Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік түлеткен тұлға

06.10.2022, 11:00 197

«Сырда туған перзенттер» деген сөз айтылса, есімізге еліміз үшін жан-тәнін сала отырып іске кіріскен іскер азаматтар мен дарынды тұлғалар ора­лады. Олардың сапын толықтырып, сол құрамның бас­тауында тұрған қайраткерлер қатарында Ұзақбай Қарамановтың есімі ерекше айтылады. Еліміздің тұңғыш премьер-министрі болған Сыр перзенті Арал өңірінен түлеп ұшып, күллі жұртшылыққа еңбегімен танылған ерен ердің еңбегі жыл сайын ұлықталып, жаңа ұрпаққа есімі танылып жатыр. Қай кезде де бітім-болмыс тұлғаның тарихын тарқатып, ғұмырын ұзартады. Әрине, өшпес ізін жалғайды деген сөзбен сабақтасса керек. Қабырғалы қазақтың қайраткер тұлғасы мемлекет пен қоғам алдында да ерінбей еңбек етіп, өз бағасын алды. Оны ұлықтау мақсатында қала көшеле­рінің біріне Ұзақбай  Қарамановтың есімі бері­ліп, ашылу салтанаты өткізілді. Әрі қарай 5 жыл бұрын, яғни 80 жасында жарық дүниемен қоштасып, елін еңіретіп кете барған қайраткерді еске алу мақсатында Қызылорда облысының  әкімдігінде мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарама­новтың 85 жылдығына  арналған «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты респу­бликалық конференцияға  ұлас­ты.

Конференцияға оның жұбайы, туған-туыстары, достары, көзін көрген игі жақсылар және облыс әкімі мен басшылар қатысып, өнегелі ғұмырынан сыр шертетін жылы естеліктерді еске алды әрі баяндамалар оқылып, еңбек жолына шолу жасал­ды. Және республикалық маңызы бар конференцияны облыс әкімі өзі жүргізіп, баяндама оқыды.

– Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған мемлекет қайраткерлері қатарында жерлесіміз, еліміздің тұңғыш премьер-министрі, ер тұлға, қазақтың қабырғалы перзенті Ұзақбай Қарамановтың есімі ерекше құрметтеледі. Құрметті зиялы қауым, бүгін­гі ұлтымыздың қайраткер ұлын ұлық­тауға арналған конферен­ция жұмысына ҚР Парламенті се­на­тының депутаты, техника ғылым­дары­ның докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бахтияр­ұлы, техника  ғылымдарының докторы Әлімжан Сейтжанұлы, ҚР Парламенті  мәжілісінің  депутаты Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұлов, сондай-ақ, аудандық делегациялар, мәслихат депутаттары, мемлекет­тік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, Қызылорда қаласының жоғары оқу орындарының ғалымдары, қо­ғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері  қатыс­уда, – деді облыс әкімі Нұр­лыбек  Нәлібаев.

Жоғарыда айтылғандай, Ұзақбай Қараманұлы – расында өнегелі ғұмырын елге, жерге арнаған жан. Оның құрылыс саласы бойынша да қаншама  естеліктері  бар. Шаһар  былай тұрсын, ірі қалалардың да менмұндалаған ғимараттарын салуда зор күш салып, ел дамуына ерекше үлес қосқан. Және инженерия саласында да жеткен жетістігі мен атқарған  жұмысы   ұшан-теңіз.

– Төбесі көмбеге толы Сыр жері ұлттың бағына орай туған талай тумаларды дүниеге әкелді. Ұлт болмысының темірқазығындай қаншама қабырғалы қайраткерлерді түлетіп ұшырды. Біз – өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай білетін халық­тың ұрпағымыз. Кешегі  өткен ұлыларымыз бен даналарымыз, билеріміз бен батырларымыз бүгінгі жастарға дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығын жалғауда. Осы игі бастаманың жалғасы ретінде бүгін Сыр елінің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш премьер-министрі Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арнал­ған «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты республикалық  конференцияда бас  қосуда­мыз. Кеше ғана арамызда жүрген асыл аға туралы бүгін өткен шақта айтудың өзі ауыр. Халқының даңқты ұлы арамызда болғанда, биыл ғұмырының   85-інші белесіне  көтерілер еді. Ол өз туған жерінің басты мәселесі – Арал проблемасын өз уайы­мындай  көріп, оның арнасын  толтыру  жо­лында  қайсар қадамдарға барды, – деді  аймақ  басшысы  өз  баян­дамасында.

Сақа саясаткер 1937 жылы Арал ауданы, Ұялы ауданында дүниеге келген. 1959 жылы Инженерлік құрылыс институтын бітіріп, құры­лыс саласы бойынша инженер, кейін­нен басқарма басшысы қыз­метіне дейін көтерілді. 1964-1980 жылдар аралығында көптеген мекемелер мен орталықтарда басшылық қызметте болып, саясаттан сауаттан­ған Ұзақбай Қараманұлының премьер-министр қызметінде бой көрсетуі заңды еді. Халқы ардақтаған ерен тұлға еліміздің саяси реформасының қалыптасу жолында іскерлігін қосып, зеректігін пайдаланған. Қаншама ортада басшы болған уақытында тек жұмысты емес, адамдармен араласу әдебін жіті түйсініп, барлығына дос-бауыр ретінде қарым-қатынас жасаған. Мұны да осы конференция барысында тұлғаның көзі тірісінде жора-жолдас болған адамдардан естідік.

– Адал,  таза, Алаштың жүгін  арқалаған  адам еді. Әріптестері  ауру­ханаға түсіп қалған соң, жағ­дайын сұрауға барса, жаңағы науқастанып жатқан жұмыстасы ақша сұраған екен. Ұзекең «қанша керек?» десе, бір қызметкердің айлығына тең сома сұрап тұрған көрінеді. Содан ол келіп, бухгалтерияға арыз жазып, айтқан сома­сын алыпты. Кейіннен маған келіп,  «ай  сайын алған айлығымның 50 сомын ұстап отырады, бірақ сен «неге аз алып келдің?» деп айтпа» дейді. Міне, осыдан да Ұзекеңнің әрбір қазақ бауырының мәселесіне бейжай қарай алмайтынын ұғынуға болады. Тіпті оны өз мәселесіндей көріп, шыр-пыр болып жанұшыра уайымдаушы еді, – деп еске алды жұбайы Ұлдай  Раметоллақызы.

Арда туған азаматты құрметтеп, елге жасаған жақсылығы мен қыз­метін өзгелерге насихаттап, беде­лін асыру – әрбіріміздің «әліппе бас­тауында» тұрған қызметіміз екені дау­сыз. КСРО Министрлер кеңе­сі­нің сыйлығын алып, Қазақ­станның тұңғыш премьер-министрі лауазымына келген Ұзақбай Қара­манұлы Қызылорда  облысының құрметті азаматы атанған. Даңқты ғұмырын елге қызмет етуге арнаған асқар тұлғаның есімі күн сөнгенше, ғұмыр біткенше айтылып жүретініне сеніміміз мол. Себебі, адамгершілік пен ізеттілікке толы тұлға болмысы ешқашан ұмытылмақ емес. Конфе­ренцияда Ұзақбай Қараманов жайлы айтылған тың мәліметтер мен ыстық естеліктер тыңдарман қауым­ға ерекше әсер етіп, ғұмырдариясына сая­хаттағандай әсер алды. Іс-шара парасатты тұлғаны еске алу дастар­қанында  құран бағыштауға  жалғас­ты.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: