Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ыңғайлы» қоғам

14.04.2022, 11:40 82

Сөзі мен ісі қабыспайтын дәуірдің нүктесіне жетіппіз. Мына арпалысқан қарбалас өмірде өз орныңды табу да қиын. Бар әлемнің озық ойын жинап, миың энциклопедия болса да, артыңнан демейтін адам болу керек. Немесе кірер есігіңді білуің керек. Көбіне «ыңғайлы» адам ғана өз креслосын табады. Десе де өз пайымы жоқ, біреудің пәрменімен жүріп, құлы болған бейшараның кейпі кімге керек? Бірақ керек екен. Көзіңді ашып қарасаң, бәрі біреудің соңында жалпақтап жүр. Көрген көзімнен ұят болды деп жұмып алсаң, сені де «ыңғайлы» адам қылғысы  келетіндер  бар.

Бұл «ыңғайлы» індет кімнен басталған екен? Баз біреулер билікті барлығын билеп төстеу деп түсініп, кереғар пікір қалыптастырған. Соның нәтижесінде құмырсқа құсап біреу мыжып кетсе де, үн қатпадық. Бұның тоқтау шегі болмағасын, біз де «ыңғайлы» адам болуға көштік. Сөйтіп 30 жыл бойы біреу­дің қазанында иленіп жүргенімізді сезбей де қалдық. Түсінсек те белгілі бір қомақты қаражат қалтаны қысып тұрғасын ештеңе демедік. Өзімізден  лауазымы  төменге  жекіп,  жоғарысына маймыл құсап мойнына жармасып жүруге тура келді. Енді өзгеріс болады дегендей сыбыстар шығуда.  Сол сөз айты­лып еді, 60 секунд болар-болмас «ыңғайлы» адамдар әдетіне көшті. Елі үшін егілсе де, екпесі дертті жоюға күші жетпей тұр.

«Ыңғайлы» адамның қолынан келмейтін ісі жоқ. Не десең де, жоқ демейді. Сырт көзге сықиып жүрмін деп көрінгісі келгенімен оның қай «есіктен» шығып келе жатқанын көпшілік жақсы біліп отыр. Мені ашындырған мәселе инкубатордан шыққандай қазақтың көпшілігі «ыңғайлы» адам болғысы келеді. Себебі де түсінікті. Табыс та, билік те, мансап та барлығына тез қол жеткізудің кілті – «ыңғайлы» болу. «Ыңғайлы» болмасаң, көргенсіз, тәрбиесіз сияқты мәтіндес тұрпайы сөзді бетіңе жағуға дайын. Ал енді «ыңғайлы» болмағанда не істейміз?

АҚСҰҢҚАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: