Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхаммед Мұстафа «Саллалаһу әлейһи уә сәлләм» пайғамбар мен түріктер

19.02.2024, 11:30 207

HALYQLINE.KZ

 
Әлемдік Ұлы дін – Ислам дінінің негізін салушысы, бүкіл мұсылман халқының діни, саяси, әскери жетекшісі, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері Мұхаммед Мұстафа «Саллалаһу әлейһи уә сәлләм» (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз өзі өмірден өткеннен кейін Ислам дінінің тірегі мен нағыз қорғанына айналған біздің арғы жауынгер бабаларымыз түрік халықтары туралы білген бе, хабардар болса, олар туралы не айтқан ?
«Түрік» этнонимінің алғаш рет аталуы 542 жылы көне қытай жылнамаларында кездеседі. Олардың солтүстік-батыстан келіп, жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететіні туралы хабарланады.
Тарихи деректерге қарағанда Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соғысуға аса құмар болмаған. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көбінесе араб тайпалары арасындағы қақтығыстарды дипломатиялық жолдармен шешіп отырғанмен, бірнеше рет қолына қару алып, жауларымен шайқасуға мәжбүр болған екен. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің әскери талантты шеберлігі арқасында араб тайпаларын біріктіріп, бірнеше рет соңғы қарумен қаруланған Византия тарапынан болған қауіптің бетін қайтара білді. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Византия мен басқа көрші мемлекеттерді жаулағысы келмегені немесе жаулап үлгірмегені туралы деректер жоқ. Сонымен қатар, оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб мемлекеттерінен басқа көрші мемлекеттерде сапарда болғандығы бізге белгісіз.
Мұсылман әлемінде өзіндік ерекше орны бар түрік бабаларымыз туралы бірнеше хадисте сақталған екен. Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызық құмар, саудагер, керуен басшы ретінде араб мемлекеттерінен басқа көрші Таяу Шығыс, Қытай, Индия, Эфиопия, Византия, Персия мемлекеттері, оларды мекендейтін әртүрлі халық, сауда жолдарында кездесетін қауіпті жерлер мен ұры-қарылар туралы жақсы хабардар болған. Мүмкін ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алыс сапарларға, басқа көрші мемлекеттерге сапар шеккен болар. Бұл жерде Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) географияны, басқа да ілімдерді жақсы меңгергенін ескерсек, оның түрік халықтары туралы естігеніне, білгеніне шүбә келтірмейміз. Ол кездерде түрік тайпаларының Ұлы жібек жолының біраз бөлігін қадағалап, сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар оларға едәуір қауіп тигізумен де аттары шыққандығы белгілі.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ел алдына шығып, ислам дінін тарата бастаған кезі 552-603 жылдары Түрік қағанаты ыдырап, әуелі Батыс, Шығыс, кейін Ұйғыр қағанаттары құрылғандығы тарихтан белгілі. Негізін мұсылман халқы құратын Арабия халықтарындағы жүріп жатқан саяси оқиғаларға бірнеше мың шақырым жердегі діні басқа түріктер араласып, ықпал жасай алмады, олармен жау да, дос та бола алмады.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрік халқы туралы айтқан сол хадистеріне тоқталып өтсек. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атақты Мәшүр хадисте «түріктердің мұсылман әскеріне өздері шабуылдамаса оларға тиіспеуді» бұйырған екен. Келесі бір хадиста Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің ұлы әскербасы Муавия халифінің Персия мен Орталық Азияның бірталай бөлігін жаулағаннан кейін, солтүстіктегі дала көшпенділеріне сәтті шабуылдар жасап, көптеген жылқысын қолға түсіргенін естіп, аяқ астынан қатты ашуланып, түбі жусан өсетін жердегі көшпелілердің мұсылман әскерін жеңетінін хабарлап, шабуылды дереу тоқтатуға бұйрық беріпті. Түріктер туралы келесі үшінші хадисте: терімен қапталған беттері қалқан тәріздес түріктердің діншілдермен (мұсылмандармен) қылыштасқаннан кейін ақыр заманның болатыны туралы айтыпты.

Бұл туралы ислам тақырыбында ғылыми қызметкерлікпен шұғылданып жүрген Мұхан Исаханның «Түркілер туралы хадистер» атты еңбегінен үзінді келтірсек. Мәшhүр Жүсіптің ел аузынан жинаған аңыз-әпсаналарында «Алла Елшісінің (С.Ғ.С.) (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде түркінің 92 руының өкілі ислам дінімен танысуға Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, Мұхаммедпен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қауышты» деп айтылған. Ислам тарихшылары Ибн Кәсир, ат-Табари, Ибнул-Асир, Ибн Халдун, Якут, Ибн Фадлан, әл-Идриси, әл-Балаузири, Ибн Хажар, әл-Мухаддиси және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде түркі жұртының VII ғасырдың екінші жартысы мен VIII ғасырдың алғашқы жартысында Хақ дінді насихаттаушылармен (фатх жорығын жасаушылар), яғни арабтар мен түріктердің бетпе-бет келгендігі баяндалады.

Ғалым сахаба Әбу Хурайра былай деген екен: Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Сендер қысық көзді, қызыл шырайлы, таңқы мұрынды, бет-жүздері қабат-қабат тері қапталған қалқан тәрізді түріктермен соғыспайынша қиямет-қайым болмайды» (Сахих әл-Бұхари). «Мәртебесі биік Алла Тағала маған Иран мен Византияның алынатынын хабардар етті. Маған олардың әйелдері, балалары, құлдарын да берді. Себебі, қызыл шырайлылардың (түркілер) көмек беруімен мені құдіретті етеді» (Рашиб б.Са). «Өлкені дұшпандарға қарсы қорғаудың күші онға бөлінеді, оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді. «Түріктер сізге тиіспейінше байқаңыз, сіздерде түркілерге тиіспеңіз. Өйткені, Алланың үмбетке берген бұл мүлкі (байлық) мен салтанатын алғаш болып Қантураұлдары (түріктер) тартып алады» (ат-Табарани). «Жуық арада Қантураұлдары Ирак тұрғындарын Ирактан қуып шығады. Мен мұны өз көзіммен көрген секілді көрудемін. Олар қысық көзді, таңқы мұрынды, дөңгелек бет-пішінді адамдар» (Әбул-Камал). «Байқаңыз түріктер сіздерге тиіспейінше, сіздер де түріктерге тиіспеңіздер» (ән-Нашаш). «Түріктер өте қатігез, қатал мінезді адамдар» (әл-Жубайни).

Аталған хадис-шарифтерге қарап Алла елшісінің (с.ғ.с.) түркілердің жауынгер халық екенінен хабардар болғанын байқауға болады. Ал көрнекті ислам тарихшысы әл-Балазури «Әнсаф әл-Әшраф» атты еңбегінде (1-том, 160-бет) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) серігі, әскер басшысы, саясаткер Аммар бин Ясирдің анасы Сумайианың шыққан тегі түркі болуы мүмкін екенін айтады. Демек, Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) ислам тарихында алғашқы шахид болған осы қайсар анамыздың түрік нәсілінен шыққандығынан хабардар болған деп тұжырымдауымызға болады.

Мұхан Исаханның пікірінше мұсылмандар Мединадан 623 жылы Қайнуқа тайпасын сүргінге айдағанда, Хақ Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан түркі-соғды сауытын олжалағандығы (Х.В.Хаусиг. «Жібек жолы және Орталық Азияның мәдени тарихы». 212-213-б.б.). Кейбір хадистерде Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен Айша анамыз (р.а) екеуінің түрік шатырында (киіз үй) тұрғандығы айтылады.Тіпті, Ибнул-Асирдің «Усдул-Габа» (IV том, 139-140 б.б.) атты шығармасында көрсетілген Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жазған хатты зерттеушілер ол хат түрік қағанына арнап жазылған деп біледі. Бұл мәліметтерден шығатын қорытынды: Хақ Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түркілердің жауынгер, алғыр халық екенінен хабардар болып, олардың күш-қуатымен Ислам діні мәртебесінің асқақтайтынына көз жеткізгенін аңғарамыз.

Бұл жерде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түріктердің ол уақытта тәңірге табынғанымен, келешекте ислам дініне кіретінін, арабтар әлсіреп, бөліне бастағанда өзі құрған исламды батыс пен шығыстан, Византия мен кресшілер, моңғолдар мен қытай тарапынан төндірген қауіптен қорғайтын, көптеген халықты мұсылман дініне кіргізетін бірден-бір жауынгер халық екенін анық білген. Кейіннен Хақ Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғанынан 119 жылдан кейін 751 жылы Тан патшалығы әскерлерінің Талас өңіріне басып кіріп, арабтарға қауіп төндіргенде түргештер мен қарлұқтар мұсылмандарға көмектесті. Нәтижесінде қытай жағының 50 мың әскері қаза болып, 20 мыңы тұтқынға түсіп, патшалық бұрынғы құдіретінен айырылды.Б ұл жеңіс түркілерді ислам дінін қабылдауға біртабан жақындата түсті. 

Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түріктер туралы басқа да деректер сақталған екен. Хақ Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) христиан әлемінің тірегі мен алынбас қорғанына айналып, бірнеше ғасыр бойы исламға қауіп төндірген Константинополь туралы: ол қала мұсылмандармен жаулап алынады, оны жаулап алатын әскер қандай бақытты, мықты әскер, олардың жауынгерлері қандай ержүрек, оларды қандай керемет қолбасшысы басқарады, олардың мініс аттары қандай жарақты, олардың қарулары қандай мықты деген екен. Шынында да қытай билеушілері көне түрік жауынгерлері туралы: «өз денелері мен мінетін аттарын толықтай темір сауытпен қорғайды, олар ысқырма жебесі бар мүйіз нақышты садақпен қаруланады» деп суреттеген.
Византия империясының құлауынан бастап 1299 жылы құрылған Осман империясы Түрік Республикасының құрылуына шейін алты ғасырдан астам билік етті. Бірнеше рет Константинополь қаласын шабуылдағанымен орта ғасырдың ең мықты бекінісі болған қала алынбай келді. Тек 1453 жылы сұлтан Мехмед II-нің басқаруымен екі ай шабуылынан кейін түрік әскері қаланы толық басып алды. Соңғы император XI Константин ұрыста қаза болып, Византия немесе Шығыс Рим империясының толық күйреуіне әкеліп соқтырды. Бұл христиан әлемін жылатқан, ислам әлемін қуантқан дүниені дүр сілкіндірген әлемдік деңгейдегі жаңалық болатын.

Алланың сүйікті пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өмірден өткеннен кейін 821 жылдан кейін жаулап алынғанын көрген де, естіген де жоқ. Бірақ, болашақта ислам орталықтарының біріне айналатын қаланың жаңа иелері Осман империясы әскерінің мықты әскерге айналатынын білген сияқты. Шынында арада бірнеше ғасыр өткенде Орталық Азиядан барған, бабалары ондаған империялар құрған түріктер Европа, Азия, Африка елдерінің көптеген халқына исламды қабылдатып, үш құрлыққа бірдей билік жүргізіп, исламның берік қорғанына айналды. Крестшілерді де бірнеше рет күл-талқан етіп жеңіп, бүкіл мұсылман халқын қорғап қалған да жауынгер түріктер мен Бейбарыс сұлтан бабамыз екені баршаға аян. Осман түріктері Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таратқан дін мен оның өсиеттерін Европаға апарып, кеңінен таратты.

(Мақаладағы суреттер интернеттегі ашық дереккөзден алынды. Мақаланы жазу кезінде діни тақырып бойынша Қызылорда қаласындағы «Төлен атаә мешітінің бас имамы Ғ.Бейсембаевтың кеңесі пайдаланылды).

Хұсайын  Асанұлы  ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер, полковник, журналист.

Ақпарат саласының үздігі.

Пікірлер:
  • Түріктер 1000 жылдан аса Ислам дінін ұстанған халықтар арасында үстемдік құрды.Х ғасырда өзінің қанша уақыт билік ететінін сұраған Халифке көріпкел әйел түріктер мүмкіндік берсе, соған байланысты деп жауап берген екен.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: