Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Темірбек Жүргенов қалай ақталды?

19.05.2022, 10:20 864

***

Бұл жолы Дәмеш Әмірханқызының тілегіне назар аударыла бастады. Сең қозғалды. Тиісті мекемелер арасында көтерілген мәселеге байланысты хат алысулар жүргізілді. Солардың бірі мынандай. 1955 жылғы 4 қарашада ССРО Бас әскери прокуратурасы Алматыға «Айрықша бақылау» айдарымен, «құпия» деп көрсетіп, «Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің төрағасы генерал-майор Губин жолдасқа» арнайы  хат  жолдады.

«Сіздің 1955 жылғы 8 қазандағы №8/2-1028 сұрауыңызға сәйкес Жүргенов Темірбекке ашылған ар­хивтік-тергеу ісін жіберіп отырмын»,- делініпті онда. «Осымен бір мезгілде Жүргенов  ісі  бойынша  РСФСР УПК (ҚПК, қылмыстық-процессуалдық кодексі) 373-377-баптарында көзделген ретпен қосымша зерттеу жүргізуді сұраймын, – деп жалғас­тырылыпты бұл хат, – өйткені іске тігіл­ген материалдар бойынша дұрыс шешім  қабылдау  мүмкін  емес».

Сосын Жүргеновтің үкім бойынша қандай жайттарға байланысты айыпты деп табылғанын еске салған: «…ол 1931 жылдан антисоветтік ұйым­ға қатысушы болып табылады, осы ұйымға ол жаңа қатысушылар тартумен шұғылданды және диверсиялық-зиянкестік қызмет жасады. Жүргенов алдын ала жүргізілген тергеуде де, сотта да өзінің айыпты екенін мойындады».

Осыны айта келе, істі қайта қарау­ға не себеп болғанын айтыпты: «Сотталған Жүргеновтің әйелі, азаматша Ермекова Д.Ә. СОКП ОК (Совет Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті) жанындағы КПК (партиялық бақылау комиссиясы) адресіне жолдаған арызында оның күйеуі Жүргенов халық жауы Берияның құрбаны екенін айтып, күйеуінің сотталуының дұрыс-бұрыс­тығын  тексеруді  сұрайды».

Бас әскери прокуратура Жүргеновтің ісін зерттеп қарағанда оның толық тексерілмегеніне көз жеткі­зіпті. «Алдын ала тергеуде Жүргенов өзінің антисоветтік ұйымға жататынын жоққа шығармай, сонымен бірге оның жеке өзі ұйымға» бірнеше адамды (Баймахановты, Айтменовті, Әсімовті, Үсеновті, Залиевті, Тағаев­ты, Шынтасовты, Махинді және Сұлтановты) тартқанын көрсеткен екен. «Алайда көрсетілген адамдар іс бойынша тергелмеген және олар қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па, белгісіз. Жүргеновтің айыптау қорытындысында көрсетілген диверсиялық және зиянкестік қызметі ешқандай құжаттық деректермен расталмаған».

Сондықтан қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде тізімде көрсетілген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма – соны анықтау керек. Егер олар сотталған болса, онда олардың істерін егжей-тегжейлі шолған анықтама жасалып, оларды кім және қашан тұтқындады, олар Жүргеновке қатысты алдын ала тергеуде және сотта қандай көрсетулер берді, олардың көрсетулері тергеулердің Жүргенов ісіне тігілген түпнұсқалық хаттама­ларына сәйкес келе ме, жоқ па, ашып жазылсын делінген. Сондай-ақ Шанинге, Андижановқа, Сукинге, Құрамысов пен Нұрмұхамедовке және Қожанов, Рысқұлов, Нұрмақов, Құлымбетов, Сәдуақасов, Асфендиаров, Сейфуллиннің көрсетулері Жүргенов ісіне тіркелген басқалардың да архивтік-тергеу істері бойынша толық шолу-анықтамалар жасалуын сұраған, оларда да Баймаханов, Айтменов және басқалардың істері бойынша жасалмақ анықтамадағы сұрақтар қамтылуы тиістігін  ескерткен.

Бұлардан кейін Темірбек Жүргенов қызмет атқарған Ақтөбе облысының Ырғыз аудандық атқару коми­тетінен оның әлеуметтік жағдайы туралы анықтама алыну тапсырылған (түрмеде толтырылған анке­та бо­йынша – Ырғыз оның туған ауылы).

Жүргеновті Айыптау қорытынды­сында және оның 1937 жылғы 8 қыр­күйектегі көрсетулерінде айтылған зиянкестік пен диверсиялар жөнін­дегі фактілер әлдеқандай объективті деректермен растала ма, соны көзі тірі куәлерден жауап алу және ҚазССР Ағарту министрлігінің тиісті архивтерін тексеру жолымен анықтау қажет екені айтылған. Жүргеновтің көрсетулерінде ағарту саласы бойынша зиянкестікпен айна­лысты делінетін «Мүсірепов, Тәштитов және басқа да адамдар жауап­кершілікке тартылды ма», соны да тексеру, аталған адамдар сотталған болса, тиісті анықтамалар жасалуы  сұралған.

Арнайы бір тармақта Жүргенов­тің ағарту халкомы боп істеген кезінде жұмыс бабы бойынша қалай сипат­талғаны анықталсын деген талап қойылған. Бұл үшін Жүргенов­пен бірге істеген адамдарды тауып, қосымша тергеу жүргізілсін делінген.

Партархивті қарау, қандай деректер негізінде партиядан шығарыл­ғанын анықтау тапсырылған. Қандай да бір антипартиялық топтар мен оппозицияда болғаны жөнінде құжат­тық дерек бар ма, партқұжаттар бойында ол қалай бағаланған екен, тиісінше мағлұмат  берсін делінген.

Қазақ ССР НКВД-сының бұрын­ғы қызметкерлері Брузгулис, Рупасов, Залин, Оспанов, Розенфельд қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма екен, тексеру керек деп атап айтқан. Егер аталған адамдар жауапқа тартылған болса, олардың істері бойынша шолу-анықтама жасап, онда Жүргеновтің ісін бұрмала­ғаны және тергеудің заңсыз тәсілдері қолданылғаны жайында оларға айып тағылған ба, соны көрсетсін деп сұралған.

Қажет болған жағдайда тексеру барысында туындауы ықтимал және Жүргенов хақында шешім қабылдау кезінде маңызы болуы мүмкін басқа мәселелер  де  анықталсын  дейді.

Осылардың бәрін Бас әскери прокурор көмекшісінің міндетін атқарушы, юстиция подполковнигі Долженко жеке-жеке түйіндеп айтып,  тапсырманың орындалуын 1956 жылғы 5 наурызға дейін күте­тінін ескерткен. Содан соң ол хатын: «Азаматша Ермекова Д.Ә. берген шағым  СОКП  ОК жанындағы ПБК-ның (КПК) айрықша бақы­лауында тұрғанын  құлағдар  болу  үшін  хабар­лаймын», – деп  аяқтапты.

Бас әскери прокуратураның Мәскеуден жолдаған хатына сәйкес Қазақ мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан шақта, 1955 жылғы 23 желтоқсанда, Түркістан әскери округінің Әскери трибуналы «отан опасызы отбасының мүшесі» ретінде жазаланған Дәмеш Әмірхан­қызы Ермеко­ваның ісін қайта қарап, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақтады. Бұл қуанышты хабар-тын, бірақ оны жартылай ғана жеңіс деп санаған Дәмеш Әмірханқызы жүрегі лүпілдеп, басты хабарды тосты. Темірбек жайындағы өтінішінің қара­лу барысын тағатсыздана сұрас­тырды.

Алайда билік тұтқасын ұстағандар асықпады. 1956 жылғы 14-25 ақпанда СОКП-ның ХХ съезі өтті. Съездің соңғы күнінде СОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев «Тұлға культі және оның салдарлары» атты әйгілі баяндамасын жасады. Сталиннің жеке басына табынудан туған сорақылықтар әшкереленді. Аталмыш партсъезден кейін Үлкен террор жылдары жазықсыз жазаланғандарды ақтау жүйе­лі түрде жүре бастаған тәрізденді. Алайда Темірбек Қараұлы жайынан Дәмешке көңіл жұбатарлық хабар әлі  жетер  емес…

Ақыры Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінен 1956 жылғы 14 тамызда Мәскеуге, Бас әскери прокура­тураға, юстиция подполковнигі Долженкоға жауап хат жөнелтіл­ді. Онда: «Жүргеновке тағылған айыптың толық емес, нақты емес екендігі және қайшылықты мате­риалдарға негізделгені жүргізілген тексеріс барысында анықталды», – деген қорытынды айтылып, дәлел ретінде көптеген мысалдар келтірілді.

Атап айтқанда, Жүргеновтің ұлтшылдық контрреволюциялық ұйым­ға мүшелер тартқаны, ағарту комиссары кезіндегі зиянкестік қызметі қосымша тексеру материалдарынан көрініп тұрғандай, расталмады деп хабарланды. Халкоматтың куә ретінде тергелген бұрынғы қызметкерлері оны тек қана жақсы басшы ретінде сипаттады. Көрсетулердің көптігіне қарамастан, халық комиссарының антисоветтік ұлтшылдық ұйымға қаты­суы жеткілікті дәрежеде дәлел тапқан  жоқ.

Жандосов және басқалардың оны Қазақстандағы көтерілістерді басқарды дегені де ешқандай ресми мәліметтерде расталмайды. Жүргеновтің диверсиялық қызметі жөніндегі көрсетулерге де нақты дәлел табыл­мады.

1936 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің бір лабораториясында шынымен де өрт болған екен, бірақ өрттің неден шыққаны кезінде анықталмағанын Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі мұқият тексеріп барып  хабарлаған  көрінеді.

Жүргеновтің шпионажға қатысы, халық шаруашылығына, мәдениетке тигізген зиянкестігі жөнінде ешқандай дәлел болған емес. Оның ісінде антисоветтік ұлтшылдық ұйым мүше­лері ретінде аталатын көптеген адамдар (Мүсірепов, Мұқанов, Әуезов, Байсейітов және басқалар) жауап­қа тартылмаған, ал Мирзоян мен Исаевты 1956 жылы Жоғарғы сот  толық  ақтаған.

«Партиялық архивтен Аманжо­ловтың 1937 жылғы 30 тамызда жаз­ған шағымынан басқа, Жүргеновтің антисоветтік қызметі туралы ешқандай дерек кезікпеді» деп хабарланды одан әрі. Аманжолов шағымында Жүргеновті ұлтшыл адам ретінде сипат­тап, оның «Алашорда» контрреволюциялық ұйымымен бір екенін айтқанымен, «онысын қазіргі таңда да растап жүргенімен», келтірген дәлелдері қандай да бір материалмен расталмайды, әрі Жүргеновтің «Алашордаға» жататыны жайлы архивте дерек  жоқ.

Осы айтылғандарды ескергендіктен және «Жүргенов ісі бойынша тергеу жүргізген НКВД-ның бұрын­ғы қызметкерлері Залин сотталып, ал Катков пен Оспанов социалистік заңдылықты бұзғаны үшін органнан шығарылғандықтан», Жүргенов Темірбекті айыптаған іс қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен тоқ­татылуы тиіс. Тексеру нәтижесін осылай  тұжырымдаған хатқа Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Арыстанбеков қол қойған.

Ақыры 1957 жылғы 18 сәуірде ССРО Жоғарғы сотының ұйғарымы шығарылды. Істі қарау кезінде Бас әскери прокурор тексеру қорытындысы бойынша үкімнің күшін жоюды сұраған, өйткені 1956 жылы жүргізілген қосымша зерттеулер мен тергеулер айыптау үкіміне негіз болған дәлелдерді дәйексіз деп тауып, жоққа шығарды. Жүргеновтің көрсетулеріндегі мойындаулары өзіне жалған кінә тағу («самооговор») ретінде қаралуға тиіс, себебі жүргізілген тексерулер оның ешқайсысына  да  нақты  дәлел  таппады.

Жүргеновті халық ағарту саласында зиянкестік жасаумен шұғылданды деп тағылған айып та расталмады. Керісінше, Қазақ ССР-індегі оқу орындары жыл сайын көбейіп отырған және ол тікелей Жүргенов­тің белсенді рөл атқаруының арқасында  мүмкін  болған.

Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің партархиві оның ешқандай антипартиялық топтарға қатыспағанын, ағарту халық комиссары ретінде өлкеде мәде­ниет құрылысы мәселелерін шешуде большевиктік табандылық көрсетіп отырғанын, партиядан тұтқын­далуына байланысты шығарылғанын  хабарлапты.

Социалистік заңдылықты бұзған тергеушілер қауіпсіздік органынан аласталған.

Жоғарғы соттың Әскери алқасы осылардың бәрін қарай келе, Жүр­ге­нов Темірбекке 1938 жылғы 25 ақ­панда шығарылған үкімді жоюға, ол жөніндегі істі қылмыс құрамы болмағандықтан, доғаруға ұйғарды.

Темірбек Қараұлы Жүргенов 1957 жылдың 18 сәуірінде осылай толы­ғымен ақталды. Бұл кезде Алматыдағы медицина институтында сүйік­ті қызметін атқарып жүрген Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова қуаныштан көз жасына ерік берді…

Сосын тез қатуланып, бойын жиып алды, себебі алда жазықсыз саяси репрессияланудан ақталған ерінің елі үшін жасаған ерен еңбегін жаңғыртып, халқына таныту сынды ұлан-ғайыр  жұмыс  тосып  тұрған.

Бұл істе оған Темірбек Қараұлының жерлесі, әрі өзі де қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Мардан Келдібайұлы Байділдаев риясыз жәрдем көрсетті. Ол Әдебиет және өнер институтының ғылым қызметкері, халық әдебиеті үлгілерін жинаушы, зерттеуші болатын, кезінде бұл ізденімпаз жас фольклоршыны Мұхтар Әуезов ғылымның еңбекторысы деп атаған-тын. Ұлы ғалымның бұл бағасын Мардан Келдібайұлы жаңа қырынан да ақтады, ол есімі мен еңбегі «халық жауы» болғандықтан тарих қоқысына ысырылып тасталған, іс жүзінде ұмыттырылған Темірбек Жүргеновтің өмір жолын жаңғыртуға  өлшеусіз көп еңбек сіңірді.

Ғаламат мемлекет және мәдениет қайраткері жайында қилы зерттеулер мен мақалалардың жазылуына қозғау салды, оның ақталуына көп қажыр-қайрат жұмсаған жұбайы Дәмешті жұртшылықпен кездесулерге апарып, танымдық, насихат­тық жұмыстар жүргізді. Әсіресе оны күйеуінің Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы жерлестері­мен, ағайын-туғандарымен іс жүзінде бірінші рет табыстыруы керемет оқиға  болды…

Қайта құру саясаты дәуірлеп тұрған жылдар еді, қайраткердің тоқсан жылдығына орай өтпек мерей­тойға қатысу үшін Алматыдан Жалағаш­қа арнайы делегация келген. Делегацияның ерен де ерек мүшесі, бас тұлғасы Дәмеш Әмірханқызы сонда ерекше толқыған. Себе­бі Темірбектің көзі тірісінде оның туып-өскен жерін, туысқандарын көрудің ыңғайы келмеген-тін. Ондай мүмкіндік, міне, енді ғана, қартайған шағында туды. Тебіреніп, естелік айтты, өзі тұңғыш көрісіп отырған ел-жұртқа, азаматының туыстарына келін ретімен иіліп сәлем  салды…

Бақыттан бас айналғандай-тын. Ерінің адал есімін қоғамға қайтару мақсатында қандай қиындықтар мен кедергілерді бастан кешті, ақыры жетті мұратқа! Осыны ойлағанда өз жеке басының жетістіктері (1966 жылы республикаға еңбек сіңірген дәрігер атағын алуы, 1982 жылы Алматы қаласының құрметті азаматы атануы) қатардағы жайттар секілденді. Жан жары, күллі күш-жіге­рін республика мүддесіне сарқа жұмсаған қайраткер халқымен қайта қауыш­ты, шын қауышты! Міне, нағыз  қуаныш!

Алда оны терең тани түсу, есімін мәңгілікке қалдыру шаралары тосып тұрған. Алайда Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова оларды көре алмады, 1990  жылы дүниеден өтті…

Бүгінгі таңдағы репрессия құрбандарын толық ақтау міндеті тұр­ғысынан қарағанда, Темірбек Қара­ұлына қатысты негізгі шаралар орындалған. Істі солақай, дөрекі тәсілдер қолдану арқылы бұрмалаған тергеушілер де өз жазаларын алған, тіпті Қазақ Республикасының ішкі істер халық комиссары лауазымында талай қызметкерді жазықты етудің басында тұрған Лев Борисович Залин де ССРО Ішкі істер халкоматында бөлім басқарып отырғанымен ұсталып, атып  тасталған.

Дегенмен бұрын қолданылған шаралармен шектелу жеткіліксіз тәрізденеді. Өйткені тұтқындарды физикалық азапқа салу арқылы керекті нәтижеге қол жеткізуге тырысу ол кезде тергеудің ажырамас бөлігіне айналғаны анық, бұдан бүгін де құтылдық деп айта алмаймыз, ал бұл ойландырмай  қоймайды.

Рас, әдетте құпия жүргізілетін мойындату шаралары қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктердің арқасында тез жарияға шығып, бұрын­ғыдай  жабық қала бермеуге айнал­ды. Тек оларды дәлелдеу қиын. Өйткені шағымды тексеру әдетте сол азаптауға жол берушілердің өздеріне тапсырылады…

Демек күштік құрылымдардың жазалаушылық «өнерлері» әшкереленгенмен, айыпталмай қала беруін көрген сайын қара халық қолына зор билік шоғырландырған әділетсіздерге деген жеккөрушілік сезімін күшейте түседі деген сөз. Сондықтан да өткен ғасырдағы қуғын-сүргіннің қыр-сырын бүкпей анықтап, заң қызметкерлерінің заңмен бүркелген заңсыз тәжірибелерінен дұрыс сабақ ала білу қажеттігін ұмытпау парыз.

Мәселені репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекет­тік комиссия терең зерттесе орынды болар еді. Тергеу барысын, жауап алулар үдерісін қоғамдық бақылау­да ұстайтын, әр заңсыз әрекетке дер кезінде тыйым салатын, жалпы тұтқындармен қарым-қатынасты ізгі­лендіруді көздейтін тиімді әдіс­тер табу қажеттігін ойдан шығармау ләзім.

Суретте:

Т.Жүргенов  абақтыда.

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: