Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шын тарихтың шырайын шындық кіргізе алады

27.05.2021, 13:00 569

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Әділ, адал, шыншыл тарихты білудің және баршаны сол тарих арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Азаматтарды отаншылдыққа баулудың, отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ел бірлігін нығайтудың бірден-бір дұрыс амалы сонда. Шын мемлекетшіл, шын мәніндегі отаншыл ұрпақ қатарын қалыптастыру үшін шынайы да әділ тарихты тәрбие жұмысына кеңінен қолдану керектігі дау тудырмайды. Осы ретте ең алдымен қазақ тарихының маңызды тұстарын және қазақ халқының мемлекеттілігі тарихын дәл білген жөн екенін айтқымыз келеді.

Қазақ халқын құрайтын қырықтан астам ру-тайпа бірлестіктері ғасыр­лар бойы ғұндардан, көк түрктерден бастал­ған ежелгі мемлекеттік құрылымдар құрамында болды. Түрк қағанаты, Шыңғыс хан қағанаты, Жошы Ұлысы (Ұлығ Ұлыс, Алтын Орда), Ақ Орда құрамында тіршілік кешкен замандарынан кейін, өмір сүру кеңістігі, шаруашыл­ығы мен тұрмыс салты, тілі, діні, ділі бір болғандықтан, 1456 жылы тарих сахнасына қазақ өз этностық атауымен шыққан да, 1465  жылы  тарихи атамекенінде Қазақ Ордасы, Қазақ Хандығы делінетін өзіндік дербес мемлекет  шаңырағын көтерген (2015 жылы 550 жылдығын атап өттік). Содан бері қазақтың күллі рулық-тайпалық бірлестіктері жаңа сапада – мемлекеттің өзіндік құрылымын түзген азаматтық қауым институттары деңгейінде дамыды. Қазақ Ордасы дербес ту тіккелі бергі әр кезеңде ел ағалары көне Созақ, Сығанақ, Сарайшық, Ташкент, Түркістан қалаларын астана етіп, халықтың тыныс-тіршілігін Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңнамалық құжаттармен  реттеуді жолға қойды. 19-ғасырдың екінші жартысында оңтүстік өлкеміз жаулап алынып, жер-суымыз бен халқымыз орыс империясы қоластына біржола қаратылғанға дейін мемлекеттігіміз небір өрлеу және құлдырау кезеңдерін бастан кешті. Отар жағдайында да елдің еркіндіксүйгіштігін көрсетер тағылымды серпілістер көп болды. Ішінде ұрпақ тәрбиесі кәдесіне асар тұстар мол сонау тарихымызды мемлекетшіл көзқараспен жаңаша түзіп, азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеу, тарихтың көмегімен рухын асқақтату ісіне пайдалану – орындалуы тоқ­таусыз  жүргізіле  беруі  тиіс  парыз.

Шын тарихтың шырайын шындық кіргізе алады. Біз еліміздің орыс бодандығына өтуінің шындығы жайында күні бүгінге дейін әділ жаза алмай жүрміз. Соның да салқыны болар, бүгінде үлкен көршіміздің көсемі бастаған саясат­керлері құдды қазақ жер-суын орыс импери­ясы сыйға берген деген күлкілі, шаласауат, бірақ қатерлі, арандатқыш долбарларын әлсін-әлсін жария етіп жүр. Алтын Орда сынықтарының бірінен орыс патшалығы қазақ хандығынан көп кейін бой көтерген-тін, дегенмен тез дамып, күшті құрылымға айналған. Қуатын көрші елдерге түрлі жолмен танытып келе жатқандықтан, оған арқа сүйеуге тырысу Қазақ Ордасы тарапынан 16-ғасырда-ақ қозғалған еді. Мәселен, қазақтардың Мәскеу мемлекетіне бодан болуы керектігі және онымен әскери одақ құру қажеттігі жайында тұңғыш рет 1594 жылы орыс тұтқынындағы ханзада Ораз-Мұхаммед пен Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед арасындағы әңгімеде көтерілген. Содан, Тәуекел ханнан тиісті тілек-хат алған соң, Феодор Иоаннович патша 1595 жылғы 28 наурызда қазақтарды Мәскеу мемлекетінің бодандығына қабылдағаны туралы Тәуекел ханға, оның ұлдары Шаһмұхамед пен Күшік сұлтандарға грамоталар жібереді. Ол өзін, тіпті, басқа титулдарымен қоса, қазақ­тардың да патшасымын деп атай бас­тайды.

Бірақ ол жолы қазақ хандығының орыс мемлекетіне кіріптарлығы бодандық грамотадан әріге тереңдемейді. Бұндай әңгіме содан бір ғасыр өткен соң ғана, 18-ғасырда, шын мәжбүрлік ахуалда қайта көтеріледі. Оған негізінен тарих сахнасына жаңа әрі күшті көшпенді мемлекет ретінде жоңғар хандығы шыққандығы, оның жайылымдық жер-су аумақтарын иелену үшін бірден өзіндей көшпенді көршісіне қырғидай тиіп, үздіксіз шабуыл жасауға кірісуі, сөйтіп, қазақ хандығымен қыр­қысуын ондаған жылдар бойы тоқтатпағандығы  себеп  болды.

Қазақияны 1680 жылдан билеп отырған Тәуке хан елі ұдайы Жоңғариямен соғыс жағдайында болуы себепті, орыс патшалы­ғымен жақындасу, онымен әр салада тату қарым-қатынаста болу жолын қарастырады. 1694 жылы Бірінші Петрге сауда-саттықты, достық қатынасты жаңғырту туралы хат жаза­ды. Сонымен бірге ол, жалпақ Қазақияны басқаруды оңтайландыру мақсатымен, үш өлкені жайлайтын үш жүзге жеке билер тағайындайды, сосын, сонау ел басқару құрылымын жетілдіруді көздегендіктен, әр тарапта ғұмыр кешкен қазақ ордаларына жеке хандар сайлау жүргізілуін қош көреді. Содан, жалпықазақ ханы Тәукенің көзі тірісінде, объективті түрде үш аймақты жайлап тұрған үш ордаға үш хан сайланады. Тарихи дереккөздер мәліметтеріне қарағанда, 1703 жылы Орта жүз бен Кіші жүздің бір бөлігіне Қайып, 1710 жылы Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігіне Әбілқайыр, 1712 жылы Ұлы жүзге Абдолла хан болып сайланған. Абдолла хан қайтыс болған соң, Ұлы жүзді  1720  жылдан  Жолбарыс  хан  басқарды.

Жалпықазақ ханы Тәуке қаһан 1715 жылы дүние салды. Одан кейін жалпықазақ ханы (қаһан, бас хан) сайланған жоқ. Сол 1715 жыл­дан бастап Орта жүз билеушісі Қайып хан барлық хандардың ішіндегі беделді әрі жасы үлкен болғандықтан, басты хан, яғни аға хан ретінде мойындалған. Орыс-қазақ байланыс­тары құжат­тарында оның орыс мемлекетінің көмегін алуды көздегенін көрсететін біраз қаты­нас қағаздары  сақталғаны  байқалады. Қазақ хандарының ішіндегі аға хан Қайып 1718 жылы қаза тапты. Сонда, Қайып хан тәрізді аға хан лауазымына 1719 жылдан Әбіл­қайыр хан ие болды. Оның ордасы сол жылдан бастап, «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған 1723 жылғы алапат жоңғар шапқыншылығы басталғанға дейін, Түркістанда орналасты. Тәуке ханның үлкен ұлы Болат Қайып ханнан соң Орта жүз ханы болды. «Ақтабан шұбы­рынды…» апаты кезінде әлде оның қарсаңында – 1723 жылы өмірден өтті. Содан соң Орта жүзге оның інісі, Тәуке ханның баласы Сәмеке сұлтан хан сайланды. Сәмеке хан қайтыс болғаннан кейін, Тәукенің немересі, Орта жүздің  Сәмекеге  дейінгі  билеушісі  болған   Болат ханның үлкен ұлы Әбілмәмбет 1739 жылы Орта жүз ханы тағына отырғызылды. Әбілқайырдың 1748 жылы қаза табуына байланысты, Әбілмәмбет сол жылдан аға хан санатында есептелді. Көп жылдар Абылай сұлтанның қамқоршысы болды. Әбілмәмбет ханнан соң, 1771 жылы, Абылай Орта жүздің және Ұлы жүздің бір бөлігінің ханы, сонымен бірге аға хан – сол кезгі ресми тілмен айтқанда: «күллі ханларның ағласы қылыб» сайланды. Қазақ мемлекеттілігінің әділ тарихы ғылыми дәлелденген осындай деректер негізінде, бұрмаланбай, байыпты көзқарас тұрғысынан жазылуға тиіс. Солай етсек, бойымызды тек мифтерге билетуден, аңыздарға арқа сүйеп, өткендегі бабаларымыздың бірін әспеттеу, екіншісін қаралау секілді келеңсіз әдеттерден біржолата арыла аламыз. Сонда ғана ол біртұтас қазақ халқының мүддесіне қызмет ететін, мемлекеттілігін мақтан тұта алатын азаматтарды тәрбиелеудің және патриотизм­нің  бұлтартпас  қайнар  көзіне  айналады.

Бүгінде талай жан бейнесін теріс түсінетін Әбілқайыр хан – жоңғарларға қарсы азаттық қозғалысын жүргізген жасақтарын 1710 жылдан 1730 жылғы тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай жеңісіне жеткенше басқарған адам. Әуелде Әбілқайыр баһадүр 1709 жылы башқұрт ханы болған-ды. Ол сол башқұрт тағынан 1710 жылы елге шақырылып, Қарақұмда өткен Кіші жүз бен Орта жүздің белгілі адамдарының құрылтайында, бұған дейін тек Жәдік сұлтан ұрпақтарын хан сайлап келе жатқан ежелгі дала дәстүрін бұзып, Кіші жүз ханы болып сайланды. Бұл оның жеке ерліктері мен қолбасшылық асқан дарыны, ақыл-ойының ерекше зеректігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін оған көрсетілген құрмет әрі сенім еді. Әбілқайыр хан қазақ еліндегі барлық хандар ішіндегі ірі беделіне сәйкес, 1719 жылдан аға хан болды. Аға хан ретінде «Ақтабан шұбырынды…» апатында Қарақұм өңірінен жасақ жиып, шұғыл батыс шекараға аттанды. Сөйтіп, шығыстан дүлей шапқыншылық жасаған жоңғар басқыншыларын қолдап, қазақтарды батыстан күйретуді көздеген қалмақ агрессия­сының алдын алды. Сосын оңтүстікке құйғытып, қазақ астанасы Түркістанды маңындағы ондаған қалашықтармен бірге азат етті. Бірақ ұстап тұра алмады, күш тең емес еді. Сонда ол 1726 жылы Ордабасыда барлық кіші хандар, сұлтандар, батырлар мен билер құрылтайын шақырды. Ордабасы құрылтайында аға хан Әбілқайыр баһадүрге біріккен қазақ қолдарының жоғарғы командашысы – бас қолбасы мәртебесі берілді. Қазақ жасақтары 1727–1730 жылдарғы шайқастарда жеткен ірі жеңістердің бәрі аға хан, бас сардар Әбілқайыр баһадүрдің жоғарғы қолбасшылығы нәтижесі арқасында болды.

1730 жылдың көктеміндегі Аңырақай жеңісінен кейін Әбілқайыр хан  жоңғарлармен  бітім  жасасты. Содан соң  батыс  және  батыс-терістіктегі шекараларға жаңа шабуылдар жасап қатер төндірген дұшпандармен арақатынасты ретке келтіруге аттанды (бұл белес Аңырақайда ешқандай да хан сайлауы болмағанын растайтын жаңа ғылыми дәлелдер алға тартылған осы уақытқа дейін «Әбіл­қайыр өзін үш жүздің ханы етіп сайламады деп өкпелеп, майдан даласын тастап кетті» деген жалғандықпен бұрмалап түсіндіріліп келді).

Сол жылғы мамырда Әбілқайыр ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүз сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшалығы үкіметімен келіссөз жүргізу мәселесі талқыланды. Сонда Ресейдің қоластындағы қалмақтар мен башқұрттардың, сондай-ақ орыс казактарының қазақ еліне шабуыл­дарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған. Соған сәйкес орыс патшайымы Анна Иоанновнаға хат жазылып, Петер­бургке арнайы елшілік аттандырылды.

Одан әрі, Бірінші Петрден көзі тірісінде: «Миллион сом жұмсасаң да, қазақтардан орыс қоластына қарағысы келетіндігі туралы бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру керек» деген тапсырмасын алған тілмәш Мәмет Тевкелевтің дипломатиялық іс-әрекеттері мен айлалы үгіті бар, Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатын Сыртқы істер алқасында істейтін әлде Тевкелевтің, әлде сол секілді пиғылдағы өзге тілмәштің орыс мүддесіне орайластырып тәржімалағаны бар, бір жылдай қасында болған Тевкелевке сенген, орыс мемлекетінің протекторатында болудың жалпақ Қазақия­ны бір орталыққа бағын­дырылған мықты хандыққа айналдыруға жәрдемі тие­ді деген Әбілқайыр ханның өз үміті бар – орыс-қазақ қатынастарының қилы амалдарға толы  жаңа кезеңі  басталады.

Біздің елдің оқығандарының бірқатары «қазақ­ты патшалыққа бодан еткен – Әбіл­қайыр хан» деген қасаң көзқарастан әлі арыла қойған жоқ. Ал орыс тарихшылары Әбіл­қайыр ханды «орыстардың қас жауы», «Орынбор өлкесінің Бірінші Петрі» атанған генерал-губер­натор Неплюевтің «жеке дұшпаны» деп таныған және өлкені отарлау жұмыстарын жүргізуге үкімет Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін ғана кірісе алды деп есептеген (іс жүзінде солай – протекторатты отарына айнал­дыру алғаш қазақ жерін басқару тәртібін тұжырымдаған 1822 жылғы жарғыдан басталған). Бұл орайдағы өте танымды деректерді тарих­шы Витевскийдің генерал Неплюевтің өмірі мен қызметін зерттеген әйгілі төрт томдық монографиясынан табуға болады. Дегенмен, қазақтарды Ресейге Әбілқайыр хан өз еркімен қосты деп айту отарлаушы өкіметке тиімді еді, өкіметтің көздегеніндей-ақ, оны бұратана оқығандарының ханды жақтыр­майтын, яки қазақ-орыс  достығының  тамырын  іздегіш   біраз  бөлігі  іліп  әкетті. Бұл патша әкімшілігінің содан бері жоспарлы түрде жүргізген қанды жорықтарын бүркемелеуге пайдаланған қолайлы тәсілі болатын. Өкініштісі, тәуелсіз ел тарихнамасы мұның шындығын, қатпар-қатпар астарын қалың көпшілікке әлі күнгі  ашып  бере  алған  жоқ.

Кеңес дәуірін алайық. Түркістан өлкесін­дегі еуропалық кірмелердің үлес салмағы барлық халықтың 5 пайызы ғана екенін ескерген жергілікті коммунистік партконференциялар 1920 жылы Түрк республикасы мен Түрк халық­тарының коммунистік партиясын құру жайында шешім қабылдады. Ал түркілердің күшеюінен сескенген орталық ол шешімнің орындалуына жол бермеді. Пролетариат көсемі Лениннің өзі бас болып, өлкені «Өзбекия, Түркмения, Қазақия» әкімшілік бірлестіктеріне бөлшектеуді ойластырып, үзеңгілестеріне мұны мұқият қарастыруды тапсырды. Азамат соғысы аяқталып, басмашылар қарсылығын еңсеру анық байқала келе, көсем дүние салы­сымен, өлкені бөлшектеу ісі шындап қолға алынды да, 1924 жылы күзге қарай толығымен жүзеге асырылды. Жіктеп-межелеудің түпкі мақсатын дәл ұққан қазақ қайраткерлері Орта Азия мен Қазақстанды бір ортаазиялық федерацияға ұйыстыру, сөйтіп, Кеңестік Социал­истік Республикалар Одағына Ортазфедерация болып кіру, Федерация құрамында экономика тұрғысынан даму деңгейлерін теңестіріп алғаннан кейін ғана жеке республикаларға бөліну дұрыс болмағын алға тартты. Орта Азия мен Қазақстанды жеке экономикалық қауымдастыққа біріктіру идеясын ұсынды. Кезінде большевиктер жүзеге асыртпаған осы идеяларды, тарихтан сабақ алу дәстүріміз кемшін түскендіктен, тәуелсіздіктің қарсаңы мен тұсында, әсіресе үш славян республикасы Одақты таратқан 1991 жылы белгілі дәрежеде қолайлылық пен мүмкіншіліктер туғанда да әділ парықтап, дұрыс пайдалануды саяси элита­мыз  ойына  да  алмады.

Екі өлке – Қазақ Республикасы мен Түркістан Республикасындағы қазағы көп аймақтар бір шаңырақ астына жиналғаннан кейін, республикадағы қазақтың үлес салмағы халықтың үштен екісінен асты. Соған сәйкес, аңсаған ұлттық республикаға, ақыры, қол жеткені, енді оны бар талапқа сай келетіндей етіп жасау жұмысына кірісу керектігі 1925 жылы жария етілді. Бірақ кеңестік империя оған жол бермеді. Қолдан жасалған ашаршылықтар, саяси қуғын-сүргіндер салдарларынан және олардан аман қалғандардың едәуір бөлігі екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында шейіт болғандықтан, босап қалған далаға түрлі саяси желеумен сырттан миллиондап келімсектер тоғытылды да, қазақ халқының саны өткен жүзжылдықтың 50-жылдары өз жерінде тұратын барша жұрттың үштен біріне де жетпей қалды. Содан, белгілі демографиялық дүмпуді бастан  кешіп,  2009 жылы ғана қайтадан, жалпы халықтың үштен екісін құрады. Сөйтіп, ұзақ күйзелістерден соң, ұлттық мемлекеттің сандық  алғышартына  қол  жетті.

Алайда басқарушы элита мен оның маңына топтасқан оқымыстылар мемлекеттік тәуел­сіздігін жариялаған елді ұлттық мемлекет мәртебесіне шығаруға ықылассыз боп шықты. Жұртшылықтың талқылауына  ұсынылған «Ел бірлігі доктринасы» деп аталатын құжаттың жобасына қарағанда, қазақ мүддесі бұрынғысынша әдемі сөзбен кері шегеріліп, ел бірлігін ортақ орыс тілі негізінде, тұғыры күдікті азаматтық қоғам құру арқылы нығайту көзделетіні белгілі болды. Содан жиырма жыл бұрын республика Жоғарғы Кеңесінде қабылданған тәуелсіз мемлекет құру жайындағы Декларацияда қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдерінің бірлесіп қазақтың ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту, нығайту жоспары ұлы мұрат ретінде атап айтылған болатын. Енді келіп ел бірлігін көздейтін құжат авторларының сонау әділетті мақсатты кері ысырып, «этностық емес, азаматтық мемлекет орнатамыз» деп даурығуы, шынын айтқанда, халқымыздың қасіретті тарихын білмеушілік, елемеушілік пен бұрмалаушылық салдарынан туған, өміршең болуы неғайбыл сыңарезу пайым ғана еді. Бұл құжат жобасы мемлекетұйыстырушы қазақтың ұлттық мүддесіне сай емес-тін, сондықтан да ол қоғамдық пікір дүмпуімен қайта қаралып, соншалықты ойдағыдай болмағанмен, жұмсартылған жаңа нұсқада қабылданған болатын.

Ал елді біршама дүрліктірген бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуының басты себебі – патша үкіметі ашық бастап, кеңес дәуірінде әсіреқызыл, алдамшы ұранмен үдемелете жүргізіл­ген орыстандыру саясатында жатқан-ды. Тәуелсіздік кезеңінде отарсыздандыру шараларын жасау ойластырылмады. Байырғы екпінімен дөңгелеп келе жатқан, тіпті, көршілердің астыртын саясатымен рухтанып, үдей түскен орыстандыруға тегеуірінді тосқауыл қойылмады. Ең қауіптісі, ұлттың болашағын жоюға бағытталған мәдени шабуылға қақпамызды өзіміз ашып беріп отырмыз (патша өкіметінің идеологтары орыс-тузем мектептерімен қатар қыздарға арналған мектептер ашып, олардың болашағына қандай мән беретінін жасырмай айтатын – қазақ қыздарын орысша оқыту маңызды, өйткені олар, болашақ аналар, отбастарына орыс мәдениетін телуді қамтамасыз етеді дейтін. Советтік дәуірдегі жаппай сауаттану дені сол мақсатты растай түсті. Тәуелсіздік туғанда да ұлттық мүддені қорғау тиісті дәрежеде қолға алынбады, бүгінде біздің өскелең ұрпақты алып көршіміз жаңа техника мен технология жетістіктері арқылы жаппай орыс тілінде тәрбиелеп жатыр. Балаларымыз бұрынғы метрополия орыс тілінде тарататын алыс шетел өнімдерін сүйсіне көріп жүр, тиісінше бірден орыс тіліне жетіліп келеді, ал біздің билік тұтқасын ұстағандар сол тартымды хабарларды ұлттық мүддеге ыңғайлап, яғни өз елінің өскелең ұрпағы үшін көрші мемлекет шет тілінен орысшаға аударып таратып жүрген себебіне мән бермей, сол қалпы, турасын айтқанда, «орыс әлемін» кеңейтуге, «бесінші колоннаның» болашақ толықтырушы тобын ұлғайтуға көмектесіп келеді). Бұлай болу себебі де түсінікті – еліміздегі билік тұтқалары негізінен құлдық санадан арылмаған сонау келеңсіз саясат құрбандарының қолында тұрған. Олар ұлт тағдырына бас ауыртпайды, ізбасарларының өздеріндей болуын қалайды. Мұның бәрін жаңа заман тарихы жақсылап түсіндіріп беруге тиіс. Кемшіліктерді батыл түзетіп, кемел келешекке беттеуге әділ тарих қана, азаматтарды сол әділ тарихпен тәрбиелеу ғана кепіл  бола  алады.

(Басы 1-бетте. Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: