Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баршынкенттің Гүлбаршынға қатысы бар ма?

01.02.2024, 10:40 286

Қала ел аузында «Қышқала» немесе Қызқала деп аталады. Ортағасырлық қалашықтың Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент деген де атаулары бар. Мұны археологтар Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Қалашықтың монғол шапқыншылығы кезеңінде ең ірі сауда-саттық орталығы болғаны айтылады.

Бұл қаланы алғаш рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.Каллаур ашып, оны Кыс-қала (Гыш-қала) немесе Тасқала деп атаған. Сондай-ақ, қаланың Перовскіден шығып, Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде орналасқаны туралы жазған. 1946 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) Қышқалада болып, оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында орналасқанын көрсеткен.

2018 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде танымал археолог Мадияр Елеуов қыш қаланың бұзылған мерзімінен дерек келтіреді.

– Шаһар жобамен ХІІІ ғасырдың орта тұсымен мерзімделеді. Көненің көзіндей қастерлі мекен 50 гектардай аумақты алып жатыр. Қала үйлерінің жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалайды. Олардың күйдірілген қыштан соғылғаны көрініп тұр. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарында қыштан жасалған ғимараттардың басым бөлігі бұзылған, – дейді археолог.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің «Археология» бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Садықов 2018-2023 жылдар арасындағы қазба жұмыстары өз нәтижесін бергенін айтып отыр. Археологтың айтуынша, сегіз қырлы ерекше әдіспен салынған сәулет өнері археолог мамандарды да таңғалдырған.

– 2018-2020 жылдары қалаға «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы кешенді қазба жұмысын жүргізді. Сол уақытта сегіз қырлы ғимараттың, ортағасырлық кесененің, екі мұнарасы сақталған қыштан салынған құрылыстың, қыш күйдіретін пештің және ХІV ғасырдағы құдықтың орны аршылып, консервацияланды.

Бұл ескерткіштің ерекшелігі – мұндағы әрбір құрылыс  нысаны  күйдірілген  қыштан салынып, діни-ғұрыптық ғимараты  глазурленген қыш  жапсырмалармен қапталғандығында. Қазба  барысында көптеген  ыдыс, ХІV  ғасырмен мерзімделетін екі монета, өрнектелген  қыш  жапсырмалар  табылды.

2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген ғылыми-зерттеу жобалары гранты аясында «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент):» Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жоба аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археологиялық қазба жұмыстарын  жүргізді, – дейді ол.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің басшысы Ерқазы Алданазаров археологтардың мәліметіне сүйеніп, Қышқаланың Баршынкент деп те аталғанын айтады.

– Әуелбек Қоңыратбаевтың ел аузынан жиған дерегіне сүйеніп, қалашықты Алпамыс батыр жары Гүлбаршынды қалдырған шаһар екені айтылады. Жазба деректерде қалашық Баршынкент деп те аталғаны белгілі болып отыр. XV ғасырдан кейінгі деректерде қала атауы кездеспеуі Сыр арнасы ауысқанан соң ел-жұрттың басқа жаққа қоныс аударуымен байланысты секілді. Қалай десек те, сырын ішіне бүккен қалашықтың  тарихта  алар  орны  ерекше, – дейді  ол.

Яғни, Баршынкент  қаласының  ерекшелігі – Гүлбаршын сұлуға арнап салынғандығы. Ал, тағы бір нұсқада «оғыз ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атайды» делінген. Осыдан соң «Қызқала» атауы шыққан деседі. Аңыз бойынша Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көккесене де Баршын сұлудың құрметіне салынған. Бұл әйелдің атымен аталған, түркі тектес халықтар мекендеген жердегі бірден-бір қала болғанын археологтар  айтып  отыр.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: