Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінің диқандары күзге толағай табыспен жетті

18.10.2022, 16:00 271

HALYQLINE.KZ Биыл 188 мың гектар жерге егін еккен шаруалар мол өнім алып, қамбаны дәнге толтырды. Бүгін аймақтың озат еңбеккерлері облыстық «Алтын дән» мерекелік шарасында марапатталып, үздіктерге автокөлік табысталды.

Биыл аймақта 78 мың гектарға басты дақыл күріш егіліп, диқандар 455 мың тонна өнімді қамбаға құйды. Шаруашылықтар әр гектарынан орташа есеппен 56,7 центнерден күріш жиды. Бұл ала жаз бел жазбай жұмыс істеген шаруалардың еселі еңбегінің жемісі. Облыс әкімі барша диқандар қауымын алтын күз мерекесімен құттықтап, дала еңбеккелеріне айрықша алғысын білдірді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Бүгінгі күні бұл жұмыс өз нәтижесін берді деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, күріштің айналасында еңбек етіп жүрген мыңдаған азамат табыссыз қалған жоқ.

Іс-шара барысында 100-ге жуық ауыл шаруашылығы озаттары марапат төрінен көрінді. Соның ішінде, егінші, шопан, бағбандардың арасында мол өнім мен жоғары нәтижеге қол жеткізген 12 үздік еңбеккерге су жаңа автокөліктің кілттері табысталып, қарапайым ауыл адамына құрмет көрсетілді.

Дархан Арынов, «Үздік комбайыншы» номинациясының иегері:

Мектеп бітіргелі сол шаруашылықта жұмыс істеймін. Осы салада «үздік комбайыншы» атанып, биылғы еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Осы көлікті алып, рақмет айтамын барлығына.Бірлігі мен тірлігі жарасқан өңірдің ырзық-несібесін арттырған еңбек адамдарының осы күні мерейі тасып, аты озды. Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасып, думанға ұласты.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: