Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ту туралы толғам

02.06.2022, 11:20 503

Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.

2020 жылы Түркістан облысының бірқатар ауданын су басты. Сонда бір азаматтың видеосы кеңінен таралды. Ол су астында қалған туды мақтаныш­пен жағаға алып шығып келе жатты.

Жыл басындағы «Қаңтар оқиғасында» да туға қатысты бір оқиға елді елең еткізгені рас. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде белсенді азамат қанша оқтың дауысы естілсе де, өзіне қарай бағытталып жатса да, туды төмен түсірмеді. Тіпті, көк түтін арасында көк туды қаһармандықпен ұстаған фотосы танымал  болды.

Жақында ғана Шымкент қаласын­дағы орталық стадионның шатыры ойын кезінде ұшып түсті. Алаңға жинал­ғандардың бір бөлігі «шатыр астында адам қалып қоймады ма екен?!» деп алаңдады. Абырой болғанда, адам аман. Бірақ, жиналған көпшілік туды байқаған. Мемлекеттік рәмізді үйінді астында қалдырмауды жөн көрген жігіттердің іс-әрекеті тағы да видео арқылы қалың қазаққа тарады. Бәрекелді дестік, бөлістік, алғыс айттық.

Ал, соңғы аптада әлеуметтік желі­лерде «Желбіретіп  көк  туды» деп ән  салып, елге «интеллигентно қууды» ұсынып жүрген «Ирина Кайратовна» тобы мен «Шиза» есімді «әншінің» сахна төрінде туды қолға орап, умаждап тұр­ғаны, бейәдеп сөздер айтқаны туралы  видеосы  жарқ  ете  қалды.

Екі күннен соң, яғни 4 маусымда мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеміз. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Рес­публикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы екені анық. Ал, киелі делінетін сахнада осындай жағдайлардың болып жат­қаны көпшілікті алаңдатуда. Қатаң жаза қолдану керек дейтіндері бар. Керісінше, «балағат сөз айтқаны болмаса, видеодан мемлекеттік рәмізді қорлаған жерін көріп тұрғаным жоқ» деушілер  де  табылады.

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері, журналист Берік Сұлтан: «Өзгенің қолында тудың мыжылғанын көру жүрегіме қатты батты! Сынағым келіп тұрған жоқ. Қателескен шығар. Өмірде бәрі қате­леседі ғой. Өткен іс өтті. Болған іс болды. Бірақ алдағы уақытта көк туды әр қазақтың жүрегінде желбіретуге жұмыс істелу керек! Сонда ешкімнің қолында мыжылмайды!» дегенді айтады. Сондай-ақ, өзінің туға деген құрметін  былайша  бейнелейді.

– 90 миллиондық аудиториясы бар ESPN арнасы арқылы туымызды әлемге көрсеттік! Көк ту президент барғанда және спортшы жеңгенде желбірейді! Басқа уақытта миллиондаған доллар берсең де, туыңды өзгенің арнасында әлемге  насихаттай  алмайсың!

…Басқаларды білмеймін, бірақ менің тумен қатынасым ерекше! Оны бәріңіз білесіздер! Тумен доспын! Ту – менің серігім, ту – менің шабытым! Бәрі біледі, жекпе-жек уақыты келгенде, туды үтіктеймін. Видеосын да біраз жұрт көрді. Кей спортшылар рингке үтіктелмеген тумен шықса, жаным ауырады. Әлемге мыжылған туды көрсеткен ауыр тиеді! Сол қателікті  біздің команда жасамау керек деген талап қойғанмын! Сол үшін әр жекпе-жек алдында туды  үтіктеп  қоямын! – дейді  ол.

Жалпы, әншілердің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» делінеді. Ал, бұл баптың санкциясы бойынша Қазақстан Республика­сының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, болмаса сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал көптің алдына шығып бейәдеп сөз айтқаны, этика­ға қайшы қылықтар көрсеткені Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы «Ұсақ бұза­қылыққа» жатады. Заң бойынша қоғамдық орындарда былапыт сөйлеген адамға 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 10 тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алынады.

– …Замандастарым ИК мен Шиза да мен сияқты адасушылардың қата­рынан болса керек. Жастықтың буы­мен ойсыз бір қадам жасап еді, бүкіл қазақ табалап жатыр. Ағалық көрсетіп, түзу жолды сілтейін, оң көз­қарас танытып, тағы бір мүмкіндік берейін деген ешкім жоқ. Осыдан бірер ай бұрын табанын жерге тигізбей мақтаған жалған блогерлер де солардың  арқасында  хайп ұстап қалуға барын салып жатыр. Біз неге кемшілік іздеуге құмармыз? Иә, олар үлкен қателік жасады, кешіру қиын. Бірақ, жастық шақта қателеспеген кім бар? Керісінше,  қоғам оларға  ақыл айту керек  еді ғой. Халықтың кешірімін алудың жолын айту керек еді. Бірақ…. Ел ағалары да көптің ығына жығылып, жастардың жебіріне жетіп жатқаны қынжылтады. Бәрі популист, ешкімге сенбеймін! Осы кезде Абай атамыздың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені еске түседі екен…, – дейді  журналист  Бекзат  Аманов.

ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин де келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді. Ол туымызды қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке  тартылатынын  еске  салды.

– Алматы қаласындағы концертті білуімізше, «NS group» ЖШС ұйым­дастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың  мемлекеттік  туға қатыс­ты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым  мәдениет  пен  этикетті  меңгеруі  қажет.

Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіз­дігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір  азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер  тұтуы  қажет деп  санаймын, – деді ол.

Қазақта «Тумай туа шөккірлер-ай» дейтін қарғыстың түрі бар. Дәл осыны ту төңірегінде шу шығарғандарға бағыттап жатқандар бар. Қалай десек те, сахна мәдениетін сақтау, мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарау біз үшін өте маңызды. Аталған топ мүшесі бұл үшін кешірім де сұрады.

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: