Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сандықтағы жүргізуші куәлігі

01.03.2024, 15:20 351

HALYQLINE.KZ

 (Болған оқиға)

Өткенде теледидардан көлік жүргізушілердің көліктің техникалық құжаты мен жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмей, үйінде қалдыра беруге болатыны туралы заң шыққанын естігенде сонау бала күнгі бір оқиға еріксіз есіме түсті.

Сегізінші сыныпты Бекбауыл мектебінен бітіріп, Жаңақазалы поселкесіндегі №421 мектептің 9-сыныбына оқуға келген кезім. Ол кездегі үрдіс бойынша оқу басталғасын бір жеті, он күн оқытады да, жоғарғы сынып оқушыларын ауыл шаруашылығы жұмысына жегеді. Бізді сыныбымызбен аудандағы Құмжиек совхозының күріш егетін дала қосына күріш оруға апарды. Қыркүйек айының соңғы күндері-ау деймін, екі бала ауылға қайтатын болдық. Жататын көрпе-төсегіміз, анау-мынау заттарымыз салынған екі қапты арқалап, азық-түлік әкелген көлікке отырдық. Ол көлік бізді дала қосынан Басықара поселкесіне дейін әкеліп, бір дүкеннің жанына түсіріп кетті. Аудан орталығына күніне бір рет қатынайтын автобус сол жерге тоқтайды екен.

Сәлден кейін біреуі құндақтаған бала көтерген, біреуі заттарын көтеріп келген екі әйелден автобустың жарты сағаттай бұрын кетіп қалғанын білдік. Сөздерінен байқағанымыз, бұл кісілерге аудан орталығына алып баруға машина келу керек. Сәлден кейін темір қорабы салдырлаған самосвал келді. Құндақтаған баласы бар әйел машина кабинасына жайғасты. Біз жүргізушінің шалғайына жармастық. Түрімізге зер салған жүргізуші:

– Жұмыстан қашып бара жатырған жоқсыңдар ма? – деп сұрады да, – Балалар, ренжімеңдер. Кабинаға артық адам ала алмаймын. Кузовты көріп тұрсыңдар, темір. Адам мінуге болмайды.

Мезгіл кешкіріп бара жатыр. Кешкі салқын да сезіле бастаған. Оның үстіне осы машина ала кетер деген үмітіміз үзілгендей болды ма, көзімізден жас шығып кетті. Жүргізуші ағамыз жасаурап тұрған көзімізді, абыржып тұрған кескінімізді көріп аяп кетті-ау деймін, кабинадан секіріп түсіп, қаптарды машинаның темір қорабына лақтырып жіберіп:

– Тәуекел. Қаптарыңның үстінде қозғалмай жатыңдар. Бастарыңды көтеріп, не болмаса түрегелмеңдер, – деді.

Жүрегіміз жарылардай қуанған біз темір қораптағы қаптарымыздың үстіне жайғастық. Ол кезде қайбір тегіс жол бар, кейде ысырылып қораптың темір табанына соғыламыз. Бір кезде машина тоқтай қалды. Аспанға қарап алақтап жатқан біздің үстімізден милиция киімін киген біреу төніп тұр.

– Түсіңдер. Не жатыс? Мынау үлкен нарушение, – деп зіркілдейді.

Бізде зәре жоқ. Төменде тұрған жүргізуші ағамыз:

– Ағасы, оқушы балалар ғой. Бір жолға кешірім бер. Күн кешкіріп бара жатқан соң тастап кете алмадым.

– Сөзді қой. Балаларды түсір. Правоңды әкел. Заңды бұздың ба, нарушение жасадың ба, жауап бер.

– Ағасы, айтқанды түсінсейші.

– Әңгімені қой, праваны әкел.

– Права жоқ.

– Праваң жоқ. Кім саған машина беріп жүрген?

– Права бар ғой. Қазір қолымда жоқ.

– Басты ауыртпа, әкел.

– Шын айтамын. Право – әжемнің сандығында. «Бір сиыр сатып оқытқан нәрсені жоғалтасың. Енді саған право алып беретін сиыр жоқ» деп ақ шүберекке түйіп сандығына салып, сандығын құлыптап қойды. Кілтті ешкімге бермейді.

– Бала, сенімен әзілдесіп тұрғаным жоқ…

– Мен де әзілдеп тұрғаным жоқ. Ауылға бара жатыр екенсіз, мына баласы ауырып тұрған әйелді ауруханаға жеткізіп қайтып ауылға барамын. Сол жақта күте тұрасыз. Правоны әжеме ерітіп барып көрсетемін.

– Қалаға правосыз барасың ба? Бәрібір ГАИ-ға ұсталасың ғой…

– Машинаның кескіні мынау. Нарушение жасамасам, ГАИ-дің несі бар менде.

– Несі бар дейді ғой. Қаланың заңын білмейді екенсің. Ауылда правосыз қалай машина айдап жүрсің?..

– Ағасы, менің правом бар екенін, оның әжемнің сандығында екенін ауылдағы балалардан бастап бастыққа дейін біледі. Қалаңды білмеймін, ауылдың заңы бөлек. Мына балаларды да сол ауылдың заңы бойынша мінгіздім. Балалар, жатыңдар кеттік. Келгесін бір сыласы болар, – деді де машинаны от алдырып жүріп кетті. Қорапта жатқан біз милицияның қандай күйде қалғанын көргеніміз жоқ. Жүргізуші ағамыз милицияның үш дөңгелекті мотоциклінің қорабында отырған әдемі киімді апаны баратын жеріне апармай, бізді қумайтынын білді-ау деймін.

Қазіргі «Жеңіс» паркінің тұсына тоқтаған машинадан түстік. Ол кезде қазіргідей үйлер жоқ, ол арадан теміржол анық көрінетін.

– Балалар, ары қарай апара алмаймын. Праводан айырылар жағдай жоқ. Осыдан жүріп отырып переезге барсаңдар, ар жағы 5-квартал ғой, – деді.

– Ағай, правоңыз өзіңізде ме еді? – деп екеуміз қосарлана сұрадық.

– Әрине, өзімде. Жаңағы адам аямайтын «шелтеңбайларға» солай демегенде не дейсің. Өскенде өздерің де қолдарыңа билік тисе, «шелтеңбайшылап» жүрмеңдер, – деп машинасын қозғай берді.

Аты-жөні беймәлім даланың заңына ғана бағынған қайран ағалар-ай!..

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: