Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салық базасын кеңейту мәселелері талқыланды

24.02.2023, 15:40 283

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету және салық салу базасының резервтерін анықтау, оны кеңейту мүмкіндіктері қаралды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов салық базасын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар және қосымша резервтер туралы баяндама жасады.

Аймақ басшысы салық базасын кеңейтуде өсім байқалғанымен, шешімін таппаған мәселелер әлі де бар екенін атап өтті.

«2022 жыл қорытындысымен жергілікті бюджеттің болжамы 104,1%-ға орындалып, 79,9 млрд теңге түсім түскен. Бюджет түсімдерінің өсімі байқалады. Алдымызда әлі атқаратын көптеген жұмыс бар.

Мәселен, жалақыдан төленетін салық көлемі халық саны өңiрiмiзбен шамалас Қостанай облысында 76 млрд теңге болса, Қызылорда облысында 44 млрд теңге түсті. Осы салық бойынша көрсеткішіміз бір ғана Қостанай облысынан екі есеге жуық төмен. Барлық деңгейдегі әкімдер мен уәкілетті органдар, кірістер органдары арасында айқын өзара бірлескен жұмыс жүргізілуі тиіс. Әсіресе, аудан, қала және ауылдық округ әкімдері бұл жұмыстарға аса мүдделі болуы тиіс. Олар үшін бұл – әлеуметтік және инфрақұрылымды дамытудағы өзекті мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік», – деді Н.Нәлібаев.

Мәселеге байланысты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына, қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, мердігерлердің жоба-сметалық құжатында көрсетілген жұмысшылардың еңбекақы қорының толық төленуіне бақылау жасау тапсырылды.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы есептерінде салық төлеуден жалтарып, жұмысшы санын көрсетпейтін шаруашылықтар, шағын және орта бизнес субъектілерінің салығын төлеу, газбен жабдықтау нысандарын республикалық меншікке беру, рұқсатсыз орналастырылған жарнама объектілерін түгендеу секілді мәселелерді қолға алуды міндеттеді.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету барысын баяндады.

Облыс әкімі Қызылорда қаласы, аудан және ауылдық округ әкімдеріне бюджет кірістерінің әр түрі бойынша нақтылай отырып, салық базасын ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізуді тапсырды. Осы бағытта атқарылатын iс-шараларды апта сайын қадағалап, ай сайын есеп беру арқылы тұрақты түрде бақылау облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа жүктелді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: