Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

НКВД атқан қазақтың қайсар қызы

25.01.2023, 9:50 505

HALYQLINE.KZ

Сталиндік репрессия жылдарында Алаш қайраткерлерімен бірге атылған қазақтың қайсар қызы Шахзада Шонанова – атылған қазақтың үш қызының бірі. НКВД жендеттерін Шахзаданың шыққан тегі шошытты, сондықтан айуандықпен әбден азаптап болғасын атып тастады. Сонымен Шахзада Шонанова кім ?

Шахзада Аронқызы Шонанова-Қаратаева 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым (Жымпиты) ауданында дүниеге келді. Әкесі Арон Қаратаев – Алаш қайраткері, Ресей Думасына депутат болып сайланған Бақытжан Қаратаевтың інісі. Шахзаданың өзі Шыңғысханның тікелей ұрпағы еді. Шахзаданың тегі былай: Шыңғысхан-Жошыхан-Тоқай Темір-Өз Темір-Өз Темір хожа Бадақұл ұғылан-Орысхан-Құйыршық хан-Барақ хан-Жәнібек хан-Өсік сұлтан-Қаратай сұлтан-Бисәлі-Дәулетжан-Арон-Шахзада.

Шахзаданың анасының да тегі мықты, Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің немересі Хұсни-Жамал Нұралыханова. Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді мұғалима 1894 жылы Бөкей ордасында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты, бұл мектепті Алма Оразбаева, Разия Меңдішева, Әмина Мәметова (Мәншүктің анасы) бітірді.

1917 жылы большевиктер билік басына келгенде Шахзада 14 жаста еді, 1920 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің медицина факультетіне оқуға түседі, алайда тегі хан тұқымы болғасын оқудан шығарып жібереді. Сауатты болғасын Орал губерниясы атқару комитетінде іс жүргізуші болып қызметке тұрады. Осы Орал губкомында партия қызметкері болып істейтін, жоғары білімді заңгер Ыдырыс Мұстанбаевқа 1922 жылы тұрмысқа шығады. Сол кезде партия мен кеңес қызметінде жүргендер арасынан тап жауларын анықтау жүргенде, Ыдырыстың әйелі хан тұқымы екені белгілі болып, партиялық сөгіс беріп, қызметін Орынбор қаласына ауыстырады, амалсыз 1928 жылы ажырасып кетеді. Қарап отырсаңыздар, сталиндік репрессиядан бұрын, 20-жылдардың өзінде Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен қатар алғашқы қудалауға ұшыраған Шахзада амалсыз сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласына келеді.

Қызылордада Халық ағарту комиссариатында жай қызмет істеп жүргенде, белгілі Алаш қайраткері, Орынбор қаласындағы мұғалімдер институтын бітірген, белгі ғалым Телжан Шонановпен танысып, ғашық болып, он жас айырмашылығына қарамай тұрмысқа шығады. Не деген жүректілік, ол кезде Алаш қайраткерлері қудалауға ұшырап жатқанда, Шахзада оған тұрмысқа шығады, қанша қысым көрсе де тегінен бас тартпайды және әкесі өлгесін анасы Хұсни-Жамалды қолына алады. Алматыға астана көшіп келгесін, осындағы мединститутқа оқуға түседі, осы кезде НКВД-нің қырағы қырғилары тағы да Шахзада Шонановаға «күйеуінің фамилиясына өтіп алғасын бізді ұмытып кетті деп ойлап жүрсің бе?» деп, тағы да тегінен бас тарт дегенде бас тартпағасын, мединститутан шығарып жіберіп, сол кезде Байкал өңірінде сүзек эпидемиясы бұрқ еткен Спасск қаласына жібереді. Сол жақтан тірі келмейді деп ойласа керек, бірақ Шахзада эпидемиямен күресте жанкешті жұмыс атқаруға белсене араласып, өзі де аман қалады, індет басылған соң, Спасск қала әкімшілігі Ш.Шонановаға жақсы мінездеме жазып, мединститутқа тапсыр дейді. Басқаша жағдайда мединститут студентін оқуға қабылдар еді, «халық жауының» қызы болғасын олар үркіп қабылдамай қояды.

Сол кезде Халық Ағарту наркомы Темірбек Жүргенов Шахзадаға мектепке дейінгі және негізгі мектеп оқулықтарын шығаратын бөлімді сеніп тапсырады. Шахзада мектеп оқулықтарын шығаруды қолға алып қыруар жұмыс істейді, қазақ мектептерінің санын қысқартудан аман алып қалады. Алайда, қыр соңынан қалмай жүрген НКВД тағы да араласып, жаудың қызы ретінде Шахзаданы жұмыстан шығартып жіберіп, еш жерге жұмысқа алынбасын деген нұсқау береді, тіпті мектепке мұғалім болып та жұмысқа алмайды. Осы кезде күйеуі Телжанмен ақылдасып, түбі диплом керек болып қалар деп, ҚазГУ-дің биология факультетіне үшінші рет оқуға түседі. Алайда, көп ұзамай большевиктердің «Тап жауларына қарсы күресті күшейту туралы» Қаулысы шыққасын, тағы да оқудан автоматты түрде шығып қалады.

Сосын, қанын сорғалатып 1937 жыл келді, ҚазГУ-дің ғимаратындағы өрт болған кезде, оны ұйымдастырған деп, нарком Т.Жүргенов бастаған қазақ зиялы қауымы тұтқындалды, ішінде белгілі ғалымдар Құдайберген Жұбанов пен Телжан Шонанов та болды. 1937 жылы Телжан Шонанов тұтқандалған соң, артынша Алматыдағы Красин көшесі №51 үйге НКВД-нің «қара құзғын» атанып кеткен жеңіл эмка машинасы келіп Шахзаданы тұтқындап алып кетті. Тергеу сол күні басталды, «Т.Жүргенов астыртын диверсиялық топты басқарды, соның тапсырмасымен ҚазГУ-дың ғимараты өртелгенін растаймын деп қол қой» деп сол кезден бастап қыспаққа алды, қорқытудан ешнәрсе шығара алмағасын адам жаны түршігерлік азаптау басталды, оның барлығын мойымай көтерді. Бірде Т.Жүргенов пен Ш.Шонанованы беттестіреді. Сол кезде Шахзаданың азаптаудан сау-тамтығы қалмаған бетін көріп Темірбекті ұрып-соғудан құлағының дабыл пердесі жарылып кеткендіктен жанұшыра айқайлап: «Айналайын қарындасым Шахзада, мен бұл жерден енді шыға алмаймын, бар кінәні маған аудар, айтқандарына қол қоя бер, рұқсат бердім, сен әлі жассың, аман қалуға тиіссің» дегенде Шахзада: «Аға ол не дегеніңіз, мен сізге қалай жала жабамын» дейді, оны Темірбек естіді ме, ол жағы белгісіз.

1937 жылдың ақпанында Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, Т,Шонанов, т.б. атылған соң, артынша жалған құжатқа қол қойдыра алмаған Шахзада Шонанованы 9 наурызда атып тастайды. Кейін үкімді орындаған соң, олардың денесін отызыншы жылдары аштықтан қаңырап қалған ауыл шетіндегі шұңқырға апарып көметіні анықталды. Куәгерлердің айтуынша, сол күні атылғандардың мүрделерін шұңқырға тастап жатқанда, біреуі қаша жөнелген, оны солдаттардың біреуі атып тастайды да, шұңқырға сүйреп әкеліп тастағанда ол әйел еді дейді. Сол күні атылған жалғыз әйел Шахзада Шонанова еді. «Содан кейін атылғандарды машинаға тиер кезде сіңірлерін қиып тастайтын болды» деп бұрынғы жендет сөзін аяқтаған көрінеді. Осылайша қазақтың текті әрі қайсар қызы отыз төрт жасында атылып кетті.

Телжан мен Шахзада ұсталып кеткен соң бірге тұратын анасы Хұсни-Жамал Нұралыханова далада қалды, себебі «халық жаулары» тұтқындалған соң, отбасы мүшелері үйінен күштеп шығарылатын. Кезінде Астрахань губернаторымен айтысып жүріп, қазақ қыздары үшін алғашқы мектеп ашқан, «Қазақ» газетін шығару үшін қаржыландырған Жәңгір хан немересі Хұсни-Жамал қайыршы болып жүріп, 1945 жылы Алматы көшелерінде аштықтан құлап қайтыс болып кетті. Бірге туған туыстары болды, бірақ көмектессе өздері де «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалып кететінін білгендіктен көмектесе алмады… Заман солай болды ғой…

Суретте: Қылмыстық Кодекстің атақты 58-бабы бойынша Ш.Шонановаға қозғалған НКВД-нің №06007 ісіне тіркелген соңғы фотосы.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

Тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: