Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғарышкер Жәнібековті қазақ деп ойлағанбыз…

21.05.2021, 9:00 1115

HALYQLINE.KZ

1978 жылы ғарышқа Владимир Жәнібеков ұшқанда қазақ деп ойлағанбыз… себебі, газеттер оның өмірбаянын жарысып жазып жатты. Онда: «В.А.Жәнібеков 1942 жылы 13 мамырда Қазақ ССР-нің, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданындағы, Ескендір селосында дүниеге келді» деп жазылғасын, қазақ деуге толық негіз бар еді, ұлты орыс деп жазылса да, «жетімдер үйінде тәрбиленген» деп қосып айтқыштар айтқасын, кәдімгідей соған сеніп жүрдік, ұлтпен мақтану үшін осындай соқыр сенімге сенген аңғал кезіміз-ай…

Владимир Жәнібековтің әкесі Александр Крысин (1917-2020) НКВД-да қызмет істеген подполковник, шешесі Евдокия Четверткова (1915-1997) медбике болып істеген. Ұлты орыс Владимир Крысин қалайша Жәнібеков атанып жүр?

1968 жылы болашақ ғарышкер Володя Крысин Москвада тұратын қазақ қызы Лилиямен танысады, орысша тәрбиеленген Лилия тұрмысқа шығар алдында болашақ күйеуін ата-анасымен таныстырмақшы болып үйіне шақырады. Лилияның атасы Абдул-Хамит Жәнібеков белгілі этнограф ғалым еді, арғы атасы Алтын Орда ханы Өзбек хан баласы Жәнібектің ұрпағы еді. Осы Жәнібектің ұрпақтары Ноғай әдебиетінің негізін салушылар болды. Тағдыры шығар жалғыз ұлы Мұнардың да жалғыз қыз Лилиядан басқа баласы болмады. Қызының қолын сұрап келген болашақ күйеу баласына қайын атасы өзінің арғы тегі Жәнібек хан екендігін айта келе, «мен дүниеден өткен соң тегіміз аталмай қалатынын» айта келе, «осы текті фамилияға некеге отырарда өтсең қалай болады» – деп өтініш айтады. Ол жерде ата-анамен ақылдасайын дейді, кейін олар келісімін береді. Осылайша болашақ ғарышкер некеге тұрғаннан кейін қазақтың фамилиясын қабылдап, Жәнібеков болып шығады. Қазақтың фамилиясы оған құт болып дарыды, көп ұзамай ғарышкерлер тобына қабылданды, екі қызды болды, Инна (1969) және Ольга (1974), 5 немерелі болды, ғарышқа 5 рет көтеріліп, бесеуінде де экипаж командирі болып, ғарышта 145 тәулік, 15 сағат, 58 минут, 35 секунд болған көрсеткішін әлі ешкім қайталаған жоқ. Ғарыштағы салмақсыздық жағдайында тиімді қозғалыстарды енгізуі «эффект Джанибекова» деп бекітілді, екі рет Совет Одағының батыры және генерал-майор атағына ие болды.

Соңғы он жылдан бері РФ-дағы космонавтика мұражай Ассоциясының президенті болып қызмет атқарады.

Бір өкініштісі, ғарышкер жездеміз дүниеге келген жер Бостандық ауданын шошқа мен жүгері өсіруді жақсы көретін бас хатшы Н.С.Хрущев Өзбекстанға өткізіп жіберді, сондықтан екі мәрте батыр жездеміздің қола бюсті Ташкент облысындағы Бостандық поселкесіне орнатылғаны әрі жеріміздің көрші елге өтіп кеткендігі өзегіңді өртейді.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: