Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелінің шаттығы шалқыды

27.10.2022, 11:20 206

Шежірелі Шиелі ауданында Республика күні мен «Алтын күз – 2022» мерекесі 2 күн бойы тойланды. Аудан халқы жыл сайын шаттығын шалқытып, шаруаларды шат-шадыман ететін іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға бейімделіп-ақ қалған. Ел ырысын тасытып, ер мерейін көтеретін осы шақта көпшіліктің мәре-сәре болып, көтеріңкі көңіл күйде жүргенін көзіміз көрді. Жоспарланған іс-шаралардың да бір-біріне ұқсамайтынын, әрқайсысының өзіндік мән-мағынаға ие екенін сезіндік. Кітап көрмесімен басталған тоқшылық тойы мерекелік отшашумен, қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді. Ортасында айтыс, мүшәйра, кітаптың тұсаукесері, ғылыми-танымдық конференция, ұлт аспаптар оркестрінің концерті секілді мәдени-рухани маңызы бар іс-шаралар өтті. Аудан жұртшылығы Ы.Жақаев кесенесіне гүл шоқтарын қоюдан, тұлға атындағы музеймен танысудан шет қалмады. Шиелілік шаруалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жақсылап дайындалып келіпті. Ағарып атқан таңнан, қызарып батқан күнге дейінгі маңдай терінің жемісін жұртшылықтың несібесі ете білді. Қазақ халқының қанында жылқыға деген жылылық бар. Ат дүбірін естуге келген халықтың да қарасы аз болмады. «Алтын күз – 2022» мерекесіне арналған театрландырылған қойылым, еңбек озаттарын марапаттау іс-шарасы да өз мақсатына жетті дей аламыз.

ДҮЛДІЛ  ДҮЙСЕНБІГЕ  АРНАЛДЫ

Аудандық «Арман» мәдениет үйінде есімі елге белгілі Сыр бойының саңлағы, қарымды қаламгер, ақын Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына арналған «Дәуір дүлділі Дүйсен­бі»  атты  аудандық  жас  ақындар  мүшәйрасы  өтті.

Игі іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Айтбай Насриддинұлы ашып, жас ақындарымызға сәттілік тіледі. Сөз барымтасына облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 15-21 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Жыр мүшәйрасында 13 ақын ұлы тұлғаның өмір жолын, өмірлік ұстанымын өлеңіне арқау етті. Айтыскер ақын Талғат Күзен­баев жүйріктей тепсініп мәре сызығында тұрған ақындардың шабытына шабыт қосып, жырдан шашу шашты. Қарымды қаламгердің өмірінің өткен беттерін парақтаған жастар қара сөздің түйінін тұшымды ойымен жеткізе  білді.

Жазба ақындар сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласының ақыны Асқар Әли иелен­се, бірінші орын шиелілік Елдар Әмірханға бұйырды. Ал екінші орынға Қызылорда қаласының жас ақыны Аружан Нұрадин ие болды. Үшінші орынды қызылордалық ақын Бексұлтан Санақұл мен Жалағаш ауданынан келген  Мейіржан  Қартбай  өзара  бөлісті.

Сондай-ақ, салмақты ойын әсерлі ұйқаспен өрнек­теген өзге қатысушыларға шабыттандыру сыйлығы тарту етілді. Мүшәйраға қатысқан барша талапкерлерге Д.Смайылов­тың ұрпақтары атынан қомақты сый-сияпаттар  табысталды.

Сондай-ақ, аудандық салтанат сарайында «Маржаны Сырдың Шиелі» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», республикаға белгілі айтыс ақын  Кенжебай Жүсіп, мәдениет саласының ардагері Исабек  Байкенжеев  төрелік  етті.

Айтысқа 5 шиелілік (Ержан Әміров, Мейірбек Сұлтанхан, Мейрамбек Ибрагимұлы, Бекжан Ержігіт, Елдар Әмірхан) және Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Аспанбек  Шұғатаев  (Павлодар),  Рүстем Қайыртай (Абай), Марат Ахметов (Ақтөбе), Төрехан Совет (Қарағанды) сынды ақындар жұп-жұп болып өнер көрсетті. Айтысты тағы бір шиелілік ақын Иран-ғайып Күзембаев тізгіндеді. Ол өз сөзінде «Бүгінгі айтысқа қатысатын ақындардың осалы жоқ, Шиелі халқы өз ұлдарының шабысын жақсы біледі деп ойлаймын. Одан бөлек осы айтысқа 3 «Алтын домбыра»  иегерлері  қатысып  отыр»  деді.

Ақындар  Шиелі ауданының жеткен жетістіктерін, осы топырақта туған тұлғаларды тегіс жырлады. Тақы­рыпқа сай Дүйсенбі Смайловтың жүріп өткен жолын, еңбе­гін айтты. Қағытпа  қалжың арқылы бір-бірінің кемшілігін айтып, халықты үйіріп әкетіп жатты. Ақтық бәсекеге шыққан Ержан Әміров, Бекарыс Шойбеков, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртайұлы «Құлманбет» айтысының  озық  үлгісін  көрсетті.

Төрт сағатқа созылған аламан айтыстың нәтижесінде III орынға Мейірбек Сұлтанхан мен Аспанбек Шұға­таев лайық деп танылса, II орынды Рүстем Қайыртайұлы, I орынды Бекарыс Шойбеков алды. Бас жүлдені Ержан Әміров  иеленді.

ШАРУАЛАРДЫҢ   ШАТТЫҒЫ

Республика  күні  аясында  Ыбырай  Жақаев  саябағында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2022» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

Шиелінің ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері биылғы дәстүрлі «Алтын күз – 2022» мерекесіне жарқын жүзбен келді. Мұның себебі Шиелі ауданына агроөнеркәсіптік саланың барлығында нәтижелі табысты жыл болды. Диқандар мен малшылар азық-түлік өнімдерін өндіруді  еселей  түсті. Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Нұржан Ахатов барша аудан жұртын мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылық саласында өз еңбектерімен жоғары көрсеткіштерге ие болған аудан еңбеккерлерін Құрмет грамотасымен марапаттап, қомақты сый-сияпаттар  табыстады.

– Ерте көктемнен қимылдап, ала жаздай тер төгіп, шыққан өнімді ысырапсыз жинап, қамбаға астық жиған диқандарымызды құрметтеу, марапат төріне шығару – біз үшін  зор  мәртебе.

Қазақта «Еңбек түбі – мереке, көптің түбі – береке» деген сөз бар. Жыл сайын «Алтын күз» мерекесін атап өтудің игі дәстүрін жалғап, еңбегімен төрге озған озаттарды марапа­т­таудың  алтын  арқауын үзбей келеміз. Ежелден еткен еңбек пен төккен тердің қадірін білетін аудан диқандары тағы бір белесті нәтижелі аяқтады, – деді аудан әкімі Нұржан  Ахатов.

Сонымен қатар, Шиелі ауданы бойынша егіс көлемі соңғы үш жылда 2376 гектарға ұлғайды. Осы жылы барлығы 30 074,4 гектар жерге егiс егіліп, негізгі дақыл күріш­тің  көлемі 10 750 гектарды құрады. Қалған 19 324,4 гектары – басқа  дақылдар  үлесінде.

Киелі Шиелінің топырағында дүниеге келіп, есімдері алтын әріппен жазылған тумысы бөлек тұлғалар, ұлтымыз­дың мақтан тұтар ұлылары мен ұлықтары жетерлік. 41  Еңбек  Ері шыққан ауданның еңбеккерлері биыл да қамбаны  астыққа толтырып, береке мен бірлігін күллі елге  танытып  отыр.

Мереке мезіреті Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта­лық стадионда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке­сіне жалғасты. Таңмен таласа бастау алған жәрмеңке­ге аудан әкімі Нұржан Ахатов арнайы қатысып, ауыл  шаруашылығы  өнімдерінің  бағасымен  танысты.

Атап  айтар  болсақ, жәрмеңкеде ақ  күріштің  келісі  280 теңгеден, сиыр еті – 1800, картоп пен сәбіз – 140, пияз – 75, алма мен қызанақ – 300, балық 1200 теңгеден саудаланды. Жалпы алғанда жәрмеңкеге ауданның түкпір-түкпірінен келген шаруалардың 20-дан астам ауыл шаруашылығы өнімі, дәлірек айтқанда 100 тоннаға жуық өнім  әкелініп, тұрғындарға  сатылды.

ЕГІНШІСІ – МӘРТ, ЖЕРІ – ЖОМАРТ

«Алтын күз» мерекесі аясында күріш атасы Ыбырай Жақаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына құран бағышталды. Алып тұлғаның рухына тағзым ету үшін аудан әкімі Нұржан Ахатов пен аудан ардагерлері, ел азаматтары даңғайыр диқан туып-өскен Ыбырай Жақаев ауылына  арнайы  ат  басын  бұрды.

Сондай-ақ, аудан басшылығы Ыбырай Жақаевтың атындағы күріш өсіру тарихи музейіне барып, ондағы атамыз­дың қолданған құралдары мен өзге музей экспонаттарымен  танысты.

Аудан әкімімен бірге музейге қоғам және мемлекет қайраткері Алтыншаш Жағанова, Қазақстанның Құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақай да барды. Ыбырай Жақаевтың күріш өсіруден әлемдік рекорд жасағанына 75 жыл толуына орай «Егінші – мәрт,  жер – жомарт» атты республикалық ғылыми-танымдық  конференция  да  өтті.

Ыбырай Жақаев атындағы ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ашып, жүргізді. Алғаш болып сөз алған Қазақ Ауыл Шаруа­шылық Ғылымдары Академиясының академигі Бақытжан Дүйсем­беков «Қызылорда облысының фитосанитарлық жағдайы және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын тиімді шаралар» мәселесі бойынша, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірманов «Жоңышқа дақылының тұқымын өндіру технологиясына» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, конферен­цияда Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Құрманбек Бәкірұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы, ардагер Сұлтанбек Оразымбетов «Күріштің бастапқы тұқым шаруашылығында гидропоника тәсілін пайдаланып, көшеттеп егу әдісін қолдану», «Ы.Жақаевтың күріш өсіруден әлемдік рекорд жасағанына 75 жыл» тақырып­тарында  ой  қосты.

– Биылғы «Алтын күз» мерекесі – шаруалардың адал еңбегін, даңғайыр диқан бабамыздың рекордын ұрпақтан-ұрпақ­қа дәріптеудің жарқын көрінісі. Біз, кейінгі ұрпақ, Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары әрі оның жерлестері ретінде атамыз шыққан биік белестерді мақтанышпен айта отырып, оған ұқсауға және оның атын асқақтатуға борыштармыз, – деді жиын соңында аудан әкімі  Нұржан  Сәбитұлы.

Осылайша, 2 күнге созылған Шиелідегі елдік пен еңбек тойы өз мәресіне жетті. Ең бастысы – бейбіт күнде ел-жұрттың мерекенің мезіретін сезінуі, диқандар мен шаруа­лардың шаттығы. Республика күні мен «Алтын күз» мерекесі аясындағы іс-шаралардың қай-қайсысы болмасын жоғары деңгейде өтті.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: