Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық құндылықтарымыздың түп-тамыры ауылдан бастау алады

13.11.2022, 15:45 116

Ауданымыздың аумағында орналасқан Аманөткел ауылдық округі – халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы ілгерілеп келе жатқан, ынтымағы жарасқан тұрғындары бар өңірдің бірі болып табылады. Биыл іргесі қаланып, керегесі бекіген Аманөткел ауылына 100 жыл болса, мерейтоймен тұспа-тұс келген, ауданымыздағы бір ғасырлық ғұмыры бар білім ордаларының бірі – № 73 орта мектебіне де 100 жыл толып отыр.

Аманөткелдіктер «Жыр қонған, ырыс қонған – Аманөткел» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырып, ауыл іргесіндегі орталық алаңда құтты қонақтар мен қалың көпшіліктің басын қосты. Мерейтойға арналған салтанатты шараның негізгі мақсаты – ауылдастар мен меймандарға туған жердің тарихын таныта отырып, ұлттық болмыстың негізінде лайықты ұрпақ тәрбиелеу.

Жазық даланың көкжиегі сахна сәнімен жарасып, онда күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлері көптің көңілін көтерді. Концерттік бағдарламаның шымылдығы аудан өнерпаздарының туған елдің тарихынан сыр шертетін «Алтын қазық – Аманөткелім!» атты қойылымымен ашылды.

Одан соң, думанды шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Серік Сермағамбетовке беріліп, аудан басшысы ауыл тұрғындарына ақжарма ізгі лебізін арнады.

«Біздің ұлттық құндылықтарымыздың түп-тамыры ауылдан бастау алады. Ауыл – халықтың тұрмыс-салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, рухани тіршілігіміздің қайнар көзі. Бүгінде бір ғасырлық тарихын қалыптастырған, Аққұлақ, Ақшатау, Хан елдімекендерін біріктірген Аманөткел ауылдық округінде халық саны екі жарым мыңға жетті. Елдің хал-ахуалы түзеліп, заманға сай тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой түзеуде. Кәсіпкерлік саласы да кеңінен қанат жаюда. Бұған қоса ауыл бүгінде толықтай ауыз сумен қамтылған. Былтыр ауыл ішіндегі 2 көше толық жарықтандырылып, жастарға арналған ашық спорт алаңы, жазғы стадион абаттандырылып, демалыс саябағы қоршалса, биылғы жылдың өзінде заманауи үлгідегі жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені халық игілігіне берілді.

Сырдың бойын жағалай қоныстанған, берекесі мен бірлігі жарасқан Аманөткел ауылының несібесі мен берекесі арта бергей. Ғасыр белесін бағындырған мерейтойларыңыз құтты болсын!» деп аудан әкімі тұрғындарды қос қуанышымен құттықтады.

Ашық аспан астында сәні мен салтанаты келіскен сахнадағы концерт ұлттық ойындарға ұласқан спорттық бәсекемен жалғасты.

Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов 100 жылдық тарихы бар ауыл мектебіне ат басын бұрды. Аудан басшысы білім ұясының ішінен ашылған мұражай жұмысымен танысып, құрмет кітабына ғасырлық тарихы бар мектеп ұжымына арнап құттықтауын білдірді.

Атаулы күнде ғасырлар шежіресінен сыр шертетін «Жыр қонған, ырыс қонған – Аманөткел» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ауыл антологиясының авторлары Жұмабай Жақып пен Шындалы Әбдіраманов бұл жинақта Аманөткелдің ерте заманғы тарихы, кешегісі мен бүгіні, ел азаматтарының өнегелі жолдары қамтылғандығын айтты. Сондай-ақ шығарма өткеннен сабақ алып, келер күнді бағдарлауға келешек ұрпаққа темірқазық секілді жол көрсетер туынды болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: