Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саятшылардың Сырдағы сән-салтанаты

22.02.2022, 10:00 1151

Ұшы-қиыры жоқ кең далаға қыранша көз тастап біз тұрмыз. Сонадайдан сағымдай бұлдырап бірдеңелер көрінгендей болады. Көз жетпеген соң жазуға сөз де жетпейтіндей. Ал одан анығы алыста қап-қара бірнәрсе қарауытады. Біз тұрған жерден томағасын сыпырған құс атаулысы сол жақты нысанаға алады. Әрқайсысының әдісі әртүрлі. Бірі тым жоғары ұшып, содан соң ғана төменге құлдилағанды құп көреді. Ал, енді бірі жербауырлай ұшып-ақ тура сол жерден табылады. Қарауытқанға жолай бөгеліп барып жеткендер немесе басқа жаққа бет алып кеткендер де бар. Бұл – құсбегілердің чемпионатында көрген көрінісіміз. Яғни, құстар бәсекесінің бірі. Әр құстың белгілі бір қашықтықта тұрған атты иесінің қолына тұғырына жайғасқандай дұрыс қонуы, жылдамдығы, бәрі-бәрі есепке алынып, ұпай беріледі. Жалпы, құсбегілердің ұлттық нақыштағы киім үлгісі, құстардың жабдықтары, аң-құстарды ұстауы бағаланады. Бұлардың қатарында құстар мен иелерінің арасындағы байланыстың үйлесімділігі де бар.

Иә, осылайша Жаңақорған төрінде ұлттық спорт түрі саятшылықтан құсбегілердің 16-20 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ересектер арасында XV рет өткізіліп отырған жарысқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан ителгі, бүркіт, қаршыға ұстаған 70-ке жуық саятшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Қазақ – құсбегілікті күнделікті күнкөріс емес, спорт, өнер деңгейіне шығарған халық. Бір ғана мысалды сұрақпен келтіріп көрейік. Жеті қазынаға не жататынын білесіз бе?

Қызыл көрген қаршығадай біз де қызық көріп жүрміз. Құсын оң қолына қондырған құсбегілердің сол жақ белінен жемдорбасын көзіміз шалды. Құстардың қонақтайтын тұғырының да сан түрі бар. Киіз үй тігілген. Қазақы киінгендердің қарасы көп. Атты адамдар да байқалады.

– Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы құсбегіліктен XV чемпионатын Қызылорда тарихында алғаш рет өтіп тұрған салбурынға теңеп тұрмын. Салбурын – құсбегілердің өнер сайысатын ордасы. Қыранның өзі барған жерінде тоғыз мың жылқысы, тоғыз мың қойы, тоғыз ұлы болса деп тілейді екен. Жылқыны айтқаны – саятшылыққа жасалған жағдай, қойды айтқаны – ас-суы, ұлды айтқаны түзге көп шығуына мүмкіндігі екен. Құс үйге өзінің ырзық-несібесімен келеді. Жалпы, құсты қолға қондыру – киелі өнер. Бүгінгі чемпионатқа 70-ке жуық құсбегі қатысып отыр. Бұл кісілер біздің халқымыздың саф өнерін, бабалардың бойынан сақталып келе жатқан дәстүрді жалғастырып жүр. Сондықтан бәріне шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді ашылу салтанатында Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов.

Жарысқа ұлттық спорттың дамуына атсалысып жүрген ардагер саятшы Әбдікәрім Түсей, Алматы облысының ардагер саятшысы, ұлттық спорттың жанашыры Шаймардан Әден сияқты қонақтар қатысты.

Чемпионат алдында Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұл өңірдегі саятшылық туралы сөз қозғаған еді.

– Қазақ халқында саятшылық – өте қызықты әрі салтанатты өнер. Дегенмен бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек иттер мен құстардың мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар мен құсбегілер ғана меңгере алады. Әлемде саятшылықты қазақ халқындай биік деңгейге ешкім көтермеді десем қателеспеген болармын. Ата-бабамыз қандай тазының ұшқыр, қандай құстың қыран екенін бір қарағаннан-ақ білген. Ал, сол тазы мен құсты баптап, аңға салу, оларды өздеріндей танып-білу – өз алдына бөлек бір өнер. Қызылордада құсбегілікті дамытуды жоспарлап отырмыз. Чемпионаттың осы жерде өтуі де – осыған жасалған алғашқы қадамның бірі, – деді ол.

Сыр елінің намысын чемпионатта бір ғана құсбегі қорғады. Қызылордалық саятшы Ғалымжан Өміртай бүркіттің бабына кіріскеніне бірнеше ай ғана болғанын айтады.

– Өзім Жаңақорған ауданында жамбы ату спортының жаттықтырушысы қызметін атқарамын. Басқа аймақтардағы достарымның көбі құсбегілікпен айналысады. Соларға қызығып, бүркітті баптауға кірістім. Алдағы уақытта қаршыға, лашынды асырасам деймін. Сол арқылы жастарды ұлттық спорт түрлеріне, саятшылыққа, құсбегілікке баулу ойда бар. Құс асыраудың өзіндік қиындығы мен қызығын көріп жатырмын. Негізі, мемлекеттен қолдау жоқ емес, – дейді ол.

Бүгінде ұлттық спорт мектебі еліміздің барлық дерлік аймағында бар. Сол мектептерде құсбегілік өнері де үйретіліп келеді.

– Көк байрағымыздағы қыранымызды қолымызға алып Жаңақорғанға келіп қалдық. Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданынан келдім. Саятшылық – бабадан балаға мұра болып қалған өнер. Біз де ұрпақтарымызға мұртын бұзбай аманаттауымыз керек. Қазіргі жастардың қаршығасын, сұңқарын ұстап артымыздан ергеніне қуанамыз. Біздің ШҚО-да 20 құсбегі бар. Қолымдағы «Қарагер» – қарт Тарбағатайдың құсы. Бүркітім бір қыста 3-4 түлкі алады. Бүгінгі жарысқа көптеген көрерменнің келіп тамашалауы, қызығушылық танытқаны да – бір қуаныш, – дейді құсбегі Тәттімбет Кәпұлы.

Жалпы, елімізде ат спорты, яғни бәйге, жамбы ату, көкпар сияқты ұлттық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Ал, саятшылық, оның ішінде құсбегілік өнер енді-енді кең өріс алуда. Тіпті, 80-жылдары Қазақстанда саны 15-тен асар-аспас ғана құсбегі болған көрінеді.

– Сексенінші жылдары республика бойынша 15-16 ғана құсбегі болған екен. Олардың ішінде ең үлкені 85 жаста болса, ең жасы 60-тан асқан. Осы күні табиғатпен тілдесуге жол ашатын ерекше өнерге ықылас білдірген азаматтар саны 200-ге жуық. Қазір ұлттық спорт мектептеріне қызығушы жастар көбейді. Әсіресе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында мектеп жанынан құсбегілік бөлімінің жұмыс істеуі – өте жақсы құбылыс. Жуырда ғана Павлодарда өткен сайысқа қатысушы құсбегі-саятшылардың қатарында жас жігіттер көп болды. Бұрын саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Қазіргі таңда қыран құстың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды. Қазақтың көп шоғырланған жері – Сыр өңірінде бұл чемпионат алғаш рет өтіп отыр. Бұған қуаныштымыз. Саятшылықтың қасиетін жас буынға насихаттау үшін осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруымыз керек, – деді ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы.

Чемпионат қорытындысында барша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» әзірлеген диплом, медальдармен марапатталып, демеушілердің қаржылай сыйлықтары табысталды.

Жарыс барысында қарт Қаратаудан ұшып келген қыранның аспанда шарықтап, айналсоқтап жүргенін байқадық. Мұның өзі саятшылардың назарын ерекше аударды. Шынын айту керек, Жаңақорған ауданының күн райы мен жерінің жазықтығы кейбір құсбегілер мен құстарға кері әсерін тигізген болуы мүмкін. «Чемпионат неге Қаратау бөктерінде ұйымдастырылмады екен?!» деген сауал да көкіректе сайрап тұрды.

– Ұлттық құндылығымыз бен тарихымызды ұлық қылар сәттің көрінісіне көңілім бір марқайды. Өңіріміздің аталған чемпионатты өткізуге табиғи жағдайы қолайсыз болса да, қолдан келген амалдарын жасап бағуда. Қазақылық қайнаған Қызылорда облысында ежелгі салт-дәстүрімізді жаңғырту – болашақ ұрпақтар үшін сабақтастығы мол іс-шара. Өңірімізге осы жарысты өткізуге келісім беріп, қолдау білдірген, насихаттау жолындағы барлық тұлғаларға алғысым шексіз. Айтпақшы, бұл жарысты Қаратаудың бөктерінде ұйымдастыру жоспарланған болатын. Облысымызға таңсық шараны насихаттап, жастардың бойында рухани азық қалдыру мақсатында Жаңақорған кентінде ұйымдастырылды. Бұл чемпионатты табиғи ерекшелігіне қарамай Қызылорда облысында өткізуге үлкен үлес қосқан тұлғаларға ризашылығымды білдіреміз, – деді Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының оқу-спорт бөлімінің басшысы Мәулен Бегалиев.

Қазақ саятшылыққа шыққанда аңды аңдымаған, аңмен аңдысқан. Өйткені, киікті атар алдында бір ысқырып барып шүріппені басатын көрінеді. «Ол да – табиғаттың төл баласы, адам секілді жаратылыс. Сондықтан, оған бір мүмкіндік беру керек» деп санайтын болған. Есте жоқ ескі замандарда екі қазақтың бірі құсбегі атанғаны анық. Қазақтар бір-біріне «Бұл – іргесіне құс байламаған түтін ғой» деп ренішін білдіріпті. Яғни, жеті қазынаның төртеуі (жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы мен берен мылтық) қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, саятшылыққа қатысты болуы тегіннен-тегін емес секілді.

Рыскелді ЖАХМАН,

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай, Әлібек Жарықбаев

Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы құсбегіліктен XV чемпионатының қорытындысы:

Қаршыға түрінен:

І орын – Сейдулла Паң, Түркістан облысы;

ІІ орын – Ерлан Сандыбай, Түркістан облысы;

ІІІ орын – Серікбек Күнтуған, Нұр-Сұлтан қаласы;

ІІІ орын – Аян Сейтжан, Алматы облысы.

Ителгі түрінен:

І орын – Айшуақ Тайманов, Маңғыстау облысы;

ІІ орын – Таңат Оспанқұлов, Қарағанды облысы;

ІІІ орын – Мұрат Көдеков, Алматы облысы;

ІІІ орын – Ибрагим Базарбаев, Түркістан облысы.

Бүркіт түрінен:

І орын – Ақберен Құрманалиев, Атырау облысы;

ІІ орын – Жалғас Әкімбеков, Жамбыл облысы;

ІІІ орын – Нұрлыхан Жаркен, Қарағанды облысы;

ІІІ орын – Ермұхан Баетбай, Алматы облысы.

Пікірлер:
  • Рыскелді Жақман жазғанына жан бітіргені соншалық, көзбен көргендей болып оқып шықтым.

    Міне,нағыз тәуелсіз еліміздің суреткері!! Алар асуың биік болсын.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: