Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СССР-де арамтамақтық туралы Заң болған еді

23.10.2023, 16:10 259

HALYQLINE.KZ

Патша кезінде «тунеядец» деген термин сот актілерінде кездескенмен, олар қудаланған жоқ. 1917 жылы өкімет басына келген большевиктер байлар, саудагерлер, алаяқтарды заңнан тыс деп жариялады, ал жұмыс істемейтін тунеядецтерді арамтамаққа теңеп, қоғамға жат элементтер деп қудалай бастады. 1918 жылы Ленин «Жарысты қалай ұйымдастырамыз?» деген мақаласында жұмыс істемейтін арамтамақ-тунеядецтің әрбір оныншысын атып тастап жоюға болатынын атап көрсетті. (Лениннің толық шығармалар жинағы, 35-том, 204-бет). 1918, 1924, 1936 жылғы Сталиндік, 1977 жылғы Брежневтік Конституцияда: «Әрбір еңбекке жарамды совет азаматы еңбек етуге міндетті және әр азаматтың еңбекпен қамтамасыз етілуіне конституция кепілдік береді»деп атап көсетілген болатын. Ал еңбек еткісі келмейтін арамтамақ-тунеядтармен ымырасыз күрес жүргізіліп отырды.

1951 жылдың 19 шілдесі мен 1961 жылдың 4 мамырында совет үкіметі арнайы Заң қабылдады, ол «Қоғамға жат саудагерлер, алаяқтар, арамтамақ-тунеядецтер сияқты паразиттермен күресті күшейту» деп аталды. Осы заңның күшін көру менің замандастарыма бұйырды. Армиядан келген жас жігіттер бір апта ішінде жұмысқа тұрмаса, учаскелік милиционер әкелік қамқорлықпен: «Сен бала көп қыдырып кеттің ғой, үш күн ішінде жұмысқа тұрмасаң, қамап тастаймын» деп өзіне де, әке-шешесіне де ескертетін. Олардың «баламыз екі жыл әскерде болды ғой, шамалы бой жазып жүрсіңші» дегенін де тыңдамайтын, себебі белгілі, күнде қыдырып жүрген жігіттер бір нәрсеге ұрынып қалатыны. Кейде армиядан келгендердің құрметіне жасалған «вечерден» мас болып келе жатқанын көрсе, қорқытып қамап та тастайтын. Амал жоқ, кешегі солдат азаматтық өмірге кірісіп жұмысқа тұратын. Егер оқу орнын бітірмесе кез келген мекеме оны аттестатпен-ақ жұмысқа алып, екі айға үйренуші қылып, сосын разряд бергесін токарь, слесарь, ағаш ұстасы, сылақшы, тас қалаушы, т.б. көптеген мамандық иесі болып жұмыс істеп, үйленіп адам болып кететін. Қазіргі кезде қолдарында қос-қостан дипломы бар, бірақ істейтін жұмыс жоқ жастар бұны, әрине, білмейді. Социалистік (әлеуметтік) революция нәтижесінде орнаған совет өкіметі ең алдымен еңбек адамына құрмет көрсететін, жалақыны жоғары төлейтін. Сондықтан армиядан келген жастар оқуға құлықсыз еді, басын қатырып не қылсың, бір жұмыстан шықса екіншісі дайын тұратын. Дегенмен, жұмыс істегісі келмейтін тунеядецтер болды, оларды учаскелік милиционер фотодағыдай «учетная карточка тунеядца» деген дайын құжатпен есепке алды, онда екі рет ескерту берілді деген жолға қол қойдыртып алады, үшінші ескерту берілмейтінін білген арамтамақ-тунеядец жұмысқа тұруға мәжбүр болды. Егер төрт ай бойы жұмыс істемесе, ол қамауға алынып, үйі мен мүлікі сот арқылы тәркіленіп, өзін 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, еңбекпен түзету коллониясына айдап жіберетін. Жазасын өтеп келген соң жұмысқа орналаспаса, онда қылмыстық іс қозғалып, қоғамға қауіпті адам ретінде сотталатын. Бұл қоғамды сауықтыру шарасы ұлы Абайдың: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық. Аздырар адам баласын» деген сөзіне келетін, жұмысы жоқ адам ерте ме, кеш пе бәрібір бір бәлеге ұрынатыны белгілі еді.

1982 жылы бұрынғы КГБ шефі болған Ю.В.Андропов СССР-дің басшысы болғанда саудагерлер, байлар мен тунеядтарға ымырасыз күрес жүргізді, жұмыс уақытында кинода, моншада, т.б. жерлердегі адамдар тексеріліп отырды, егер жұмыс уақытында болса, олар әкімшілік жауапқа тартылды. Оларды «БОРЗ» деп атады, оның аббревиатурасы былай деп оқылады. «Без определенного рода занятий», сол кезде ғой «Борзыйсың ба?» деген сөздің шыққаны. 1991 жылы СССР нарықтық экономикаға өткендігі жарияланды, сол кезде КПСС ОК мен Министрлер комитетінің «О занятности населений» деген Қаулысы шықты, ол бойынша саудагерлер мен тунеядтар қудаланбайтын болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: