Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрпақ тәрбиесі – аналардың қолында

24.08.2022, 10:30 206

HALYQLINE.KZ Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында 15 отбасы қолайсыз деп тіркелген. Келеңсіз жағдайға екі тарапта кінәлі. Жалпы елімізде ананың аялы алақаны мен әкенің қамқорлығын сезіне алмай жүрген жастардың саны күн санап артып келеді. Ажырасудың себебі отбасындағы тәрбиенің кемдігінде ме? Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды? Оған не себеп? Түйіткілді мәселені шешу жолдары қандай? Дәл осы мәселелер Қармақшы ауданы Жаңажол ауылдық округінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы Аналар форумында кеңінен талқыланды.

Форумды облыстық мәслихат депутаты, аналар кеңесі төрайымының орынбасары Дильфура Байрахтарова ашып: «Отбасының алтын қазығы – әйел. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде сол әдетін сақтайды. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағаты да – ана. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады» деп айтып өтті.

Ал облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова «Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан бас тартатын көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл біздің дәстүрімізге қайшы. Салтымызда жоқ қарекет. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау біздің ұлттық құндылықтарымыз. Ұлттың болашағы ұрпақ бойына қандай қасиеттерді сіңіргенімізге байланысты», – деді.

«Ана мен бала денсаулығы көп көңілді талап етеді. Алайда ауылдық жерлерде өз денсаулығына көңіл бөлмейтін жүкті әйелдер саны азаяр емес. Оның аяғы туа бітті ақаулардың көбеюіне әкелуде. Мәселен 2021 жылы 3 әйелдің жүктілігі үзілген. Оған дұрыс тамақтанбау, инфекциялық аурумен ауырып, дәрігерге дер кезінде қаралмау себеп болып тұр» дейді Қармақшы ауданы ауруханасының бас дәрігерінің Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Фарида Сарыбаева.

Сондай-ақ, «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу», «Қазіргі өркениетті заманға сай әйелдің бейнесін қоғамдық сахнада қалыптастыру» тақырыптарында өзекті баяндамалар оқылды. Өңірлік ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері Айгүл Мұсабаева және Гүлнар Жұмашева уақыт талабына сай өмір сүреміз деп, ұлттық сана сезімге сіңіп, тегімізден келе жатқан адами қасиеттерді жойып алмау маңыздылығына тоқталды. Қорыта айтқанда, «Дәулет – есіктен, ақыл – бесіктен» демекші, тәрбие отбасынан басталады. Болашақ ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Осы ретте ақ жаулықтылардың форумында қатысушылар ұрпақ тәрбиесіндегі мазмұнды мәселелерді қызу талқылап, Аналар кеңесінің жүйелі жұмысына ризашылықтарын білдірді. Форум соңында ауданның ардақты аналары марапатталып, қатысушылар әдемі концерттік бағдарламаның куәгері болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: