштарлығына, өзіне сенуге, гендерлік  теңдікті  талап  етуімен  айқындалды.

1981-1995 жылы «Y ұрпақтың» сана-сезімі қалыптасуына сандық технологияның дамуы, ұялы телефон мен интернеттің игілігі оң әсер етті. Олар бірден пайда көруді, бірден табысқа ие  болуды  мақсұттайды.

1995-2010 жылы Z ұрпақ қауіпсіздік мәселесіне  ерекше  көңіл  бөліп,  қалыптасқан  ереже  мен  заңдарды сақтауға бейім. Олар виртуалды өмір құндылығына  басымдық бере­ді. 2010 жылдан  кейін туғандар А ұрпаққа жатады. Альфа буын құндылықтары енді ғана қалып­тасып  келеді.

Бізге маңыздысы – Z және А буынның көзқарасы мен қабілеті, танымы мен талабын зерделеу.  Әлеуметтанушы Зейнеп Әбетованың  сөзінше, бұл  буынға интернет пен онлайн кеңістік  мекендеу  ортасы болса, оның қоғамы – цифрлық  қоғам.

– Өмірінің көп бөлігін интернетте өткізеді. Желіде және одан тыс өмір арасында айырмашылық жасамайды. Бұл гибридтік өмір технологиясымен бірлесе отырып, ұрпақтың барлық қажетін қанағаттандырады, өзін білдіруге және қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Олардың бір-бірімен араласуы чат арқылы дамиды. Цифрлық гаджеттер (планшет, смартфон, компьютер) олардың денесінің және жеке тұлғасының бір бөлігі, қоршаған әлемді қабылдау тәсілі, басқалармен тұрақты байланысының құралына айналады. Тіпті олар ұйықтаған кездің өзінде хабарлар фондық режимде келіп тұрады, – деді ғалым Зейнеп  Әбетова.

Көрдіңіз бе, бүгінгі ата-аналар Х және Y-ға жатады десек, Z және А буындағы «цифр­лы ұрпақ­тың» өмірді тану деңгейі екі түрлі. Бұрынғы буындардың көзқарасы әртүрлі болғанмен, бір-бірімен үндесе дамыды. Ал қарқынды дамыған цифрлық технология «іштен біліп туған» буын мен алдыңғы толқынның аражігін айқын ажыратып тастады. Міне, әке мен бала арасындағы түсінбеушілік осы жерден  туындап  отырғаны  анық.

– Z және А ұрпағының көзқарасы әлеуметтік желі арқылы қалыптасады. Интернет және әлеуметтік желі – цифрлық ұрпақтың жаңа әлеумет­тік тәжірибесі, іс-әрекетінің формасы мен  дағдысы  пайда  болатын  кеңістік. Жаңа ұрпақ өзінің мүддесі, құндылығы, ойын тәжірибесі, сезімі мен тілегі, жаңа технология­лармен туған өмір салты арқылы қоғамды өзгер­теді. Интернет – ақпарат берудің жаңа құралы ғана емес, сондай-ақ ол өмір сүрудің жаңа тәсілі, онда кеңістік пен уақыт маңызды емес, ал әлем біртұтас виртуалды киберкеңістікке қосыл­ды. Онда әркім кез келген адаммен, кез келген жерде сөйлесе алады, – дейді әлеумет­танушы-ғалым  Зейнеп  Төлегенқызы.

Әлемде апта сайын 2,5 миллионнан астам альфа сәби дүниеге келеді. Бұл буынның соңғы өкілі дүниеге келгенде (2025 жылы), олардың саны 2 миллиардқа жуықтайды екен. Альфалар­дан  не  күтуге  болады?

Бұл сұраққа психолог Назира Аймаханова былай жауап берді: «Альфа буынның өміріне технологияның әсері орасан зор болатыны қазірдің өзінде белгілі. Жасанды интеллект, робот және «ақылды» ойыншықпен әрекеттесу арқылы өсіп, жетіледі. Z үшін әлеуметтік желі құрал болса, А үшін тұрақты өмір салты болады. Яғни интернет кеңістігінде өмір сүру қалыпты  жағдайға  айналады».

А ұрпақтың бір ерекшелігі – олар қаржылық жағынан қауіпсіз әрі технология жетілген заман­ның тұрғыны. Олардың білім алуында интерактивті дербестендірілген бағдарлама мен заманауи оқыту әдісі керек болады, өйт­кені білім берудің өзі де, адамдардың ақпаратты қабылдауы да өзгереді. Жаһандық тенденция­ларға  қарағанда, оқушылардың көбі онлайн оқуға көшеді. Крэнфилд университетінің профессоры Джо Неллис альфа буын төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыраты­нын  айтады.

Ғылыми  айналымға  альфа ұғымын енгіз­ген Аустралияның  социологы Марк Маккриндл  келешекте бета және  гамма ұрпақтары келеті­нін  дәйектеді.

Бізге маңыздысы, Z буын еңбекке араласып, өзінің көзқарасы мен талабын таныта бастаса, А ұрпақ енді қалыптасып, дамуда. Олардың көбі виртуалды өмірді басымдық етке­нін ескерсек, келешекте жұмыс күші қысқарып, еңбек нарығында жетіспеушілік болатыны сөзсіз. Осы бастан альфа ұрпақтың ырқына көніп, технологияны дамыту керек, болмаса жас буынның бойына еңбек құндылығын  сіңіру  міндеті  тұр.

Қысқасы, келешекті  ойлағанда  әр буынның ерекшелігін, өмірге деген көзқарасын ескеріп, стратегиялық  жоспарды құру маңыз­ды. Онсыз  мақсат  негізсіз, мұрат  мәнсіз  бола­ды.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: