Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенат депутаттары Шиеліде болды

24.08.2022, 17:00 258

HALYQLINE.KZ Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Мұрат Бақтиярұлының қатысуымен жиын өтті.

Жиында алғаш болып сөз алған Ақмарал Шәріпбайқызы аудандық мәслихат өкілдері мен өзге де қатысушыларды көкейде жүрген сауалдарын қойып, оның шешімін бірге іздеуге шақырды.

– Сыр елінің үмітін арқалап, депутат атанғалы талай мәселенің түйінін тарқатуға өз үлесімізді қостық. Тіпті өз атымыздан 140 депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша Арал теңізінің ішінде фитомелоративтік жұмыстар жүргізу, Байқоңыр қаласының әлеуметтік жағдайы, Арал теңізі суының тартылуы, санитарлық авиация мәселелеріне назар аудартып, бірнешеуінің шешімін табуға атсалыстық. Алдағы қараша айында үкімет сағаты денсаулық саласына арналатын болады. Соған байланысты өз ұсыныстарыңыз болса тыңдауға дайынбыз, – деді Ақмарал Әлназарова.

Келесі кезекте сөз алған Мұрат Бақтиярұлы аудандық мәслихат депутаттарының жаңарып-жасарғанына қуанатынын айтып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ төртінші деңгейлі бюджеттің жұмысын сынға алып, өзі туып-өскен Бала би ауылын мысалға келтірді. Себебі аталған ауылдың бюджеті бар болғаны 1,5 млн теңгені құрап отыр. Сенатордың айтуынша бұл өте төмен көрсеткіш.

«1,5 млн теңгемен ауылдың бір жылдық мәселесін шешуге бола ма? Әрине болмайды. Сондықтан төртінші деңгейлі бюджет жұмыс істеп жатқан жоқ деген сөз. Бұл сіздердің кінәләріңіз емес. Үкіметтің, министрліктің жіберген қателігі», – деді.

Мұнан кейін аяқ су тапшылығы мәселесінің жыл өткен сайын өзекті болатынын айтып, «Шиелі ауданы қауын мен қарбыздың, өзге де суды аз қажет ететін баубақша өнімдерінің отанына айналу керек», – деді.

Сенатор көтерген үшінші мәселе мал өсірушілерге берілетін субсидия мәселесі болды. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша субсидия беру мәселесінде үлкен қателіктер жіберілген.

«Яғни ірі шаруашылықтарға субсидия жыл сайын беріліп, ұсақ шаруашылықтар бұл көмек түрінен қағылып отыр. Осы себепті жүйені қайта қарап, субсидияны жаңадан ашылған шаруашылқтарға 3 немесе 5 жыл көлемінде аяқтанып кеткенше ғана беру керек», – деді сенатор.

Мысал ретінде 2016 жылы аймақта теңдесі жоқ жоба ретінде ашылып, биыл қаражат жеткіліксіздігіне байланысты жұмысын тоқтатқан Насыр Мырзабековтың «Шиелі құс» фермасы келтірілді. Ферма министрлік бекіткен мөлшерге жете алмағандықтан құс шаруашылығына берілетін субсидиядан қағылып, ақыр аяғы жабылып қалған. Осы мәселені ескере отырып, сенатор субсидия беру мәселесінде айтарлықтай өзгерістер енгізу қажет дейді.

Мұрат Бақтиярұлы назар аударған төртінші мәселе дене шынықтыру пәні мұғалімдерін қысқарту мәселесіне қатысты айтылды. Себебі биылғы оқу маусымынан бастап министрлік тарапынан дене шынықтыру сабағынан қыздар мен ұлдарды біріктіріп оқыту шешімі қабылдаған. Осыған сәйкес республика бойынша 29 мыңнан астам дене шынықтыру пәні мұғалімдері қысқартуға ұшырамақ. Сенатор бұл мәселенің үлкен әлеуметтік төңкеріс алып келуі мүмкін екендігін айтып, «жоғарғы оқу орындарына берілетін білім гранттарының санын көбейтпестен бұрын түлектерді жұмысқа орналастырудың мүмкіндіктерін ойлаған дұрыс» деді. Сол себепті педагогикалық мамандықтарға емес, техникалық мамандықтарға арналған гранттар санын көбейту ұсынылды.

Жиын соңында аудандық мәслихат депутаттар тарапынан ауданда тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме ашу, ана мен балаға төленетін жәрдемақыны бала кәмелетке толғанға дейін төлеу мәселесі көтерілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: