Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл – ұлттың қазынасы

23.09.2022, 15:00 651

Тіл – қастерлі, қасиетті ұғым. Ана тілінсіз ұлт та, ел де болмақ емес. Біздің тіліміз әлемде сөздік қоры көп тілдер қатарына жатады. Бір ғана «Абай жолы» романын оқыған шетелдіктер қазақ тілінің шұрайлылығына таңданысын білдіруде. Әрине, оның өзі түпнұсқасы емес. Аударманың өзінен солай әсер алуы – қазақ тілінің көркемдігі деуге болады.

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді тіл білімінің негізін салушылардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы. Дағыстандық ақын Расул Ғамзатовтың «Егер тілім болса ертең құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген өлеңі көпшіліктің есінде болар. Мұны ақынның тебіренісі, ана тілі жолында өзін де құрбан етуге дайын екендігі деп ұғынуымыз керек. Ұлт ұстазының жоғарыдағы сөзіндегі бір сөйлеміне ерекше тоқталуға болады. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Иә, сондықтан ана тілімізде сөйлеушілердің қатарын толықтырып, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға дағдылануымыз керек. Бұл жолда педагогтардың атқаратын қызметі орасан. Біз өз кезегімізде әр оқушының ана тілінде тұнық сөйлеуіне, дұрыс жазуына ықпал етеміз.

Иә, тіл əрбір адамның бойына ана сүтімен дариды. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған таусылмас қазынасы. Ана тіліміздің қадір-қасиеті туралы қанша айтып, жазып тауыса алмаймыз. Бабадан ұрпаққа аманат болған ана тілін көздің қарашығындай қорғап, тілдің тазалығына, көркемдігіне ерекше мəн беруіміз керек.

Хәкім Абай «Бір тіл білсең – бір адамсың» дейді. Әрине, бұл пікірмен әбден келісуге болады. Өзге тілдің бәрін білудің еш әбестігі жоқ, тек өз тіліңді ұмытпасаң болды. Жалпы, көп тіл білудің артықшылығы да көп.

Мақпал БАЛТАБАЕВА,

№41 М.Шоқай атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: