Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистика жүгі һәм блогер беделі

24.06.2021, 14:30 677

«Қайрат Нұртас ажырасыпты» деген ақпарат пен «Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қосымша қаржы бөлді» тақырыбында желіде жаңалық жылт ете қалса, қолымыз бірінші тақырыпқа қалай барғанын байқамай қаламыз. Біз осындай жеңіл-желпі, фактіден қарағанда өсекке жақын, дәлелге жұтаң жаңалықтарға құмар болып барамыз. Демек, сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғам жеңіл ақпарат алудың деңгейіне түскен. Енді дәл осы күні екінің бірі –  блогер. Екінің бірі қазір әлеуметтік желіде емін-еркін пікір, көзқарасын білдіре алады. Екінің бірі факт, негізгі ақпарат көзі, ресми дәлелсіз-ақ визуалды ақпараттарды бере алады, жарияға жар сала алады. Бірақ мәліметті сарапқа салу, рас-өтірігін ресми дәлелдер көрсете отырып жариялау құқығы журналистің ғана құзыретіне кіреді. Яки оқиғаны әлеуметке көрген-білген жерде «шикі» жеткізу бар, оны сараптама қазанында қайнатып, бабына келтіре отырып балқытып оқырманға «пісіріп» жеткізу бар. Бұл тұрғыда блогерлердің бәрі деуге келмес ара-тұра бірінші, ал қаламгерлер қоғамға екінші нұсқамен қызмет етеді. Сонымен тілшілермен тең түсіп, қаламгерлермен қатар шабуға ұмтылысты блогерлер БАҚ иелерінің «бағына» таласып жүр ме? Немесе қос саланың өкілдері бір-бірін неге мүйіздеуге құмар?

Жазу майданында «журналист ең алдыңғы шепте, блогер бұлтарыста қалды» деп екі саланың қызметін сынға салып, сайысқа түсіруден аулақпыз. Қазір екі сала да өз деңгейінде ақпарат таратып, әлеуметтің назарын аудартып-ақ жүр. Біздің қоғамда блогерлерге «көп ақшаға көмілу жолында арзан ақпарат тарататын, хайпқұмар» деген стереотип қалыптасқан. Шын мәнінде халықтың ойын дөп басып, мазмұнды мәселелерді ортаға салып жүрген блогерлердің бар екендігін де жоққа шығармаймыз. Instagram, You Tube желілерінде әжептеуір контент қалыптастырып үлгерген қызылордалық AVE ADIKUS лақап атымен танымал блогермен байланысқа шығып көрдік.

БЛОГЕР – ЕРКІН, ЖУРНАЛИСТ – БАСШЫЛЫҚҚА  ТӘУЕЛДІ

AVE  ADIKUS (Әділет),  блогер:

– Журналист пен блогерді бір-бірінен ерекшелейтін нәрсе ол – тәуелсіздік пен еркіндік. Блогер – еркін әрі тәуелсіз. Ал журналистер жұмыс берушіге тәуелді, оларда еркіндік жоқ. Әсіресе қазақстандық журналистер оны сезіне алмайды. Мен ютуб блогер болғандықтан видеоға қатысты жағын айтайын. Мәселен, журналист репортаж түсіру үшін алдымен оператордың, содан соң монтажердың, одан кейін редактордың қызметтеріне жүгінеді. Журналист билікке қатысты «қатты» айтып қойған болса, ол міндетті түрде қиылады. Өйткені телеарна тәуелді. Ал мен ешкімге тәуелді емеспін. Өзім – оператор, өзім – монтажер, өзім –редактор. Видео жүктейтін арна да – өзімдікі. Маған ешкімнің рұқсаты, шешімі қажет емес. Мен толықтай тәуелсізбін, еркін ойымды айта аламын. Мен мұнымен журналистиканы төмендетіп жатқаным жоқ. Әрине кәсіби журналист болу үлкен жауапкершілікті, табандылықты және сауатты болуды талап етеді. Менің ойымша, Қазақстанда журналистерге еркіндік, сөз бостандығын берсе, барлығы басқаша болар еді. Ойын еркін жеткізе алмағандықтан көптеген журналистер жеке канал ашып, өз бағыттары бойынша блогер болып кетіп жатыр.

Оның айтуынша, соңғы кезде өзі қозғап жүрген Арал теңізі мен Сырдария өзендерінің тартылуы мәселесіне тиісті орындар мардымды жауап бермей отыр.

Қызылордалық танымал блогер осындай ойын ортаға салды. Демократиялық зайырлы-құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы жеке көзқарасын білдіруге құқылы. Белгілі журналист, «Болашақ» бғдарламасының түлегі Нұрбек Әмишаның да пікірі осыған саяды. «Елімізде қара қылды қақ жарған журналистердің жолы кесіліп жатқан соң, тілшілер қауымының пәті қайтып қалған» дейді ол.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАРАҒАНДА БЛОГЕРЛЕР БИЛІККЕ ТЕЗ ӘСЕР ЕТЕДІ

Нұрбек ӘМИША, журналист:

– Негізі журналистика мен блогерлікті қатар алып жүруге болады. Екі қызметті бір-біріне қарама-қайшы қоюдың қажеті жоқ. Қазір кәсіби журналистикадан гөрі азаматтық журналистика алдыңғы орында келеді. Блогерлердің жазбасы, көтерген мәселесі билікке тез жетеді, жылдам реакция беріледі. Ал ақпарат құралдарын біреу оқып жатыр ма, жоқ па оны ешкім білмейді. Біздің мемлекетте журналистердің сөз еркіндігіне шектеу бар. Көп газет, телеарналар жабылды. Біршама журналистер темір торға қамалды, көпшілігіне айыппұл салынды. Осының барлығы айналып келгенде журналистердің еркіндігіне тұсау болып отыр. Тұсаудың салдарынан газеттер мемтапсырыс алып жұмыс істейтін болды, ал телеарналардың барлығы бірдей мемлекетке тәуелді. Біздің журналистиканың ақсайтын тұсы – осы.

Шындық қашанда ащы. Журналистиканы билікке «тәуелсіз» деп басыбайлы «арашалап» алып шыға алмайтынымыз рас. Ақиқатты айта білген де жөн. Кәсіби журналистикада баспасөз хатшысы қызметін бөле-жаруға болмайды. Мекемелерден тілші өзіне қажетті ақпаратты тікелей баспасөз хатшысы арқылы ала алады. Халық талап еткен сауалға нақты және дұрыс жауап беруде баспасөз хатшысының рөлі орасан. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы А.Тағыберген өзінің кәсіби қызметіндегі ерекшелікпен бөліскен еді.

БЛОГЕР  БОЛУ – КЕЗ  КЕЛГЕННІҢ  ҚОЛЫ  ЕМЕС

Абай ТАҒЫБЕРГЕН, баспасөз хатшысы:

– Журналист сауалына сауатты жауап беру, әлеуметтік желідегі азаматтардың екіұшты ойларына орнықты жауап жазу баспасөз хатшысына тікелей байланысты. Тіпті қоғамның, журналистердің, белсенді азаматтардың билікке деген позициясын басшыға жеткізу баспасөз хатшысы арқылы реттеледі. Журналист не желі қолданушысы өзінің сауалына толыққанды жауап алса, оның мемлекеттік мекемеге деген көзқарасы түзу болады. Сол үшін де баспасөз хатшысы аса қажет. Журналистік ортадан шыққан адам баспасөз хатшысы қызметін сәтті атқарады. Себебі баспасөз хатшысы саланың жүрек соғысын, ішкі кухнясын анық білу керек.

Оның айтуынша болашақта кәсіби журналистер арзанқол ақпарат беруден арылып, тек сараптамалық, аудиторияға өтімді сапалы ақпараттар беруді әдетке айналдырады.

– Келешекте журналистика сараптамалық бағытқа толықтай ауысады деп ойлаймын. Себебі жедел ақпараттар қоғамға қызық болмай қалады. Журналистер аналитикалық, зерттеуге негізделген ақпараттар арқылы қоғамда орнын қалыптастырады. Жалған, арзаңқол ақпараттар керексіз болған уақытта қоғам аналитикалық материал жазатын журналистерді іздейтін болады. Ал, блогерлікті бір салаға маманданған, өзіндік айтары қалыптасқан адамдар алып жүреді. Билікке батыл ұсыныстарын айта алып, шығар жолды ұсына алатын деңгейге жеткен адамдар блогерлікті дамытады деп ойлаймын.

Журналистика саласына қызығушылық танытатын жас талапкерлердің дені бұрынғыдай емес, жоғары оқу орнына дейін медиасауаттылықты орта деңгейде меңгеріп барады. Жаңа технологияның жылдам дамуы, әлеуметтік желілердің күн санап жетілуі қосымша білім алуға таптырмас құрал болып тұр. Осы орайда жас талапкерлердің аяқ алысы, жалпы журналистикаға көзқарасы туралы білу үшін Л.Н.Гумилев атындағы баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Әшірбековамен пікір алмастық.

БЛОГЕРЛЕРГЕ  ҚАРЖЫ  БӨЛІНЕДІ

Гүлмира  ӘШІРБЕКОВА,  Л.Н.Гумилев атындағы баспасөз және баспа  ісі кафедрасының меңгерушісі:

– Жылдағы дәстүр бойынша талапкерлерге кәсіби бағдар беру жұмыстарында байқағаным, жаңа медиаға қызығушылық басым. Әсіресе цифрлық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану арқылы телевизияның сапасын көтеруді көздейтін талапкерлердің талпынысы ұнады. Медиаөнімнің мазмұны, аудиторияның әсеріне ерекше көңіл бөлетін жастар өсіп келеді. Соған қарап отырып, бүгінгі талапкерлер болашақта отандық журналистиканың деңгейін әлдеқайда жаңа белеске көтереді  деген  үміттемін. Студенттерімнің  көпшілігі  SMM   мамандары  болып  жұмыс  істейді. Ең бастысы, әлеуметтік желі психологиясын жақсы зерттеп, оны пайдалы мақсаттарға жұмсай білетін жастар  көбейген.

Университет қабырғасында жүріп-ақ өзін блогер ретінде танытып жүрген студенттер де бар екен. «Шындығы сол, қазір журналистерден гөрі билік блогердің тілегін тыңдайды» деді ол.

– Қарапайым түсінікте, өзінің қызығушылығы басым тақырыпты үнемі қозғап, сол салада аудиториясына жан-жақты ақпарат беріп отыратын адамдарды блогер дейміз. Блог – күнделік, яғни жұртшылыққа ұсынатын жазба. Онда блогердің жеке көз­қарасы мен  пікірі  барынша  еркін  көрінеді. Сондай-ақ, онда қандай тақырыпта  жазуды  автордың өзі таңдайды. Әлемдік танымал  блогерлерді  тақырыптық  тұрғыдан бөліп  қарастыр­сақ, ең белсенділер – фудблогер, одан кейін  фэшнбло­гер, әрі қарай  трэбел-блогер  және т.б. Отандық  блогосферада  осы  аталғандардың  бір­қатары жақсы  көрініп  келеді. Блог  жүргізу – адамның  жеке қызығушылы­ғы  ғана  емес, қаржы  көзі. Танымал  блогерлер өздерінің  парақшаларында  жарнама  жасау  үшін  қомақ­ты   қаржы  алатыны да жасырын емес. Әлеуметтік желі – ортақ қызығушылығы мен мүдделес адам­дардың арасындағы коммуникация алаңы. Әрине, оның ақпарат құралының бір саласына айналып кеткенін  жасыра  алмаймыз. Оған қоса кейбір жағдайда журналистерге қарағанда блогердің белсенділігі басым түсетіні де шындық. Өйткені билік журналистен гөрі блогердің тілегін тыңдайды. Оларға арнайы қаржы бөлетінін де жұрт жақсы біледі.

ТҮЙІН. Бұрын біздің елде блогер деген атымен болған жоқ. Дамыған елдермен иін тіреспей-ақ қояйық. Бұл біздің елде соңғы он жылдың көлемінде ғана дамыды. Блогерлік дегеннен гөрі азаматтық журналистика десек те қателеспейміз. Желі арқылы жазылған жанайқайлар халыққа тез таралып, қоғамдық резонанс тудырады. Осындай парақша иелері арамызда «блогер» аталып жүр. Біздің қоғам «блогер» сөзінің төркінін әлі де түсінбей жүрген секілді. Қалай десек те кәсіби журналистиканың жүгі ауыр екендігін бәріміз сөзсіз мойындауымыз керек.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: