Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде Алтын орақ – 2022 мерекелік іс-шарасы өтті

26.08.2022, 9:30 263

HALYQLINE.KZ «Кеше киелі Шиелі жерінде, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған ауданда Сырдың басты дақылы, ел ырысы – ақ маржанымыз күрішке орақ түсті» деп хабарлайды Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Алтын орақ – 2022» мерекелік іс-шарасына аудан әкімі Ахатов Нұржан Сәбитұлы, мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудан ардагерлері, шаруа қожалық басшылары, ауданның зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Нұржан Ахатов ауданымыздың диқаншылар қауымын алғашқы егін жинау жұмыстарының басталуымен арнайы құттықтап, күннің ыстық-суығында үздіксіз жер жыртып, егіс алқабына көзінің қарашығындай қарап, оны баптап тынбай еңбек еткен диқаншылардың есіл еңбегін айтып, шаруалардың жұмыстарына алғысын білдірді.

– Биылғы жылы ауданда барлығы 30,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жылдың басында негізгі дақыл күріштің межесі 8500 гектар болатын. Облыс әкімінің қолдауымен 12000 гектар егу мүмкіндігі берілді. Дегенмен де шаруа қожалықтары вегетация кезеңінде судың тапшылығына байланысты тәуекелдің алдын алып, барлығы 10750 гектар жерге күріш орналастырылды. Диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоңышқа шөбінен 43172, жаздық бидайдан 410, көкөністен 30225 және бақша дақылынан 45000 тонна өнім жиналды, – деді аудан әкімі.

Ерте көктемнен бастап ала таңнан күн батқанша дейін тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен теккен төрдің нәтижесіне арналған шарада Шиелі ауданының Құрметті азаматтары ауылшаруашылығы саласының ардагерлері Оразымбетов Сұлтанбек Қойшыбайұлы тілегін жеткізіп, Смайылұлы Киікбай ағамыз шаруаларға ақбатасын берді.

Биылғы жылы диқандарамыз орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алды. Онымен қоса, әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс істелді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде дихан қауымы егілген күріш алқаптарын судан қалдырмай, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді. Шаруашылық құрылымдары ішкі каналдар мен қашыртқы жүйесін тазартуға, су беру кезеңінде оны үнемді пайдалану мақсатында қашыртқыларға артық су жібермеуге барынша тырысты. Диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Осы жылы аудан бойынша егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында ескі жоңышқа көлемі 6147 гектарға, жаңа жоңышқа 3400 гектарға, соя 150 гектарға, дәнді жүгері 110 гектарға, арпа 50 гектарға, жемдік жүгеріні 60 гектарға, мал жемдік асқабақ 137 гектарға, тары 280 гектарға, мақсары 1494 гектарға артып отыр. Іс-шара соңы аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мерекелік концертке ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: