Сыр бойы – талай тарланды түлеткен қасиетті өлке. Осындай топырақтан түлеп ұшқан, еселі еңбегімен ел есінде қалған арда азаматтардың бірі – журналист Сахитжан Бермағанбетов. Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қарақұм ауылында 1982 жылы дүниеге келген Сахитжан Асанханұлы – өз туған өлкесінің шынайы жанашыры, Сыр еліне шексіз сүйіспеншілікпен еңбек еткен қалам иесі.
Журналистика – жанын шындық жолына байлаған, халықтың мұң-мұқтажын айтып, әділеттің ақ жолынан айнымайтын мамандық. Сахитжан ағамыз да дәл осындай қасиеттерге ие жан еді. Ол қарапайым ауылда туып-өссе де, арманы асқақ, мақсаты анық азамат болып қалыптасты. Білім мен еңбекқорлықты ту еткен ол ақпарат саласындағы еңбек жолын ерте бастап, өңірдің шынайы шежіресін жасаушылардың бірі болды.
Сахитжан ағаның мақалаларынан елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің лебі есіп тұратын. Әсіресе ауылдағы қарапайым халықтың мәселесін көтеріп, әлеуметтік тақырыптарды терең қаузай білген. Ол тек ақпарат таратушы ғана емес, оқырман мен биліктің арасындағы алтын көпір бола білді. Әрбір мақаласында елдің ертеңіне алаңдағанын байқау қиын емес еді. Оның қаламынан туған әрбір жол – шынайылық пен шыншылдықтың жарқын көрінісі.
Алайда өмір жолы тым қысқа болды. 2008 жылы, небәрі 26 жасында, Сахитжан Асанханұлы жұмыс бабымен жүрген кезде апатқа ұшырап, мезгілсіз өмірден өтті. Бұл тек бір отбасының ғана емес, күллі Сыр журналистикасының орны толмас қайғысы болды. Өйткені ел үшін еңбек етіп жүрген жас қаламгердің өмірі тым ерте үзілді.
Бүгінде Сахитжан Асанханұлының есімі ел жадында. Қызылордалықтар, әсіресе Арал мен Қарақұм жұрты оның есімін ерекше құрметпен атайды. Ол өзінен кейін өнеге қалдырды, шынайылықты ту еткен журналистиканың қандай болуы керектігін көрсетті. Оның өмірі – ұрпаққа үлгі, қаламгерлік жолы – шындық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Журналист Сахитжанның есімі уақыт өткен сайын ұмытылмақ емес. Өйткені ол – Сыр елінің саңлағы, өз халқының шынайы сөзін сөйлеген ұлы жүректі азамат. Оның жарқын бейнесі ел есінде, әріптестерінің жүрегінде, туған топырағының тарихында мәңгі сақталады.
Маржан Бақытжанқызы,
Абай атындағы №138 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!