Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыйым салу тақтайшалары жеткіліксіз

28.05.2021, 12:00 442

HALYQLINE.KZ

Жыл басынан бері Қызылорда қаласы бойынша 70 өрт оқиғасы тіркеліп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7,1 пайызға төмендеген. Орын алған өрт және өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша 67 кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында айтылды. Жиынның басты тақырыбы – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою.

Комиссия отырысында екі мәселе қаралды. Қазіргі кезде күн райының қатты ыстық болуына байланысты өрт қаупі туындауы мүмкін. Осы ретте тілсіз жаудың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

 – Қала аумағында тіркелген 70 өрттің салдарынан 2 млн 697 мың теңге материалдық шығын келді. Оқиға салдарынан 5 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған. Өрт оқиғаларының 4-еуі – түрлі нысандарда, 4-еуі – жеке секторларда, 16-сы автокөліктерде және орман, найзағай өрті салдарынан 5 өрт оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ, қасақана өртеу оқиғасы бойынша 5 факті, электр тогының қысқаша тұйықталуынан 30 оқиға, тұрмыстағы пешті пайдалану салдарынан 8, абайсызда орын алған 24 оқиға тіркелген. Өрттің басым көпшілігі тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан болып отыр, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.

Бұл мәселеде қала әкімі көрсеткіш төмен болғанымен, өрттен қаза болғандар мен жарақат алғандардың саны артқандығына алаңдаулы. Оқыс оқиғаның алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, бақылауға алуды тапсырды.

Комиссия отырысында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де айтылды.

 – Бұл күн тәртібіне іліккен өзекті мәселе екені белгілі. Балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлар қауіпсіздік шараларын ширата түсу қажет екендігін көрсетіп отыр, – деді қала әкімі Ғ.Қазантаев.

Аталған оқиғаларға байланысты жауаптыларға суға шомылу маусымы аяқталғанға дейін полиция басқармасымен бірлесе отырып, тыйым салынған су айдындарына рейдтік және патрульдік іс-шараларын тұрақты жүргізуді жүктеді.

Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Қазсушар» РМК филиалына қарасты «Байқадам» су торабында болған қайғылы жағдайға да тоқталды. «Бұл жағдай жанымызға қатты батты» деген Ғанибек Қонысбекұлы алдағы уақытта су торабының аумағында қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін айтты.

Өз кезегінде «Қызылорда сушар» өндірістік учаскесінің бастығы Жорабек Ибрагимұлы су арнасының бойында орналасқан көпір тұрғындардың пайдалануына арналмағанын, су шаруашылығының өлшеуіш құралдарына арналған өткел екендігін айтты. Дегенмен, шаһар басшысы «басты орында адам өмірі мен қауіпсіздік екенін ұмытпайық» деп қауіпсіздікті күшейту мақсатында тиісті шараларды қолға алу қажеттігін жеткізді.

Күн тәртібінде белгіленген екінші мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева қосымша баяндама жасап, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы кезіндегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлім тарапынан атқарылып жатқан шараларды тарқатты.

 – Соңғы үш күнде оқушылардың қатысуымен үш қайғылы оқиға тіркелді. 24 мамыр күні №271 мектеп-лицейі оқушысы, 25 мамыр күні №280 мектеп оқушысы, 26 мамыр күні №11 мектеп оқушысы суға кету жағдайларымен қаза тапты. Суға кету жағдайының басым көпшілігі мектеп жасындағы балалар арасында болып жатқандығына байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Д.Қонақбайқызы.

Айтпақшы, қала аумағына 50 дана «суға шомылуға тыйым салынады» деген ескерту тақтайшасы мен 16 дана билборд қажет екені де осы жиында айтылды. Комиссия отырысын қорытындылаған қала әкімі жауаптыларға осы мәселені тез реттеуді, каналдар мен көлдерге күнделікті аралау жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: