Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шығыс Қазақстанда Ленин ескерткішін жөндеуге 1,5 млн теңге бөлінді

16.05.2023, 14:05 221

Шығыс Қазақстан облысының Алтай аудандық мәслихаты Алтай қаласының орталығындағы Ленин ескерткішін жөндеу үшін бюджеттен 1 миллион 449 мың теңге бөлуді мақұлдады. Бұл жөнінде жергілікті басылымдар жазды.

YK-news.kz сайтының жазуына қарағанда, 1962 жылы тұрғызылған ескерткіштің қызыл гранит тұғыры жөнделеді, әзірге жөндейтін мердігер анықталмаған.

– Владимир Ильичтің қоладан құйылған бұл ескерткіші – Шығыс Қазақстанда тұрған, совет көсемінің құрметіне арналған жалғыз ескерткіш. Әлі күнге аудан орталығындағы алаңның сәнін келтіріп тұр, халық бұл тарихи орынға құрметпен қарайды,- деп жазады басылым.

Алтай аудандық мәслихатының төрайымы Лариса Гречушникованың Азаттық тілшісіне айтуынша, ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде тұр.

– Сондықтан оған қалай болса солай қарауға болмайды. Саяси немесе басқа да астары жоқ. Ескерткіш «Қазмырыш» кәсіпорынына жақын жерде, көпшілік жүретін жерде тұр. Оны апат жағдайында қалдыруға болмайды, – деді ол.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова «ескерткіш идеологиялық тұрғыда ескірді» деп санайды, «бірақ тарихи ескерткіштер тізімінде тұрғандықтан жөндеу керек».

-Иә, Ленин ескерткіші әзірге тұр. Осыдан үш жыл бұрын біз аудан мен қала атын Алтай деп (Алтай ауданы мен орталығы 2019 жылға дейін Зырян деп аталған – ред.) өзгерттік, 50 көшенің атын ауыстырдық»,- деді әкімнің орынбасары.

Жергілікті тұрғындар арасында Алтай қаласындағы Ленин ескерткішін алып тастау мәселесі де көтеріледі. 2018 жылы ескерткіш орнына субұрқақ салу туралы ұсыныс айтылған.

1917 жылғы Қазан төңкерісін ұйымдастырушы Владимир Ленинді совет өкіметі мемлекет көсемі ретінде негізгі идеологиялық құралға айналдырған. Совет өкіметінің бастапқы жылдары билікте болғанда Ленин нұсқауымен Совет одағында жаппай қуғын-сүргін орын алған. Совет өкіметі ыдыраған соң бұрынғы совет елдері марксизм-ленинизм идеясынан бас тартқан.

Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: