Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сортөбе ескерткіштер тобының археологиялық зерттеу жұмысы (Фото)

18.08.2020, 14:40 1516

HALYQLINE.KZ Биылғы далалық қазба маусымында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан Сортөбе ескерткіштер тобына ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Далалық зерттеу жұмыстары Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау» мемлекеттік мекемесі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасында шарт негізінде іске асуда.

Зерттеу жұмысының мақсаты – Сырдария өзені шайып, жойылу алдында тұрған ортағасырлық Сортөбе І және ІІ қалашықтарындағы архитектуралық құрылыстарды сақтау, ескерткіштерді ашық аспанасты мұражайына айналдыру және Қызылорда облысының туристік картасына енгізу.

Зерттеу тобы – Жанкент археологиялық экспедициясының (ЖАЭ) Сортөбе тобы. Экспедиция жетекшісі – Ә.Ә.Тәжекеев. Сонымен қатар, экспедиция Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, Шығыс музейі (Ресей), Измир университеті (Түркия), Эберхард-Карл атындағы Тюбинген университеті, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі және Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандарынан жасақталған.

Сортөбе І қалашығында 2007 жылы Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Шірікрабат археологиялық экспедициясының археологиялық барлау тобы және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» (директоры М.Елеуов) ЖШС-нің археологиялық тобы Сортөбеде болып, оның жобасын сызып, суретке түсіріп, су шайып жатқан құлама жарқабағында тазарту жұмыстарын жүргізіп, судың жағасында, суда жатқан заттарды жинап, олардың суретін салды.

Батыс қабырғасы – 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м ұзындықта сақталған, биіктігі – 3,5-4 м, төбенің солтүстік және шығыс қабырғаларын Сырдария өзені толық шайып кеткен. Оның өзен шайып кеткен солтүстік-шығыс бөлігінің оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ұзындығы – 120 м, осы бөлігіндегі мәдени қабатының қалындығы – 3,5-4 м.

Сортөбенің керамикалық кешені өте бай, онда VII-VIII ғғ. мерзімделетін бүйірі иінді, қабырғасы бүйірінен ернеуіне қарай сыртқа иілген тостағандар (қызыл ангоб) Жетіасар ІІІ кезеңімен мерзімделетін жәдігерлер арасынан және Отырар қаласынан табылған заттар арасынан ұшырасады. Сонымен қатар, Жанкенттен табылып жүрген IX-X ғғ. мерзімделетін үстінде ойып салынған сызықты өрнектері бар қақпақтар, әртүрлі мақсатта пайдаланылған «қошқар» бейнесіндегі культік бұйымдар көп кездеседі.

Аталмыш аймақтағы барлау жұмыстарының нәтижесінде ортағасырлық қалашықтардың саны үшке жетті.

2020 жылғы зерттеулер

Ғылыми-зерттеу жұмыстары Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Биылғы маусымда қазба жұмыстары төрт нысанда жалғасып жатыр. Сортөбе І қалашығының оңтүстік-батыс қабырғалары және тұрғын-үйлердің орындары аршылуда. Нәтижесінде қалашықтың жоғарғы мәдени қабаттары VIII-ІX ғғ. мерзімделетіндігін айта аламыз. Шамасы, қаладағы тіршілік Сырдария өзені арнасының ауысуына байланысты тоқтап, осындағы халық Жанкент бағытына ығысуы мүмкін. Әзірге бұл тек болжам ғана. Сортөбе І-дің пайда болған уақыты, өмір сүрген кезеңдері және ондағы тіршіліктің тоқтауына себеп болған жағдайлар осы ескерткіштің келешекте жүргізілетін археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталуы мүмкін.

Сонымен қатар, Сортөбе ІІ қалашығының «цитадель» бөлігі қолға алынды. Қазба барысында аршылған құрылыс нысандары мен жәдігерлер кешені Сортөбе ІІ-нің Сортөбе І-ден кейін өмір сүргендігін көрсетеді. Сортөбе ІІ шамамен ХІІ-ХІІІ ғғ. мерзімделеді.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: