Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Санадағы тәуелсіздік

01.07.2021, 10:30 383

Тәуелсіздік. Азаттық. Егемендік. Басына құрық салдырмаған, бас білінбеген асаудай, біреуге басыбайлы байланудан ада қандай еркін сөздер еді!? Осыншама уақыт аралығында (30 жыл – авт.) осы сөздердің қадір-қасиетін, мән-мағынасын қаншалықты ұғына алдық? Егемендік бізге есінеп жүргенде келіп пе еді? Азаттықтың ақ таңы ат басындай алтын берсе де айырбастамайтын құндылыққа айналды. Тәубе делік, тәуелсіздік тарихы тасқа таңбаланды, тым тереңге тамыр тартты. Тәуелсіздік – төлқұжатымыз, төл таңбамыз. Тәңірдің қазаққа берген ең үлкен сыйының бірі деп жүрміз. Неліктен олай екенін оқырманға неге түсіндіріп көрмеске?

Балта да өткір, ағаш та қатты. Бұл – тәуел­сіз­дік  тақырыбын қаузағанда қатаң сақтайтын қағида. Өйткені, бодан болу – бүгінгі күні де біраз ұлт пен ұлыстың басында бар мәселе. Өз туы бола тұра, өзгенің байрағын биікке көте­ріп, әнұранына ернін жыбырлатып тұруға мәжбүр. Спорт сайыстарында мұндай мысалдың мыңдаған түрін кездестіреміз. Түрлі-түрлі себептерге байланысты жаһандық жарыстарда өзге елдің намысын қорғауға тура келетін жағдайлар болады. Бірақ, тәуелсіздіктің таңы атқанын тағатсыздана күтіп жүрген, шекарасын шегендемеген халықтар үшін бұл – өте ауыр жайт. Қазақ «өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» демеуші ме  еді? Ал, бұл сөзді өзгелер айтпайды дейсіз бе? Жо-жоқ, меніңше айтқысы-ақ келеді…

Ақын Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын» поэмасында мың өліп, мың тірілген халықты сөз етеді. Бүгінгі тәуелсіздікті, егемендікті жырға қосады. Қазақтың болашағына сенеді. Бұл – бір ғана мысал. Әйтпесе, қазақ ақын-жазушыларының, барлық руханият саласындағы жандардың шығармаларында тәуелсіздік тақырыбы қылаң бергені сөзсіз. Бағалай білмегенге бақ қонбаса, қуана білмегенге де құт қонбайды. Сондықтан, «барды – жоқ, жоқты – бар дейміз» деп жүріп, еңкіш тартқан таулардай аласарып, сағымдай бұлдырап  кетпесек  жарар  еді…

Біз азаттықтың арқасында жан-жағымызға жәутеңдемей, көлденең көк аттының кез келген әміріне шыбындаған атша бас иземейтіндей жағдайға жеттік. «Тәуелсіздік бізге қалай келді?» деген сауал туындағанда және оған жауап бергенде әдебиеттегі әсірелеуді қолданғаны­мызды не қолданбағанымызды білмей қалдық. Иә, дүние­жүзілік картадан найзамен нұсқап «мынау – менің елім!» деп көрсетерліктей қауқарымыз бар. Ат  үстінде күнелткен батыр бабаларымыздың жолын  балғын балаларымыз  жалғауы  тиіс.

Қазақ қазір кімге кіріптар? Экономикадағы сандарды өз ырқымызға көндіруге қабілеттіміз бе? Жаңа технологияны игеруде шетелдіктерге тәуелділік бар ма? Ғылым мен білімді дамытуда өз қабілет-қарымымыз жеткілікті ме? Әдебие­тіміз бен мәдениетіміз аудармаға мұқтаж емес пе? Спортта легионерлердің күші көп көмектесіп жүр ме? Сансыз сұрақтардың бәріне бірдей толық жауап беру мүмкін емес сияқты. Бас­тысы, дені сау, сауатты ұрпақ өсіп келе жатыр. Тәуелсіз­діктің парқын олар бізден гөрі екі есеге ұғынуы қажет. Санасында сілкініс бар, озық ойлы ұрпақтың қазақты барлық саладағы тәуелділіктен  арылтарына  сенеміз.

Тәуелсіздік – бодандық емес, бостандық. Тәуелсіздік тәуелсіз  үй болудан басталады. Отба­сында азаматтық позициясын ашық айтып өскен ұл мен қыз санадағы тәуелділіктен арыла­ды. Азат ой түптің түбінде өз жемісін береді. Жақсы  жетістікке  жол  көрсетеді.

Тәуелсіздік бір күнде төбеден төтеннен түсе салған жоқ. Ол – ата-бабаларымыздың сан ғасыр­лық арманы, мақсат-мұраты. Аманатқа қия­нат жасамай, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, ғұмыр­лы  болуы  үшін  күресейік, тірлік  етейік!

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: