Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СӘБИ мен СӘБИТ ОҚИҒАСЫ ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК…

19.05.2022, 10:40 511

8-қабаттың терезесінен 20 минуттан аса уақыт салбырап тұрған нұр-сұлтандық 3 жастағы баланың оқиғасы көпшілікті таңғалдырғаны анық. Әрине, видеолардан құлап кетпесе екен деп жанын шүберекке түйген жандардың эмоциясын да байқауға болады. Бір қуантарлығы – істің жақсы жайтпен аяқталуы. Құдайдың құдіретімен, Сәбит пен Сағи атты қызылордалықтардың арқасында сәби дін аман отбасына оралды. Барлық мақтау мен мадақ айтылды, жазылды. Құрмет те көрсетілді. Ақша, дүние-мүліктің адам жанынан артық емес екені тағы бір мәрте дәлелденді. «Құтқарған екі жігіт нағыз адамның жасауы керек ісін жасады, алайда негізгі тақырып балалардың қауіпсіздігі болуы керек». Ақпараттық сайттарда тараған дәл осы пікірдің жаны бар секілді.

– Балалар қайтадан бейбіт күннің батыр­ларына аманат. Күн өткен сайын «садақа­шыл қоғамға» айналып бара жатырмыз. Бұны байқап отырмыз ба? Тіпті, 4 балалы әке мемлекеттен үй алып, белгілі бір жұмыс табуы үшін өз өмірін қатерге тігуі де қоғамдық тұрғыдан, адамдық тұрғыдан үлкен қасірет емес пе?! Мемлекеттің өз міндетін атқармай, барлық істі азаматтарға артып қоюы, азаматтардың да бұны байқамай, садақашыл бір өмір сүру стиліне қарай бағыт  алуы  жақсы үрдіс емес, – дейді белгілі тележүргізуші Молдияр  Ергебеков.

Бізді енді не ойландыруы керек? Бейбіт күннің батыры атанған қос азамат секілді жан барлық жерден табыла кете ме? Сәбидің басындағы бағы ше? Құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді саларда  бұл жағдайды да ескеруі керек емес пе? Көпқабатты үйлерде тұратын ата-аналар нені білуі тиіс?  Мұндайда жауабы бар, жұмысы  жолға  қойылмаған  сансыз  сұрақ  қойылады.

Мамандар жаз айлары басталысымен-ақ балалардың биік қабаттан құлау фактісі жиілей түсетінін жасырмайды. Оқиғаның болуы көбіне терезедегі москиттік торды орнатумен тығыз байланысты екені анық. Тұрғындар арнайы мекемелерге терезеге тапсырыс беру кезінде москитті торды балалардың бойы жетпейтін жеріне орнатуға немесе басқа да қалқандар арқылы сақтық шараларын қатаң қадағалауы керек.

Қызылорда облысы бойынша 2019 жылы – 7 бала (1 бала оқиға орнында қайтыс болған), 2020 жыл – 6 бала (барлығы да аман), 2021 жылы – 10 бала (2-еуі қайтыс болған), 2022 жылы 2 бала (2-еуі де аман) терезеден құлау фактісі бойынша әртүрлі жарақатпен емдеу мекемелеріне жатқызылған. Зардап шеккендердің негізгі бөлігін 1 мен 6 жас аралығындағы  балалар  құрайды.

– Биіктен құлау жағдайы жол-көлік оқиғасы секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғасы бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі 5-6-ға толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбіне құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Мәліметтерге сүйенсек, балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуын ескертеміз. Қызыл­ордада аптасына екі рет рейд жұмыс­тары ұйымдастырылады. Мамандар арнайы дауыс­зорайтқышпен халыққа түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуде, – дейді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызме­тінің  баспасөз  хатшысы  Әлия  Ережепова.

Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан болады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, маза­сыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбидің өміріне қауіп төнбес үшін, оның  әр  қадамына  абай  болған  абзал.

Қоғам тарапынан баланы үйде, көлікте жалғыз қалдырып, өміріне қауіп төндіретін ата-аналарға қатаң шара қолдану керектігі жазылып жатыр. Тіпті, кейбірі қарай алма­ған ата-аналардың балаларын мемлекеттің қам­қорлығына немесе мемлекеттің қатаң қада­ғалауына  алу  керек  дегенді айтады. Қалай десек те, қауіптің алдын алуға болады. Ол үшін немқұрайдылықтан  арылу  қажет.

Рыскелді  ЖАХМАН

Баланы биік  қабаттан қалай  қорғаймын?

·         – егер бала үйде болса, терезені ашық қалдырмау;

·         – терезенің тиісті қорғауы болмаса, торды сенімді тірек ретінде пайдаланбау;

·         – балалар оған сүйеніп тұрғанды ұнатады;

·         – терезе, самалдық немесе шыны есіктер алдында ойнап жүрген балаларды қараусыз қалдырмау;

·         – балалар терезенің алдына шығып, төмен құламауы үшін жиһаздарды терезенің жанына қоймау;

·         – балаларға қауіпсіздік сабақтарын өткізу. Үлкен балаларды кішкентай бүлдіршіндерге қамқор болуды үйрету;

·         – балалар терезені өз бетінше ашпау үшін терезеге блокиратор немесе оның тұтқасына құлып орнату керек.

Тақырыпқа  тұздық

БАЛАЛАРДЫҢ  НЕГЕ  ҚҰЛАП ЖАТҚАНЫНА  МӘН  БЕРСЕК

Әуелі  қорғанып  алайын,  Сәбиттің  ерлігі,  өмірін өзгеге арнай алатын адамның болуы жүрегімізді жылытқаны рас. Азаматқа ризамыз, мен сол секілді батыл қадамға барар ма едім, белгісіз. Сондықтан мен де миллиондармен бірге қызылордалық қара балаға бас идім. Қандай  құрметке  де  лайық.

Енді  сәби  туралы.

Үш жастағы бөпе екен. Неге терезе ашық тұр? Ол неге салбырап тұр? Оны ата-анасы неге қарау­сыз  қалдырды? Неге «бала қорғау» құрылғысы орна­тылмаған? Ата-ананың моральдық және заңдық  жауап­кершілігі  қайда? Сол күні үйде кім болды неме­се  болмады?

Қысқасы, сұрақ көп және бұл жазба біреудің өмірін талқылау емес, бармақтай баланың басындағы жағдай біраз адамға қатысты екенін айту үшін жазылды. Зерттеушілер осы оқиғаны негізгі объектив қылып, мәселені әр қырынан зерттесе тіпті жақсы. Бірақ біз тек сол күнгі  эмоциямен, құтқару­шыны  құрметтеу  дүрмегі­мен  ғана  шектелеміз.

Енді  шетелдегі  зерттеу  туралы.

Американың Чикаго деген қаласында терезеден құлаған  сәбилер туралы ғылыми мақаланы оқыдым бүгін. Зерттеушілер 1995-2002 жыл аралығындағы болған осындай оқиғаларды талдапты травматология орталығымен бірлесіп. Демографиялық өсім, құлаудың себептері  және  бүлдіршіндердің  қандай  жарақат  алғанын  тәптіштеп  тексеріпті.

Нәтижесі мынадай: осы уақыт аралығында әртүрлі себеппен терезеден құлаған 90 баланың 55-і – ер бала. Балалардың 98 пайызы 3-інші және одан төменгі қабат­тан құлаған (құрылыс сипатына орай біздің елде басқаша болуы мүмкін). Көбінің басы  жарылған.  Үшеуі  қайтыс  болған. Терезеден ауып түскендердің орташа  жасы  2  жас  екен.

Зерттеу нәтижесінде 23 пайызында терезе маңында кереует пен төсек  орналасқан, ата-аналардың айтуынша, 53  пайызында  ата-аналар  бала  құлаған  кезде үйде болған, 13 пайызында балаға бұл үйде тұр­майтын жасөспірімдер қарап отырған, 2 пайызында туыс-туған, бала­ның аға-тәтесі болған үйде. 1 пайызы бақылаусыздықтан құласа, 31 пайызында  үйде кім  болғаны  құжатталмапты.

Зерттеуге  сай, балалар негізінен жазда құлаған және оқиғалар түскі уақыт  пен  18:00  арасында  болған.

Мәселеге бейжай қарай алмаған белсенділер Нью-Йоркте Children Can’t Fly (Балалар ұша алмайды) деген ұйым да ашқан ғой. Олар тере­зеге қағатын темір тор таратып, балаларды қалай қорғау керектігі жөнінде айтып берген. Сол арқылы ереже шығарылып, Чикаго әкімдері пәтер иелеріне терезеге бала қорғайтын құрылғы орнатуға үндеген халықты. Соның арқасында бұндай оқиға 96,3  пайызға  қысқарған.

Бір ғана мысалдан тоқсан түрлі түйін жасауға болады.

Заң жағынан алсақ, ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 70-бабы бойынша ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi. Осындай құқықтық  міндетіміз  бар  екенін  де  ұмытпайық.

Нұрбек ӘМИША,

журналист

P.S. Құдай сақтап, сәби аман қалды. Ал аман қалмағаны қаншама? Оның бәріне Сәбит секілді қанатымызбен су себе аламыз ба? Жоқ. Олай болса, балапандардың неге құлап жатқанын, қалай құлап жатқанына жете мән берсек деп ойлаймын. Бұл басқаға сабақ болар еді, апаттың алдын алар едік…

Ал біздің шенеуніктер сол жігітті құттықтап әлі жүр…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: