Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екінші Николай патшаның қыздары неге күйеуге шықпады?

18.09.2021, 10:00 607

HALYQLINE.KZ

Ресей империясының соңғы императоры Николай Романовтың артында ұрпағы қалмады, ондай мүмкіндікті патшайым Александра Федоровна екеуі қолдан жіберіп алды. Басты себеп, 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыс болды, соғыстан соң ұзатамыз деген ойлары орындалмай, соғыс ұзаққа созылып кетті және патшаны тақтан тайдырған большевиктер билік басына келгесін, патша отбасын қызметшілерімен қоса тұтқындап, сосын атып тастады.

ОЛЬГА (1895-1918 ж.ж.)

1914 жылы соғыс басталғанда патшаның үлкен қызы Ольга 19-да еді. 1912 жылы немере ағасы екінші Александр патшаның немересі Дмитрий Павловичпен некеге отыруы керек еді. Князь Дмитрий Романов офицер әрі спортшы, 1912 жылғы Олимпиадада Ресей құрама командасының капитаны болды. Ольга мен Дмитрий қосылатын күнді күтіп жүргенде патшайым анасы неке қию рәсімін болдыртпай тастады. Неге?

Патшайым ұзынқұлақтан болашақ күйеу баласы патша сарайындағы Распутинді «әулие» екендігін мойындамайды екен, патшайым ұлы Алексейді емдеп жүрген Распутинді «тақ мұрагері Алексейді емдеу үшін жіберген құдайдың адамы» деп есептейтін. Распутинді мойындамаған адамға өзінің қызын бере алмайтынын айтып, құдалықты болдыртпай тастап қызының болашағына балта шапты. Кейін князь Дмитрий Павлович Распутинге жасаған қастандыққа қатысып, үйленуіне кедергі болған әулиені өлтіреді.

Екінші рет Ольгаға немере ағасы ұлы князь Борис Владимирович құда түседі, бұл жолы да жас айырмашылығы 18 жас болғасын патшайым рұқсат бермейді.

Өстіп жүргенде әкесі Николайға Румыния патшасы өзінің ұлы тақ мұрагері Карольге қызынды бер деп құда түседі. Бұл жолы Николай құдалықтан бас тартады, себебі принц Кароль қатынқұмар (бабник) екенін ұзынқұлақтан естіген болатын. Кей деректерде Ольганың өзі қарсы болыпты, сол кезде императордың «Штандарт» яхтасының мичманы Павел Вороновты ұнатып жүріпті, әкесі майдандағы әскерді аралап жүргендіктен білмеген, білгенмен үйленуге рұқсат бермейтін.

ТАТЬЯНА (1897-1918 ж.ж.)

1914 жылы соғыс басталғанда Татьяна 16 жаста еді, Сербия королі Петр Николаймен құда болғысы келіп ұлы тақ мұрагері Александрға құда түсуге келді, салтанатты дастарқан басында Татьяна мен Александр да бірін-бірі ұнатып қалды.

Алайда соғыс басталып кетті, Александр ауру әкесінің орнына король болып соғысқа кірісіп кеткендіктен тойды кейінге қалдырды. Соғыс ұзаққа созылып кетіп, 1918 жылы большевиктер патшаны отбасымен қосып атып тастағанын есігенде, Александр өзіне-өзі қол салмақшы да болған. 1934 жылы Францияға ресми сапармен келген король Александрды атып кетті, кім атқаны белгісіз қылмыс әлі де ашылған жоқ.

МАРИЯ (1899-1918 ж.ж.) және АНАСТАСИЯ (1901-1918 ж.ж.)

Соғыс басталғанда екі қыз жас болғандықтан ешкім құда түсе қойған жоқ, жалғыз ұлы тақ мұрагері АЛЕКСЕЙ (1904-1918) барлығын большевиктер атып тастады.

ПАТША ОТБАСЫН КІМДЕР АТТЫ?

Екатеринбургке ақтардың армиясы жақындағанда патша отбасын ату туралы нұсқауды өкімет басшысы Я.М.Свердлов пен үкімет басшысы В.И.Ленин берді.

Бір қызығы, патша отбасын атып тарихта қалғысы келген большевиктер өзара бәсекелесті.

Бастапқыда патша отбасын қамаған «аса маңызды ерекше нысан» деп аталған Ипатьев үйінің комендаты А.Д.Авдеев болса, патша отбасын атуға санаулы уақыт қалғанда чекист Я.М.Юровскийді комендат етіп тағайындайды. Кім тағайындады дейсіз ғой? Қазақстанды 1925-1933 жылдары басқарған Ф.И.Голощекин, 1918 жылы Екатеринбургтегі әскери комиссар еді, патша отбасын атуға тікелей басшылық жасады. Қазақстанды басқарған жылдары екі сөзінің бірінде «мен мына қолмен патшаны атқанмын» деп мақтанатын, сөйткен жауыздың өзін 1941 жылы қазан айында халық жауы ретінде атып тастады.

Тағы бір айтайын дегенім, патшаның жеке дәрігері сары ауруды ашқан көрнекті ғалым Е.С.Боткин еді, сондықтан сары ауруды «Боткин ауруы» деп атайды. Большевиктер Боткинді қайдан білсін?

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы,

журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: