Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі жүзді Хрущев

16.02.2023, 15:15 384

HALYQLINE.KZ

1953-1964 жылдары СССР басшысы болған Н.С.Хрущев (1894-1971) туралы сөз болғанда, оның қызметіне екіжақты баға беруге тура келеді. Алдымен жақсы жақтарын айтайық, Сталин өлген соң оның жеке басқа табынушылығын әшкерелеп, жазықсыз атылғандарды ақтап, сотталғандарды түрмелерден босатты, бірақ өзінің де репрессияға қатысы болды. Колхозшылардың өнімін үкімет 3 есе қымбат бағамен сатып алғасын, ауылдағылардың тұрмысы жақсарды, жұмыстан кешіккені және аборт жасатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды, әйелдерге декреттік демалыс берілетін болып, 8 наурыз демалыс күні болды. Тың жерлер мен космос игеріле бастады, паравоздардың орнына тепловоздар келді, тұрғын үй құрылысын басты назарында ұстап, 50 млн адам жаңа қонысқа көшті, олар «хрущевка» деп аталып әлі күнге дейін тұрып жатыр, жалпыға бірдей зейнеткерлік реформасы нәтижесінде колхозшылар да зейнетақы алатын болды, ақша реформасын жасады, т.б.

Жаман жақтарын айтатын болсақ, соғыстан соң дін өкілдерін екінші рет қуғын-сүргінге ұшыратты, Новочеркасскіде жұмысшылар ереуіліне қатысқандарды атуға бұйрық берді, жүгеріні суық аймақ Архангельскіге дейін егіп, бидай егістігін қысқартып, нан тапшылығын туғызды. Колхозшыларға коммунизм құрылысына кедергі болады деп ауласына бақша егуге, мал ұстауға тыйым салды, келешекте ракета маңызы артады деп, совет армиясындағы ұшақтар, корабльдер, танкілерді қысқартып, 1 млн 200 мың әскери жұмыссыз қалды. Сыртқы саясатта Кариб дағдарысын қолдан жасап, Албания мен Қытаймен қатынасты үзді. КПСС-тің ХХІІ съезінде совет адамдары 1980 жылы коммунизмде өмір сүретін болады деп асығыс мәлімдеме жасады.

Суретші авангардшылар көрмесін бульдозермен сырып тастауға бұйырық берді, бұл оқиға 1962 жылы болған еді. Сол кезде көрме ұйымдастырушылардың бірі, белгілі суретші әрі мүсінші Эрнст Неизвестныйға Хрущев былай деген болатын: «Сіз қызық адамсыз, сіздей адамдар маған ұнайды. Бірақ, сіздің бойыңызда періште мен пері бар. Пері жеңсе, біз құртамыз, ал періште жеңсе, біз көмектесеміз». Тағдырдың тәлкегін қараңызшы, 1971 жылы 11 қыркүйекте Н.С.Хрущев қайтыс болған соң Новодевичьев зиратына жерленеді, басына ескерткіш орнатуды мүсінші әрі суретші Эрнст Неизвестныйға тапсырғанда қоладан құйылған бюсттің екі жағына ақ мрамор мен қара граниттен өрнек орнатады. Бұл – оның қызметіне берілген баға, яғни екіжүзділігін көрсетіп тұратын ескерткіш болып қалды.

Хрущев қарапайым шаруа отбасынан шыққан еді және жоғары оқу орнында оқымағандықтан музыка, кино, бейнелеу және мүсін өнерін түсінбеуі заңдылық. Бірақ ол басы сыймайтын жерге араласып аузына келгенін айта салатын. 1957 жылы режиссер М.Калатозовтың «Тырналар ұшып бара жатыр» («Летят журавли») фильмін 28 млн совет адамы көріп, ХІ Канн кинофестивалінде бас жүлде алған жалғыз совет фильмі болса да Хрущевке ұнаған жоқ. Актриса Т.Самойлова ойнаған Вероника мен Бористің махаббаты суреттеліп, соғыс басталғанда Борис майданға кетеді де қаза табады, Вероникаға Бористің немере інісі, соғысқа броньмен қалған пианист Марк ғашық болып қосылады. Киноны көрген Хрущев Верониканы «шлюха» деп атады.

Ал, екінші фильм тағдырына араша түсті, режиссер Григорий Чухрай 1959 жылы түсірген «Солдат туралы баллада» фильмі көркемдік кеңесте талқыланады. Естеріңізде болар, солдат Алеша Скворцов екі танкіні атып жойғаны үшін, генерал оған анасын көріп қайту үшін қысқа демалыс береді, жолда жерлесі оған әйеліне базарлық ретінде кір сабын беріп жібереді. Уақыты тығыз болса да, әйеліне сабынды апарып бергенде, оның басқа еркекпен тұрып жатқанын көріп, ашуланып сабынды әкесіне тапсырады. Міне, осы эпизод совет армиясына кір келтіреді, тұрақсыз әйел туралы көріністі алып таста дегенде, соғысқа қатысқан майдангер ондай жағдай соғыс кезінде болып тұрды ғой дегенде, көркемдік кеңестің төрағасы көнбейді. Сол кезде шыдамаған Чухрай оны «иттің ғана баласы» (сукин ты сын) дегенде, милиция шақырылып балағаттағыны үшін хаттама толтырылады, сосын партия қатарынан шығарылады. Ең қорқыныштысы фильмді жойып жібермекші болады. Сол кезде «Правда» газетінің бас редакторы, Хрущевтің күйеу баласы А.Аджубейге фильмге араша түсуін сұрайды. Фильмді көрген Хрущев бірден ұнатады, әсіресе Алеша Скворцов фильм соңында машина кузовына мініп бара жатып, «Мама, мен ораламын» деген жерінде көз жасына ерік берген көрінеді. Мүмкін соғыс кезінде 1943 жылы қаза тапқан ұшқыш ұлы Леонид есіне түскен шығар. Фильмді 30 млн совет адамы көріп, дүниежүзілік прокатта көрсетіліп, 101 елдің сыйлығына ие болды. Келесі жылы Лениндік сыйлыққа ие болып, Чухрай КПСС мүшелігіне қайтадан алынады.

Міне, Хрущевтің екіжүзділігін ашып көрсете алдым деп ойлаймын.

Суретте: Хрущевтың бейіті басына орнатқан Э.Неизвестныйдің еескерткіші.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: