Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сауд Арабиясы қажылық сапарға 10 мың орын ұсынып, 50 мың Құран кітап сыйға тартты

27.09.2023, 13:58 335

HALYQLINE.KZ

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтанимен кездесті.

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері біз Сауд Арабиясымен тығыз жан-жақты қарым-қатынастамыз. Дипломатиялық байланыстар аясында біздің діни салада да әріптестік орнатқанымызға көп жылдар өтті. Осы жылдар ішінде біздің байланысымыз нығая түсті. Қажылыққа қатысты екі жақты жұмыстарымыз жетіліп, өз нәтижесін беріп келеді. Биыл елімізден төрт мың адам қажылығын өтеп қайтты. Екі жақты жобаларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан Сауд Арабия елшілігіне алғыс білдіремін. Жақында ғана Меккеде өткен халықаралық жиынға қатысып, ынтымақтастық мәселелерін арттыру бойынша да бірқатар келіссөздер жасалды» деді Бас мүфти.

Елші өз кезегінде ортақ жобаларды қолдайтынын айта келе Сауд Арабия Корольдігі атынан Қазақстанға берілген 50 мың Құран кәрімді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыстады.

ҚМДБ мәліметінше, 2024 жылы Сауд Арабиясы Қазақстанға 10000 қажылық орын ұсынған. Бұған дейін ел азаматтарына қажылық жасау парызы 4 мың адамға беріліп келген.

Еске сала кетейік, кеше «Кәусар» Travel компаниясының басшысы  Медет Мұратбайұлына  үкім шығарылып, 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол фирмасы арқылы қажылық парызын өтеушілерді шығынға батырған.

«Мен кәдімгі бизнесті жүргізе алмағаным үшін ғана кінәлі шығармын. Мен өзімді алдап, Бекболат Тілеухан мырзаға сендім. Менде барлық чектер бар. Бірақ қазір олар менің қолымда жоқ. Мен 522 миллион теңге, яғни компания қаражаты Бекболат Тілеухан мырзаға берілді, одан бөлек 128 миллион теңге менің жеке қаражатым ол кісіге тағы аударылды. Ол кісімен бірге жұмыс жасаймыз деп, кәсіпті бірге жүргізгенбіз. Құжаттандыру және басқа заттары бойынша уәде еткен. Мүфтиятқа тіркеу, туризм басқармасынан құжат алу бойынша шаруларды реттейтінін айтты. Ол кісінің үстінен ҰҚК атынан арыз жазып, Президент аппаратынан да шағым түсірдім», – деді журналистерге берген сұхбатында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: