Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестиция

10.03.2020, 11:49 498

Елбасымыз биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жария еткелі өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Бұған дейін де қайырымдылық қорлары жұмысын тоқтатқан емес, десек те осы жылдың өзгеше тұсын айтып өткен жөн. Еріктілік – қоғамға, табиғатқа, отаныңа өз еркіңмен тегін қызмет ету. Оны әрбір адам жүрек қалауымен, мейірім шуағын төге отырып, өзгені өзіндей сезіне алуы – нағыз еріктілік.

Тұлғаны қалыптастыру үшін ерікті болу міндетті. Қарапайым ғана дүние қарттардың тақияларын тазалап, әжелердің орамалын жуып берудің өзі олардың кіршіксіз көңілдерін көтереді. Жағдай төмен отбасы мен ерекше білімді қажет ететін балалар да қоғамнан тыс қалған емес. Оларға зәулім сарай салып, ауруынан жазып жібермесек те, ыстық алақанынан ұстап, арқасынан сыйпағанның өзі жан дүниені жылытады. Осы жоба аясында еріктілікке мектеп оқушылары да атсалысуда. Ұрандатып, рухтанып, құрам жасақтады. Қариясының көңілін сұрап, мұқтаж жандарды ортаға тартып, жалғызбасты аналардың үй жағын тазалап қоғамға ерікті түрде еңбек етуде.

Міне, нағыз қамқорлық. Еліне қызмет ету деп осыны айта аламыз. Осындай құрам қалыптастырып жүрген мектеп тәлімгерлерінің еңбегі зор. Ауданымызда ерікті болуға қарт кісілер мен бөлім басшылары да қарсы емес. Тіпті, осы жобаны қолдап жүрген жандар да жетерлік. Осы жоба аясында «Уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестиция» тақырыбында мектеп тәлімгерлеріне арналған облыстық семинар өткізілді. Ондағы мақсат – аға буын өкілдерін еріктілікке тарту және еріктілікке жаңа жоба ұсыну. Өңірімізден тәлімі мол семинарға он маман қатысты.

Жалпы, жобаға аудан атынан ұсынған «Дәм сыйлайық» жобасы ең үздік жоба қатарынан болды. Бұл жобаның мақсаты – қараусыз қалған жандар мен ауыр халдегі науқастарға ыстық тағам мен керек-жарағын апарып, көңілін көтеру. Осыны әрі қарай келесі еріктілер тобы жалағастырады. Мектеп тәлімгерлері жыл бойына еріктілікке бет бұрды. Жыл басынан ерекше білімді қажет ететін балалардың отбасы мен Шапағат орталығының табылдырығын тоздырды. Балалармен ән шырқап, бірге ойнады. Қазыналы қарттармыздың көл дария көңілін сұрап, ғибратты әңгімелерін тыңдаудан жалықпады. Осындай тәлімі мол ардақты тәлімгерлеріміздің «Еріктілер жылында» қуантар жаңалығы мен жеткізер тартуы әлі алда.

Айсұлу НАСЫР,

№182 орта мектептің тәлімгері,

Басықара ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: