Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Ұзақбай Қарамановтың есімі ұлықталды

30.09.2022, 15:45 413

HALYQLINE.KZ Бүгін қаламызда тәуелсіз елдің тұңғыш Премьер-Министрі, теңізді өлкенің тумасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановқа көше атауы берілді. Игілікті шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламентінің Сенаторы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов, қоғам қайраткері, ардагер Самұрат Имандосов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және Ұ.Қарамановтың әулеті мен қала тұрғындары қатысты.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов алғы сөз алып, Ұ.Қарамановтың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі мен өнегелі жолын барша жұртшылыққа дәріптеу керектігін тілге тиек етті.

– Елі мен жері үшін толағай қызмет атқарған ұлы адамдардың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Бүгін Сыр төрінде есімі алты алашқа танылған, нар тұлғалы азаматтардың бірі – Ұзақбай Қарамановтың есімін ұлықтауға жиналдық. Кеңес Одағы заманында өндірістердің жұмысы тоқтап, әлеуметтік мәселелердің күрделенген кезеңінде жауапты қызмет атқарып, аянбай еңбек етті. Қайраткер тұлғаның есімі елге ғана емес, алыс жақын шет мемлекеттерге де белгілі. Ол құрылыс және сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның Астана мен Алматы секілді алып шаһарлардағы теңдессіз ғимараттардың авторы екендігін барша жұрт жақсы біледі. Сол себепті Сырдың тумасын ұлықтау, оның еңбегін болашақ ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.

Өз кезегінде қоғам қайраткерлері мен ардагерлер сөз сөйлеп, Ұ.Қарамановтың өмір жолын еске алды. Сондай-ақ, Ұзақбай Қараманұлының жұбайы Ұлдай Рахметоллаева жарының ерекше қасиеттерін жиналған жұртшылыққа айтып, өз алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Ұ.Қарамановтың 85 жылдығына орай конференция өткізіліп, арнайы ас берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: